Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 04 мамыр, 08:09

Көгілдір отын тұтынатын күн жақын

23.04.2024

318

0

Мөрәлі Шәменов ауылына былтыр барғанымызда кіреберіс жолдың мәселесін ауыл әкімі Ғалымжан Есжановтың назарына салғанбыз. Аузын бақсақ, бұл жолдың жайы Ғалекеңнің де жанына батып жүр екен. Арнайы жоба дайындап, қаржылай қолдауға ұсынып қойғанын айтқан. Мақұлданса, ауылда жол мәселесі толық шешілгелі тұр.

Бұлай деуімізге негіз жоқ емес, Ауылда бас-аяғы 12 көше бар. оның 10-ына асфальт төселген. Қалған екі көшеде жай тас жатыр. Ауылдағылардың бар тілегі осы «кіреберіс жол жақсарса» дейді. Кешегі сапарымызда қарқынды құ­ры­лыс жүріп жатыр екен. Шаңды бұрқыратып, техникалар ескі труба­ларды қазып алып тастаған. Жолдың бергі бетіне жаңасын түсіріп үлгеріпті. Ішімізден жақсылыққа жорып, «жоба қолдау тапқан екен» деп түйдік.
Жаңылмаппыз, ауыл әкімінен ар­да­герлерге дейін құрылыстың ба­сында жүр, бәрі де балаша мәз. Енді қайтсін, ішкі көшелерің тақ­тайдай тегіс болғаннан не пайда, ауыз­дағы 4 шақырымдай жолың жайсыз болса, міне, енді оның да мәсе­лесі ше­шілгелі тұр.

Ауылға алып баратын жолды бас мердігер «ӘлемТрансЖол» ЖШС жүр­гізуде. Облыстық филиал ди­рек­торы Сәрсенбек Махаев қазір құрылыс басында 10 адам жұмыс жасап жатқанын айтады. Серіктестік ұжымы алдымен ауылға дейін жолды кесетін 4 каналға трубалар орнатады. Содан кейін қиыршық тас төселеді, бетіне шебін сепкеннен кейін асфальт төсейді. Демек алдағы 1-2 айда бұл жол да халықтың игілігіне берілмек.
– Қазір 2-2, 2-2,5 шаршы метр ескі трубалар қазылды, орны та­зар­­­тылып, жаңасын орнату жұ­мыс­тары жүруде. Енді ауылға дейін 1-1,5 шаршы метр болатын тағы 2 трубаның орны тазартылып, жаңасы салынады. Содан кейін жол құ­ры­лы­сына кірісеміз. Бұйыртса, көп ұзамай жолаушылар, жергілікті халық тақ­тайдай тегіс сапалы жолмен қа­ты­­найтын болады. Құ­ры­лыс жұмыстарын уақытында және са­палы аяқтаймыз. Оған біздің тех­­­никаларымыз жарақты, жұмыс­шыларымыз да тәжірибелі, – дейді серіктстіктіктің облыстық филиал директоры Сәрсенбек Махаев.
Сәкеңнен сұхбат алып болға­ны­­­мыз сол еді, ауыл әкімі Ғалекең тағы бір жақсы жаңалықтың шетін шығарды. Сөзіне сүйенсек, әлгі тас төселген 2 ішкі көшенің орташа жөндеу жұмыстарына қатысты жоба әзір тұр екен. Жалпы құны 60 млн теңгеден асатын бұл жоба да қол­дау тапса, әлгі екі көше орташа жөн­деуден өтеді. Мұнан кейін Мөрәлі Шәменовтің жол мәселесі 100 пайыз шешімін тапқалы тұр.

Айтпақшы, алдағы жылу маусы­мынан бастап бұл ауылдың халқы көгілдір отын тұтынады. Елді ме­кен жұрты үшін басты жаңалық осы бол­ғалы тұр. Біз барғанда мер­дігер мекеме трубаларды көму жұмыс­та­рын аяқтап қалыпты. Енді оларды жел­детіп, ішін тазартады. Мұнан кейін үйлерге газ тарту жұмыстары жүреді.
Мердігер мекеменің операторы Самат Баймаханов қазір трубаларды орналастыру бойынша 3-4 күндік жұмыс қалғанын айтады. Сапасын тексертіп алғаннан кейін үйлерге газ тартылады. Негізінен бұл ауылда 197 отбасы бар екен.
– Өзіміз ақпанның аяғында кел­дік, 27 ақпанда техника түсірдік. Тру­баларды орналастыруға ең таязы 1,2 метр және 1,40 метр тереңдікте қазып жатырмыз. Қазір оларды да орналастырып болып қалдық. Енді бас-аяғы 3-4 күндей жұмыс қалды. Қазір облыстан қажетті басқа да құрал-саймандар, қажетті мате­риал­дар келе жатыр. Барлығын болғасын желдетіп, тапсырыс беруші мекемеге сапасын көрсетеміз. Мұнан кейін үйлерге газ тарту жұмыстарына кірі­семіз. Қазір құрылыс басында 20-ға жуық адам жұмыс жасап жатыр. Алдағы 1 айда толық газ құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді оператор Самат Баймаханов.
Сәкеңнің бұл салада 16 жылдық тәжірибесі бар. Бұл жобаны са­палы аяқтауға жауапкершілікпен қара­ғанын айтады. Себебі газ өте қауіпті болғандықтан оны тұрғындардың тұ­тынуында ешқандай мәселе бол­мауы керек деп есептейді.
Жолы жөндеуден өткен, бір жа­ғынан көгілдір отын кіріп жатыр. Бұл ауылдың болашағы қандай екенін осыдан-ақ бағамдаса болатындай. Ауыл әкімінің елге деп еңбек етіп жатқаны жерлестерінің көз алдында. Орталықтан ауылға қатысты бір жобасы қолдау тапса, елді мекенге ба­лаша қуанып келеді екен. Бірлігі бекем, тірлігі түзу ауылдың соңғы жылдары біршама мәселесі шешіліп қалғандай.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: