Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сәрсенбі, 16 қазан, 09:19

Көшпенділер рухы жаңғырды

10.09.2024

245

0

Әлем елдерінің назары бүгінде Қазақ елінде. Өйткені Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттерден келген мәртебелі меймандармен және жұртпен бірге салтанатты ашылу рәсімін тамашалады.

«Астана Арена» стадионында өткен шараға Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Са­дыр Жапаров, Түрікменстан Халк Мас­­ла­хатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов, Татарстан Респуб­ли­касының Раисы Рустам Минниханов, Саха Республикасының басшысы Ай­сен Николаев, Моңғолияның бұрынғы президенті Энхбаяр Намбарын, Дүние­жүзілік этноспорт конфеде­ра­ция­сы­­­­­ның президенті Біләл Ердо­ған, сон­­­­­дай-ақ ЮНЕСКО, АӨСШК, БҰҰ Дүние­­жүзілік туризм ұйымы, Түркі мем­­лекеттері ұйымы, ТҮРКСОЙ, Түркі ин­­вестициялық қоры, Түркі мемле­кет­те­рінің Парламенттік ассамб­леясы, Ислам спорт қауымдастығы, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылары, Еуропа Одағының Ор­та­лық Азиядағы арнайы өкілі және басқа да ресми тұлғалар қатысты.
Дүбірлі доданың ашылу салтана­тын­да қазақ жерін мекен ететін түрлі этнос өкілдерінің балалары Қазақстан Республикасының Туын алып шықты. Бұдан кейін еліміздің Әнұраны шыр­қалды.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жа­рысқа қатысушы мемлекеттер спорт­шыларының шеруі өтті. Биылғы Көш­пенділер ойындарына Азиядан, Еу­ро­падан, Солтүстік және Оңтүстік Аме­рикадан, Африкадан, сондай-ақ Австра­лиядан спортшылар келді.
Салтанатты жиында Мемлекет бас­­­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев ар­найы сөз сөйлеп, әлемдік ауқымда өтіп жатқан айрықша маңызды іс-ша­раға қатысу үшін Қазақстанға келген бауырлас мемлекеттердің басшы­ла­ры­на, мәртебелі меймандарға және спорт­шыларға шынайы алғысын жет­кізді. Президент көшпенділер өрке­ниеті дүниежүзі тарихында өшпес із қал­дыр­ған өркениет екенін айрықша атап өтті.
– Ұлы дала көшпенділері ежелден байтақ Еуразияны мекен еткен. Олар жаһандық даму үдерісіне түбегейлі өзгеріс әкелді, сол замандағы озық технологияның иесі болды. Көшпен­ділер бес мың жыл бұрын жылқыны қолға үйретті. Дүниені дүбірлеткен салт аттылар мәдениетін қалыптастырды. Қуатты қару-жарақ пен ғажайып зер­гер­лік бұйымдар жасап шығарды. Сақ дәуірінің Алтын адамдары – соның айқын дәлелі. Қазақ жерінен Әл-Фа­раби, Қожа Ахмет Яссауи сын­ды ғұла­малар шыққан. Олар ілім-ғы­лым­ның дамуына орасан үлес қосты. Біздің бабаларымыз алып мемлекеттер құр­ды, үлкен қалалар салды. Ұлы далада Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық сияқты сәулетті шаһарлар бой көтерді. Көш­пенді жұрт батыс пен шығысқа көпір болып, түрлі мәдениеттің жақын­дасуына әсер етті. Осы жерде ежелгі Ғұн империясы, одан соң Түрік қаға­наты салтанат құрды. Олардың даңқты жолын Алтын Орда мен Қазақ хандығы жалғастырды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Көшпенділер ойыны бабалар аманат еткен қастерлі мұраны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау мақсатынан туған бірегей жоба екенін айтты.
Төрткүл дүниені жайлаған көш­пен­ділер өркениетінің бай мәдениеті мен тағылымды тарихын, салт-дәстүрін паш етіп, адамзат баласын ортақ үйіміз – Жер – ананы сақтауға үндеген ашылу салтанаты бірнеше эпизодқа ұласты.
Сонымен қатар салтанатты жиында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Ро­ман Скляр, Дүниежүзілік этноспорт кон­федерациясының президенті Біләл Ердоған сөз сөйледі. Ал шеруді этни­калық роктың сүймелдеуімен, ұзын-сонар қатарға тізілген Қазақстан спорт­шылары аяқтады.
Айта кетейік, жарысқа қатысушылар спорттың 20 түрінен бақ сынасады. Бес нысанда 110 медаль жиынтығы сарапқа салынбақ. Сондай-ақ көшпенділер ойын­­дарына әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мыңға жуық турист келеді деп күтілуде. Олардың алғашқы легі ашылу рәсімінен көрінді. Басым бөлігі Димаш Құдайбергенді асыға күткен. Арасында көмейіне бұлбұл ұялаған әншінің ше­телдік тыңдармандары да бар.
Ұлттық спорт бәсекесі 14 қыркүйекке дейін жалғасады. Спортшылар ара­сындағы бәсекелестік пен талас-тартыс жоғары деңгейде болмақ. Әсіресе қа­зақ-қырғыз арасындағы бәсеке көптің назарында екен.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: