Мөрәлі Шәменов ауылына былтыр барғанымызда кіреберіс жолдың мәселесін ауыл әкімі Ғалымжан Есжановтың назарына салғанбыз. Аузын бақсақ, бұл жолдың жайы Ғалекеңнің де жанына батып жүр екен. Арнайы жоба дайындап, қаржылай қолдауға ұсынып қойғанын айтқан. Мақұлданса, ауылда жол мәселесі толық шешілгелі тұр.
Бұлай деуімізге негіз жоқ емес, Ауылда бас-аяғы 12 көше бар. оның 10-ына асфальт төселген. Қалған екі көшеде жай тас жатыр. Ауылдағылардың бар тілегі осы «кіреберіс жол жақсарса» дейді. Кешегі сапарымызда қарқынды құрылыс жүріп жатыр екен. Шаңды бұрқыратып, техникалар ескі трубаларды қазып алып тастаған. Жолдың бергі бетіне жаңасын түсіріп үлгеріпті. Ішімізден жақсылыққа жорып, «жоба қолдау тапқан екен» деп түйдік.
Жаңылмаппыз, ауыл әкімінен ардагерлерге дейін құрылыстың басында жүр, бәрі де балаша мәз. Енді қайтсін, ішкі көшелерің тақтайдай тегіс болғаннан не пайда, ауыздағы 4 шақырымдай жолың жайсыз болса, міне, енді оның да мәселесі шешілгелі тұр.
Ауылға алып баратын жолды бас мердігер «ӘлемТрансЖол» ЖШС жүргізуде. Облыстық филиал директоры Сәрсенбек Махаев қазір құрылыс басында 10 адам жұмыс жасап жатқанын айтады. Серіктестік ұжымы алдымен ауылға дейін жолды кесетін 4 каналға трубалар орнатады. Содан кейін қиыршық тас төселеді, бетіне шебін сепкеннен кейін асфальт төсейді. Демек алдағы 1-2 айда бұл жол да халықтың игілігіне берілмек.
– Қазір 2-2, 2-2,5 шаршы метр ескі трубалар қазылды, орны тазартылып, жаңасын орнату жұмыстары жүруде. Енді ауылға дейін 1-1,5 шаршы метр болатын тағы 2 трубаның орны тазартылып, жаңасы салынады. Содан кейін жол құрылысына кірісеміз. Бұйыртса, көп ұзамай жолаушылар, жергілікті халық тақтайдай тегіс сапалы жолмен қатынайтын болады. Құрылыс жұмыстарын уақытында және сапалы аяқтаймыз. Оған біздің техникаларымыз жарақты, жұмысшыларымыз да тәжірибелі, – дейді серіктстіктіктің облыстық филиал директоры Сәрсенбек Махаев.
Сәкеңнен сұхбат алып болғанымыз сол еді, ауыл әкімі Ғалекең тағы бір жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Сөзіне сүйенсек, әлгі тас төселген 2 ішкі көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қатысты жоба әзір тұр екен. Жалпы құны 60 млн теңгеден асатын бұл жоба да қолдау тапса, әлгі екі көше орташа жөндеуден өтеді. Мұнан кейін Мөрәлі Шәменовтің жол мәселесі 100 пайыз шешімін тапқалы тұр.
Айтпақшы, алдағы жылу маусымынан бастап бұл ауылдың халқы көгілдір отын тұтынады. Елді мекен жұрты үшін басты жаңалық осы болғалы тұр. Біз барғанда мердігер мекеме трубаларды көму жұмыстарын аяқтап қалыпты. Енді оларды желдетіп, ішін тазартады. Мұнан кейін үйлерге газ тарту жұмыстары жүреді.
Мердігер мекеменің операторы Самат Баймаханов қазір трубаларды орналастыру бойынша 3-4 күндік жұмыс қалғанын айтады. Сапасын тексертіп алғаннан кейін үйлерге газ тартылады. Негізінен бұл ауылда 197 отбасы бар екен.
– Өзіміз ақпанның аяғында келдік, 27 ақпанда техника түсірдік. Трубаларды орналастыруға ең таязы 1,2 метр және 1,40 метр тереңдікте қазып жатырмыз. Қазір оларды да орналастырып болып қалдық. Енді бас-аяғы 3-4 күндей жұмыс қалды. Қазір облыстан қажетті басқа да құрал-саймандар, қажетті материалдар келе жатыр. Барлығын болғасын желдетіп, тапсырыс беруші мекемеге сапасын көрсетеміз. Мұнан кейін үйлерге газ тарту жұмыстарына кірісеміз. Қазір құрылыс басында 20-ға жуық адам жұмыс жасап жатыр. Алдағы 1 айда толық газ құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді оператор Самат Баймаханов.
Сәкеңнің бұл салада 16 жылдық тәжірибесі бар. Бұл жобаны сапалы аяқтауға жауапкершілікпен қарағанын айтады. Себебі газ өте қауіпті болғандықтан оны тұрғындардың тұтынуында ешқандай мәселе болмауы керек деп есептейді.
Жолы жөндеуден өткен, бір жағынан көгілдір отын кіріп жатыр. Бұл ауылдың болашағы қандай екенін осыдан-ақ бағамдаса болатындай. Ауыл әкімінің елге деп еңбек етіп жатқаны жерлестерінің көз алдында. Орталықтан ауылға қатысты бір жобасы қолдау тапса, елді мекенге балаша қуанып келеді екен. Бірлігі бекем, тірлігі түзу ауылдың соңғы жылдары біршама мәселесі шешіліп қалғандай.
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!