Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сенбі, 27 шiлде, 07:18

Игілікті іске бастамашы болды

11.04.2023

666

0

Сенбілік жұмыстары тек денсаулықтың кепілі ғана емес, экологиялық апаттардың алдын алатын маңызды шаралардың бірі. Сондықтан адамзат баласының қалыпты тіршілігі үшін жеке басының тазалығынан бастап, өзі өмір сүріп отырған айналасының, қоршаған ортасының тазалығы аса маңызды. Санитарлық-тазалық жұмыстары кент іші мен ауылдық окургтерде жыл он екі ай жүрсе де артық емес. Біз бұл тұрғыда көшелерді тазалауды және қаланы, кентті, ауылды көркейтіп, көгалдандыру жұмыстары тек арнайы мекемелер мен көше тазалықшыларының мойындарына артылған деген түсініктен арылуға тиіспіз. Әрбір тұрғын тазалыққа жауапты. Тіпті бұл жауапкершілік есі кірген баладан бастап, еңкейген қарияға дейін сұралуы тиіс. Басқа, басқа, дәл осы қоршаған ортаның тазалығына келгенде талапты күшейтіп, тәртіпті қатайту керек.

Жапондардың ұғымына сіңіп, өмір салтына айналып кеткен екі ұстанымы бар көрінеді. Оның бірі – айналаны ластамау, екіншісі – бір-бірінің уақытын ұрламау. Ол елде осы екі ұстанымнан ауытқыған кез келген адам қылмыскер саналады екен. Мүмкін, күншығыс елінің дамуына осындай ұлттық ерекшеліктерінің әсері бар шығар. Біздің де осындай ұстаныммен өмір сүретін кез келді және ол аса қиындық туғызбайды. Өз аулаңды таза ұста, бау-бақша ек, көшеңді де таза ұста, саялы ағаш өсіріп, күтіп-баптап жайқалтып қой және көршілеріңнен де соны қатаң түрде талап ет. Болды! Ешқандай қиындығы жоқ. Есесіне, өзің таза ауамен еркін тыныстап, жақсы да, жайлы өмір сүресің, ұрпағыңа да жайлы өмір жасайсың.
Тазалық әр адамның өзінен басталады. Ауласын таза ұстаған адам – ауылының тазалығына үлес қосады, ауылын көр­кейткен адам, қаланың гүлденуіне үлес қосады, қаланы абаттандырып, гүлзарға айналдырған адам елінің жасыл желекке айналуына үлес қосады. Қысқасы, қоршаған ортаның тепе-теңдігін сақтау, табиғатты қорғау, экологиялық апаттардың алдын алу тікелей адамзаттың өзіне байланысты. Айналаны күл-қоқыспен ластап, құрлықты да, суды да зиянды қалдықтармен бүлдіріп, экологиялық апаттардың туындауына себепші болып отырған адамзаттың өзі. Бірақ біз оны әуелі Алладан, содан соң бір-бірімізден көріп, жауапкершіліктен сытылып кеткіміз келеді…
Қазірде көктем мезгілі. Ағаштар көк­теп, жер көгерді. Жақын арада көше бойындағы арықтарға су келеді. Оған дейін арықтардың іші күл-қоқыстан арылып, аяқ су арнасы кеңейіп қазылуы керек. Олай болмаған жағдайда жолы жабылып, тоғанға тіреліп толған су арықтың ернеуінен тасып, көшеге жайылып, ысырап болады және көліктер мен жаяу жүргіншілерге кедергі келтіреді. Сондықтан кенттің әрбір тұрғыны үйінің маңайындағы су жүретін арықтарды тазалап, қазып қойғандары жөн. Сосын тағы бір айта кететін жайт, үйлеріне күрделі жөндеу жүргізген немесе жаңадан үй салып жатқан кейбір тұрғындар құм, тас секілді құрылыс заттарын көше бойындағы тротуардың үстіне түсіріп, жаяу жүргіншілердің жолына бөгет болып, әрлі-берлі өтуіне кедергі келтіреді. Бұл санитарлық-тазалық сөз болғанда ең алдымен ескеретін мәселе. Өйткені тро­туар жабылса, жүргіншілердің амалсыз көше­мен жүруіне тура келеді де, көлік қозғалысында қауіп-қатер туындайды.


Кеше кент ішінде кезекті сенбілік жұ­мыс­тары жүргізілді. Әдеттегідей бар­лық мекеме қызметкерлері белсенді түрде қатысты. Айта кету керек, соңғы уақытта ерікті түрде сенбілікке қатысатын тұрғын­дарды да көзіміз шалып қалып жүр. Сонымен бірге тротуар бойымен әрлі-берлі өтіп жатқандардың арасынан көшеде жатқан қоқыстарды теріп алып кететіндерді көргенде ішіміз жылып қалады. Әрине бұл қуанарлық жайт. Тазалыққа деген дағды осылай қалыптасады.
Сонымен өткен сенбілікке барлығы 72 мекемеден 925 адам қатысып, 4 тасымалдауышы техника жұмылдырылды. Кент орталығы мен Дәуімбай елді мекеніндегі Абай, Бұқарбай батыр, Желтоқсан, М.Шә­менов, Н.Мырзалиев, Өмірбай ше­шен, Жеңістің 50 жылдығы, Қазыбек би, Әйтеке би, Т.Жүргенов, Нысанбай жырау, А.Ізтілеуова, Сәрке батыр, Т.Қыстаубаев, Н.Алма­ғамбетов секілді 14 көше мен «Тағзым» және «И.Қабылов атындағы» саябақтың іші тазартылды. Жеті жарым шақырым көмілген арықтар аршылып, 300 түп түрлі ағаштың көшеті отырғызылды. Сенбілікке қатысқандардың еңбегінің нәти­жесінде 120м3 (30 тонна) күл-қоқыс арнайы орындарға шығарылды.
Кент әкімі Мардан Жамалатовтың ай­туынша, сәуірдің жиырмасына таяу кент ішіне аяқ су жіберіледі. Ал аяқ су шық­пай­тын биік жерлерге арнайы қы­сым­ды құрылғылармен су көтеру жоспарланып отыр екен. Яғни үш жаңа насос іске қо­сылады. Сондықтан тұрғындар осы бас­тан ауласындағы бау-бақшасының орнын даярлап, үйінің айналасына жеміс ағаш­тарының және жасыл желекке айна­латын саялы ағаштың көшеттерін егіп қойса, бірер жылда ыстықтан көлеңкелеп, жемісін жейтіні анық.
Арнайы тоқталғанды жөн көрдік, өткен сенбілікте Дәуімбай елді мекеніндегі Ақпан батыр көшесінде де (бұрынғы Ы.Алтын­сарин тұйығы) ерекше санитарлық-таза­лық және көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүрді. Нақтырақ айтсақ, Ақпан батыр Жұмыр­ұлының еліміздің әр өңірінде тұра­тын ұрпақтары жиналып, аталған көшенің бойын тазалады, ұзақ жылдан бері аяқ су келмей, көміліп қалған арықтарын қазды және көшенің екі қапталына көшет отыр­ғызып, шарбақпен қоршады. Шын мәнінде бұны тек кезекті сенбілік қана емес, тағылымды шара деуге болады.
– Тазалық, көркейту-көгалдандыру жұ­мыс­тары баршамызға ортақ. Әр сенбілікке тұрғындар ерікті түрде қатысып, білек сыбанып жұмыс істеуі керек. Өйткені бұл жалпыхалықтық іс. Ал мұндай игілікті іс жұмыла кіріскенде ғана нәтижелі болады. Өткен сенбіде Ақпан батыр Жұмырұлы атындағы көшені күл-қоқыстан тазартып, арығын қазып, көгалдандыру жұмысын бастадық. Оған батырдың қалада, далада тұратын барлық ұрпақтары мүмкіндігінше қатысып, атсалысты. Бұл бір күндік жұмыс қана емес, алдағы уақытта бұл үрдіске айналады. Тағы бір айта кететін жайт, бұл жерден рушылдық сипат іздеудің де қажеті жоқ, қазақ халқының азаттығы, келешегі үшін күрескен батыр бабаларымыздың бар­лығы да біз үшін бірдей, олардың ерлігі ұрпағымызға үлгі. Біз тек игілікті іске бастамашы ғанамыз. Келешекте бұл таза­лық шарасы жалпыхалықтық сипат алады. Біздің мақсатымыз жастарды еңбекке баулып, тәрбиелеу әрі өзіміз өмір сүріп отырған ортамызды таза ұстау, көркейту, – дейді ардагер Өтеген Нұғыманұлы.

Қуат АХЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: