Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

12°C

, Жексенбі, 05 мамыр, 12:39

Көңіл тойып, кәрзеңке толған жәрмеңке

24.10.2023

227

0

Алтын дән жәрмеңкесі. Иә, бұл күнді, яғни молшылық мерекесін қызылордалықтардың биыл асыға күткені көрініп-ақ тұрды. Базар нарығынан 15-20 пайыз төмен сатылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне тұрғындар таң атысымен келіп алған. Себебі өздеріңіз білетіндей, биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы айтарлықтай өсті. Әрине ешкімді кінәлай да алмайсың, аяқ су тапшылығы белең алған уақытта бау-бақша баптау кімге болса да оңай емес. Десе де еңбекті жанына арқау еткен Сыр шаруалары биыл да жоқтан бар жасап, біраз өнімге кенелген. Енді жаз бойы сол баптап өсірген өнімдерін халықпен бөлісуге келіп қалған жағдайы бар. «Бірлік түбі – береке» деген ұстанымға берік Сыр халқы жәрмеңкені арқа-жарқа көңіл-күймен той іспетті атап өтті.

Бұл жәрмеңке бұрынғы жәрмең­ке­лерден расында бөлек болды. Бұл жолы өнімнің сапасына, бағасына жергілікті тұрғындар тарапынан ешқандай өкпе-наз айтылмады. Керісінше арзан әрі са­палы өнімнен сауда жасап қалуды көз­деді. Біз де жәрмеңкеде халыққа ұсы­нылған өнімдер бағасымен танысып шықтық. Шыны керек, халықтың қыстық азығын қамдауға осы күнді күтетіндей себебі бар екен.


Қала тұрғыны Бақыт Жәкенованың «Алтын күз» мерекесі қарсаңында ұйым­­дастырылатын жәрмеңкеде ауыл шаруа­шылығы өнімдерін сатып алып жүр­геніне бірнеше жыл болыпты. Ол да жәрмеңкеде барлық өнімнің арзан бағада сатылғанын жасырмады, сапаға да көңілі толатынын жеткізді. Өзінің айтуынша, үйіне 5 қап картоп пен 3 қап пияз, сондай-ақ жаңадариялық қауын-қарбыз, балығы мен еті бар, біршама сауда жасап үлгерген. Бір айлығына қыстан қысылмай өтетіндей азығын қам­даған тұрғынның көңілі көтеріңкі, ұйымдастырушылардан, шаруа адам­да­рынан алғысын аямады.
– Жәрмеңке болады дегенде, дереу от­басымызбен қажетті азық-түліктің ті­зімін жасадық. Несін жасырайық, бұған дейін де бірнеше жыл қатарынан жәрмең­кеге келіп, бірқатар өнім алып кететінмін. Сонда нарықтағы бағадан ондағы өнімдер бағасында айтарлықтай айырмашылық байқайтынмын. Ауыл шаруашылығы өнімдері, оның ішінде бақша өнімдері мен көкөніс құны ай­тар­лықтай шарықтағанын жақсы біл­гендіктен шыны керек, биылғы жәр­мең­кеден оңтайлы баға күтпедім. Өйт­­­кені жазда көкөніс, қауын-қарбыз ба­­­ғасы мүлде түскен жоқ. Бірақ бүгін бұл пікірімнің теріс болғанына қуанып отыр­мын. Мұндағы өнімдер бағасының тым арзан екенін көріп, қысқа, көктемге же­тетін мол азығымды алдым. Әрине мұн­дай шаралар қарапайым халыққа тиімді екені айтпасақ та белгілі ғой. Аймақ бас­шы­сына алғы­сымды білдіремін. Бір сөзбен айтқанда, жәрмеңкеден көте­ріңкі көңіл-күймен үйге қайтып бара жатырмын, – дейді қала тұрғыны.
Бұрын облыс орталығында тұра­тындар ауылдағы ағайынға өтініш айтып, ауыл шаруашылығы өнімдерінен ауыз тисе, кешегі жәрмеңкеде қа­ла­лықтар өздері саудагермен бетпе-бет сауда жасауға мүмкіндік алды. Осыдан-ақ мұндағы ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің айтарлықтай сұранысқа ие екенін байқауға болады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің ба­ғасымен біз де танысып келеміз. Көңілге қонымды. Бергі басынан жаңадариялық шаруалар сапалы бақша өнімдерімен қарсы алса, арғы шетінде тоқтылар мен біршама мал азығы бар екен. Олардың да бағасы қалтаға салмақ салмайды. Күрішті айтпасақ та белгілі, түрлі сұрпы тұр. Орта ғасырлардағы Отырар базарына түскендей әсер алдық. Бірі «Жаңадарияның қарбызы қайда?» деп айқай салса, енді бірінің «Әлібидің картобын таппай жатырмын» деген дауысы құлағымызға жетіп жатты.
Жалпы жәрмеңке барысында қала тұрғындарына біздің өңірден 60 автокөлікке тиелген 209,8 тонна азық-түлік өнімдері мен биыл мал азықтық жем-шөп өнімдерінің тапшы болуына байланысты 6,5 тонна мал азығы молынан ұсынылды.
Шалғайдағы Жаңадария ауылының тұрғындары ағайынды Жанарбек пен Жарқынбек Бостановтар да осы жәрмеңкеде бой көрсеткен. Әрине са­тып алушы ретінде емес, сатушы ре­тінде, Жалағаштың брендіне айналған жаңадариялық қауын-қарбыздарын өз­де­рімен бірге ала келіпті. Басы-қасында ауыл әкімі Рауан Ақпанбетов та жүр. Иә, әкімнің де еңбегі зор, көктем бас­талғалы осы шаруалардың жанынан ажырамаған. Бастысы, еңбектің жемісі бар.
– Ауылдан 5 көлік болып шықтық, әрине бос шықпадық, жаз бойы бап­таған қауын-қарбызымызды, картоп пен сәбізімізді, қалаберді асқабақ, қы­зыл­шамызды молынан тиеп алдық. Ние­­тіміз түзу, тапқанымызды азын-ау­лақ теңгеге пұлдап, өнімімізді халық­пен бөлісу. Жаңадария десе, халық­тың есіне бірінші қауын мен қарбыз түсетіні бар. Шүкір, сауда бар, өнімге сұраныс жоғары. Ең бастысы, қауын-қарбызым тұтынушыларға ұнап жатыр. Әрине маңдай термен, ешқандай қосымша қоспасыз егілген өнімнің тәтті болары анық. Жасыратыны жоқ, биыл шаруалар үшін қиындау болды, өйткені аптап ыстықта аяқ су тапшылығына тап болдық. Десе де қиындыққа мойы­мадық, Жер-Ана да бізді ренжітпей, осын­дай керемет өнімін берді. Міне, енді сол қауын-қарбызды сіздермен бө­лісуге келіп қалдық, – дейді ағайынды Бостановтар.
Айта кетейік, «Алтын дән – 2023» мерекелік шарасы аясында жәрмеңкеге аудандардан 425 жүк көлігімен 1000 тоннадан астам өнім әкелінген. Саудаға 140 тоннадан астам күріш, 25 тонна ет, 30 тоннадай балық өнімдері, 200 тонна картоп, 80 тонна сәбіз, 120 тонна пияз, 90 тоннадан астам көкөніс пен жеміс-жидек, 200 тонна бақша өнімдері, 115 тонна асқабақ, 6 тоннадай сүт өнімдері, 10 тоннаға жуық бакалея және кондитер өнімдері, 140 тоқты, 50 тоннадан астам жем-шөп қойылған.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: