Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Сейсенбі, 05 қараша, 12:41

Газдандыру жұмыстары пысықталды

20.07.2024

252

0

Жылу маусымына дайындық мәселесі Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Электр стансаларындағы жұмыс барысы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев баяндады.

Биыл электр станцаларында 10 энер­­гия блогын, 55 қазандықты және 45 құбырды күрделі жөндеу жос­пар­ланған. Бүгінгі таңда 1 энергия блогын, 6 қазандықты және 9 құбырды жаңғырту жұмыстары аяқ­тал­ды. Қазіргі уақытта басқа ны­сан­­­дар­дағы жұмыстар түрлі деңгей­­де жүргізілуде. Сондай-ақ жы­лу маусымына дайын­дық аясында 20,8 мың шақырымға жуық электр же­­лісін, 423 жоғары вольтты қо­салқы стан­са­ларды жөндеу жоспарлануда. Жылу же­лілерін реконструкциялау 541 шақырым ком­муникация желісін қам­тиды, бүгінгі таңда дайындық деңгейі 23 пайызды құрайды.
Премьер-Министр отырысқа қаты­су­шылардың назарын жылумен жаб­дықтау объектілерін дайындаудағы сын-тегеуріндерге аударды. Мысалы, «Екібастұз» Жылу орталығында жөн­деу жұмыстарын бастау мерзімі мамыр айы­нан маусымның соңына ауыс­­ты­рылған. Теміртауда 2-ші жылу ор­­та­­лығындағы қазандықты жөндеу жұ­­мыс­тары әлі басталмай тұр, 2 ай кес­­теден артта қалып келеді. Тараз, Жез­қазған және басқа өңірлердегі жылу көздерін жаң­ғырту бойынша да мерзімі кешіктірілген.
Әсіресе Ақмола, Ақтөбе, Атырау және Маңғыстау облыстарында жылу желілерін жаңғырту жұмыстарының төмен қарқыны байқалады. Бұған қоса «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының мүмкіндігін жет­кі­ліксіз пайдалану мәселесіне назар аударылды.
Елімізде инженерлік ком­му­ни­ка­ция­ларды жөндеу жұмыс­тары респуб­ликалық бюджеттен ғана жүргізіліп отыр. Олжас Бек­тенов бірінші вице-премьер Роман Склярға жергілікті жерлерде жылу беру кезеңіне дайын­дық барысын ба­қы­лауды тапсырды. Сондай-ақ жер­гілікті жерлерде шұ­ғыл шешім мен барынша қатаң шаралар қа­был­дау қажеттігін қаперге салды. Ал жөндеу жұмыстарының са­пасы ерекше назарда болуы керек.
Энергетика, Өнеркәсіп және құры­лыс министрліктеріне өңір әкім­дік­те­рімен бірге жылу көздері мен же­лі­леріне жөндеу жұмыстарының уақы­тылы әрі сапалы жүргізілуіне бақы­лауды кү­шей­ту, барлық жылу-электр орта­лық­тары мен қазандықтарды қыркүйек­ке дейін отынмен қамтамасыз ету тап­сырылды.
Үкімет отырысында Энергетика ми­­нистрі Алмасадам Сәтқалиев қа­зіргі жағдай мен биылға арналған бол­жамды жоспар туралы баяндады.
Былтыр тауарлық газды өндіру кө­лемі 29,8 млрд текше метрді құраған. Осы жылғы жоспарда 29,8 млрд текше метр, оның ішінде бірінші жарты­жыл­дықта 14,9 млрд текше метр өндірілген, бұл осы жылғы жоспардың 50 пайызын құрайды.
Тауарлық газдың жалпы көлемінен өткен жылы ішкі нарық қажеттіліктеріне 19,4 млрд текше метр жеткізілген. Осы жылғы тұтынудың болжамды көлемі шамамен 20,9 млрд текше метрді құрайды. Былтыр 1,6 млн тонна сұйы­тыл­ған мұнай газы өн­дірілген. Биыл да жоспар сол мөлшерде сақталып отыр және 2024 жылы І жартыжылдық қо­ры­­тындысы бо­йынша 0,8 млн тонна өндірілген, бұл жылдық жоспардың 53,3 пайызын құрайды.
Министрдің айтуынша, тауарлық газдың ресурстық базасын 2023 жыл­дан 2030 жылға дейін ұлғайту серпіні анықталған. Газдың болжамды тең­герімі бойынша тауарлық газды өндіру кө­лемі тұрақты өсіп келеді. Өткен жылғы 22,5 млрд текше метрден бас­тап 2030 жылға қарай 36,6 млрд текше метрге дейін, яғни 1,6 есе өседі деп күтілуде.
Жаңа газ кен орындарын барлауға және игеруге инвестициялар тарту шеңберінде «QazaqGaz» бен «Chevron» арасында Ақтөбе облысындағы «Жә­лібек» учаскесінде геологиялық барлау жұмыстарын бірлесіп жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылған.
– 2026-2030 жылдарға дейін кезең-кезеңімен 4 газ өңдеу зауытын іске қосу басталады. Атап айтсақ, «Қашаған» кен орнының шикізаты негізінде қуаты жылына 1 млрд және 2,5 млрд м3, «Қа­рашығанақ» кен орнының шикізаты не­гізінде қуаты жылына 4 млрд м3, сондай-ақ Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн м3 газ өңдеу зауытын салу көзделген, – деді Энергетика министрі.
Оның айтуынша, Қаша­ған кен ор­ны­ның шикізаты негізінде газ өңдеу зауыттарын салу үшін қатарлық ин­вестор «UCC Holding» тартылған. Қа­зіргі уақытта «QazaqGaz» ҰК» АҚ мен «UCC Holding» компаниясы осы жоба­ларды іске асырудың соңғы шарт­та­рын келісіп жатыр.
Бұған қоса ведомствоның басым міндеттерінің бірі – елді газдандыру және газ тасы­малдау жүйесін дамыту. 2030 жылдың қорытындысы бойын­ша халықтың 60 пайызы не­месе ша­ма­мен 12 млн адам газға қол жет­кізді. Биыл газдандыруды жалғастыру мақсатында республикалық бюд­жеттен 89,3 млрд теңге бөлінді. Сон­дай-ақ Үкіметтің іс-қимыл жоспары аясында қосымша 105,4 млрд теңге қа­ралған, бұл 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуге және 1 700 шақырымнан астам газ желілерін жаңғыртуға мүм­кіндік береді.
Елде тұтынушыларды газбен үз­діксіз қам­тамасыз ету үшін ірі стра­те­гия­лық инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішін­де «Бейнеу-Бозой-Шым­кент» ма­гис­тральдық газ құбы­ры­ның екін­ші желісін, «Ақтөбе-Қостанай» ма­­гис­тральдық газ құбы­рын, «Тал­ды­қорған-Үшарал» магис­тральдық газ құбырын салу жобалары бар. Сонымен қатар елі­міздің газ транзиттік әлеуетін то­лық­қанды пайдалану бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Өткен жылдың қазан айында Ресей газын Өзбекстан рес­публикасына транзиттеу іске қо­сылды. Былтыр 1,28 млрд м3 та­сымалданған. Биыл оны 3,8 млрд текше метрге дейін ұлғайту жоспарда бар.
Сондай-ақ түркімен және өзбек га­зын Қытай Халық Республикасына тран­­зиттеу тұрақты өсім көрсетуде.Ре­сейлік газдың Қыр­ғызстанға тран­зитін арттыру мәселесі де қаралып жатыр.
Бағаға қатысты айтар болсақ, ми­нистр бүгінгі таңда тауар­лық газдың бекітілген көтерме сауда бағасы мың текше метр үшін 23 646 теңге болған кез­де, тауарлық газдың ор­таша өзіндік құны 33 169 теңгені құрайтынын жеткізді.
– Газ саласына инвестициялар тар­ту және тауарлық газдың өзіндік құ­­нына қол жеткізу мақсатында халық үшін бағаның күрт өсуіне жол бермеу есе­бімен газ бағасын кезең-кезеңімен көтеру талап етіледі, – деді министр.
Жалпы үш жыл ішінде ішкі нарықта газды сатудың шығынсыз болуына қол жеткізу жоспарлануда, бұл елдің газға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін жабуға және еліміз үшін маңызды ин­вестициялық жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.
Алмасадам Сәтқалиев тоқсан сайын өңірлер бойынша шамамен 360 мың тонна сұйытылған газ бөлінетінін айт­ты. Алайда тоқсандық өндіру мен бөлу көлемі басынан өңірлердің қажет­ті­ліктерінен 130 мың тоннаға немесе 26 пайызға аз.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мә­лі­меті бойынша былтыр газбен жү­ретін көліктердің саны 582 мыңға жет­кен. Бұл көрсеткішті 2022 жылмен са­лыс­­­тырғанда 18 пайызға көбейген. Сұйы­тылған газға төмен баға бел­гі­леуге байланысты еліміздің ав­то­көлік жүр­гізушілерінің көгілдір отынға ауы­суы байқалады. Ал министр бұл өз кезегінде тұ­­тынудың артуына себеп болғанын жасырмайды.
Үкімет басшысы газ өндіру мен өң­деу көлемінің ұлғаюына қарамастан елімізде көгілдір отын­ның тапшылығы орын алып отыр­ғанын айтты. «Қа­шаған» мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы кешіктіріліп жатқанын да сынға алды. Оның үстіне жаңа кен орындарын дамыту және геоло­гиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүруде. Сондықтан Энер­гетика министрлігі мен «QazaqGaz» компаниясына газ өң­­деу зауыт­тарын салу және жаңа газ кен орын­дарын игеру бойынша нақ­ты жол карталарын әзірлеу тап­сырылып, жауапты мемлекеттік орган­дар мен ұйым­дарға газ саласын дамы­ту­дың 2026 жылға дейінгі ке­шенді жос­па­рының іс-шараларын са­палы және уақты­лы іске асыруды жалғас­тыру қа­жеттігі ескертілді.
– Энергетика министрлігінің 26 маусымдағы №233 бұйрығына сәйкес, 1 шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы өсті. Нақтырақ айтқанда, біздің өңірде шекті бөлшек сауда бағасы 1 литр үшін 70 теңгені құраса, ал облыс орталығынан 200 шақырымнан астам қашықта орналасқан шалғай аудандарда 1 литрі 75 теңгені құрайды. Тұтынушыларға арналған баға 9 пайыз­ға өссе, газ желісі ұйымдары үшін газ өңдеу зауытынан сатып алынатын баға 12 пайызға қымбаттады. Қазір облыс аумағындағы 210 автогаз құю бекеті арқылы сұйытылған май газын сату бойынша 25 оператор жұмыс жасайды. Шілде айында аймаққа 6 756 тонна газ бөлінді.
Жиында сұйытылған газдың басқа облыстарға кетпеуін қадағалау, газ құю станцияларының тиісті заңнама та­­лаптарын сақтауына мониторинг жүр­­гізу қажеттігі ескертілді. Мұнан бө­лек елді мекендерді газдандыру жайы қаралды. Өткен жылдың қоры­тындысына қарасақ, тұрғындарды та­­­­­биғи газбен қамту үлесі 75 пайыз бол­ды, 12 елді мекен табиғи газға қо­сылды. Осылайша газдандырылған ауыл­дар саны 35-ке жетті. Биыл рес­публикалық бюджеттен 20 жобаға 5,9 млрд теңге берілді. «Сам­рұқ-Қазына» акционерлік қоғамы 16 газдандыру жобасын қар­жы­лан­ды­руға 24 млрд теңге бөлді. Жыл соңына дейін 11 ауылдық елді мекен та­­биғи газға қосылып, көгілдір отын­мен қамту деңгейін 78 пайызға, газ­дандырылған елді мекен санын 46-ға жеткізу жоспарлануда. Об­лыстық энер­гетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық басқар­ма­сына газ­­­­дан­дыру жобаларын ба­қылауға алып, жұ­мыстың мерзімінде және са­­­палы жүр­гізілуін қамтамасыз ету тапсы­рылды.

Баға бақылауда

Аудан әкімі Ардақ Ибраи­мов ау­дан аумағындағы автогаз құю стан­цияларында автокөлікке жа­нар­май құю үшін сұйытылған мұнай газын бөл­шек саудада өткізудің шекті бағалары мен мөлшері бойынша мони­торинг жұ­мыстарын тұрақты жүргізуде.Аудан бойынша сұйытылған мұнай газы бойынша 5 оператор, 6 газ құю бекеті жұмыс жасайды. Сыйымдылығы – 55,5 тонна. Қазіргі таңда 26,2 тонна газ бар. Газдың орташа бөлшек сауда бағасы – 64 теңге. Ал ауданда жанар-жағармай өткізумен айналысатын 3 оператор, 4 жанар-жағармай құю бекеті орналасқан. Зерделеу жұмыстарына жауапты сала басшыларына ал­дағы қажетті қорды сақтау мақ­са­тында нақты тапсырмалар берілді.

Қос ауылға
көгілдір отын кіреді

Иә, биыл жылу маусымына дейін кентке қа­расты Ақсу және Мөрәлі Шәменов ауы­лының тұрғындары кө­гіл­­дір отын тұтынады. Қос елді ме­кенді газдандыру жұ­мыс­тарына 2023 жылға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен облыстық бюд­жеттен 40 млн теңге қаржы қа­ралып, бөлінген қаржы шегінде жұ­мыс­тар жүргізілді. Ал биыл құрылыс мон­таждау жұмыстарын жалғастыру үшін Ұлттық қордан 100 млн теңге, об­лыстық бюджеттен 397,4 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс мон­таждау жұмыстарының 95 пайызы орын­далып, 387,7 млн теңге игерілді. Шілде-тамыз ай­ла­рында қалған 109,7 млн теңге иге­ріледі.
Қазіргі таңда демеушілік есебінен Бұқарбай батыр, Қаракеткен және Дал­дабай елді мекендерін газдан­ды­руға жоба сметалық құжаттар әзірленуде.Мұнан бөлек кентте орналасқан мем­­лекеттік мекемелерді газдандыру мәселесі түбегейлі шешілуде. Биыл ау­дандық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлімінің және Жалағаш кенті әкімі аппараты ғима­ратының жылу жүйесін табиғи газға қосу, №246 орта мектеп ғимараты мен №123 мектеп-лицейі ғимаратының бу қазандығын газбен жылытуға ауыс­тыра отырып реконструкциялау жұ­мыс­тары жасалмақ.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: