Байқоңыр қаласында ТМД елдерінің қатысуымен VІІІ «Халықтар достығы» халықаралық фестивалі өтті. Бұл сайыс түрлі халықтардың мәдениеті және дәстүрлерімен танысу, ұлтаралық байланысты нығайту мақсатында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Фестивальдің ашылуында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға мерекелік тілектерін жеткізді.
Қайрат Нұртай өз сөзінде ұлттық мәдениет фестивалі Байқоңыр мен Қызылорда облысында тұратын түрлі этнос өкілдері үшін үлкен достық мерекесіне айналғанын тілге тиек етті.
Фестиваль қаладағы мекемелер мен кәсіпорындар ұжымдарының, сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінен құрылған топтық шеруімен ашылды. Фестиваль аясында «Достық» шеруі, «Халықтан – бір рецепт!» ұлттық тағамдар байқауы, «Ұлттық киімнің поэзиясы» киімдер байқауы, «Кілемдегі кестелі өрнек» сәндік-қолданбалы шығармашылық байқау-көрмесі, «Әлем өрнектері» бейнелеу өнері байқауы, «Халық ойындары» спорттық жарыстары, «Біз әртүрліміз, бірақ біргеміз» би байқауы ұйымдастырылды.
Этносаралық татулық пен мәдениетті насихаттауға бағытталған шараға Қызылорда облысының атынан Достық үйі – «Қоғамдық келісім» КММ достық командасы, Жалағаш ауданының «Ұлағатты аналар» кеңесі ұжымы қатысып, І орынды жеңіп алды. Жалағаштық аналар фестиваль барысында ұлттық дәстүрді, тұрмыстық мәдениетті және қолөнер бұйымдарын таныстырып, еңбектері жоғары бағаланды. Ұлттық киімдегі ақжаулықты аналарымыз фестиваль барысында кілем мен төсеніш тігумен айналысып, ұршық иіріп, жүн түтіп, ши тоқыды.
Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары, Президенттің арнайы өкілі Қайрат Ырзақұлұлы қараша айында Байқоңырдан ұшырылатын зымыран ұшыру рәсіміне «Ұлағатты аналарды» шақырды.
Айта кетейік, аудандық «Ұлағатты аналар» кеңесі 2019 жылы құрылып, сол уақыттан бері ұрпақтар сабақтастығын сақтауға, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды нығайтуға өз үлесін қосып келеді. Олар былтыр Түркістан қаласында «USHAR KZ» Қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен ІІ республикалық «Шуақты шақ – 2024» ән байқауында бас жүлдені иеленген болатын.
Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі алдыңғы буын асыл аналарымызды қоғамдық шараларға белсене қатыстырып, отбасылық дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатындағы ән байқауда жалағаштық аналар хор, трио, дуэт және жеке орындау кезеңдерінде үздіктер қатарынан көрінді.
Талантымен таңдай қақтырып, үнінің сыңғыры бұзылмаған аналар халық әндерінің тарихына қанық болып, әркез жатқа айтып жүреді. Қазіргі уақытта «Ұлағатты аналар» кеңесінің төрайымы Айқын Жақсылықова екен, ансамбльдің құрамында 25 әже өнер көрсетеді. Олардың әрқайсысы – ауылдың дамуына өз үлесін қосып жүрген, әр саланың үздігі. Олар өнер ұжымында тек қана ән айтып қоймай, ұлттық салт-дәстүріміздің жандануына жұмыс жасайды.
Олар кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған шараларда білген-түйгендерін үйретіп, қоғамдық шараларға да белсенділік танытады. Өнердің берекесін арттырып жүрген аналардан құралған ансамбль мүшелерінің ең жасы енді қырыққа қадам басса, ең үлкені алпыстың ауылына ат басын бұрған.
– Ұжымдағы аналардың бәрі өнерлі. Аталған байқауға өздерінің қолынан шыққан қолөнерлерін апарып, көпшіліктің көңілінен шықты. Аналарымыздың көбісі – батыр ана. Бос уақытында киіз басып, тоқыма тоқумен, құрақ көрпешелер тігумен айналысады. Мұнан бөлек мәдени шараларға да тұрақты қатысып, өзінен кейінгі жас буындарға келін-немерелеріне ұлттық қолөнерді үйретіп келеді. Аналарымыздың бастамасымен көптеген тағылымды шара өтуде. Соның бірі – Аққұм ауылында өткен «Шолпысы әсем жарасып белге» атты көшеаралық байқау. Мұнан бөлек жастармен өтетін дөңгелек үстелдер де аналарымызды қатысуымен жүргізіледі, – дейді «Қоғамдық келісім» КММ аудан бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшысы Әсел Балмырзаева.
Иә, тәлім мен тәрбиенің тұнығы болған аналар қашанда құрметке лайық. Қай кезде де мәдени шараның сәнін келтіріп жүретін «Ұлағатты аналар» кеңесінің өнері өміршең, еңбегі ерен.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!