Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 08 мамыр, 10:50

Мәдениет саласының үздігі

24.10.2023

843

0

Аудандық кітапхананы жан-жақты ақпаратқа және білімге оқырманның қолжетімділігін қамтамасыз ететін руханият орталығы десе де болады. Ұлмекен Әбілтайқызы басшылық ететін ұжым жұмысына жауапты әрі ұқыпты. Жуырда кітапхана директорының өзі де ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Кітапханадағы қызметтік жолын 1984 жылдан бастаған Ұлмекен Әбілтайқызы 2012 жылы аудандық кітапханаға басшы болып келді. 2019 жылы «Кітапхана ісінің шебері», 2020 жылы «Қазақстанның Құрметті кітапханашысы» төсбелгілерімен марапатталды. 2022 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің «Құрмет» грамотасын иеленді. Сондай-ақ биыл ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін кеудесіне тақты. Еңбегі еленіп, бірнеше рет облыс, аудан басшыларының алғыс хатына және «Құрмет» грамотасына ие болған білікті маман аудан руханиятына сүбелі үлес қосуда.
– Кітап – құнды дүние, ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өмірі ұзақ, мәңгілік ескерткіш. Бүгінде рухани өміріміздің өзегі іспеттес ғылымды көпшілік оқырманға, ертеңгі ел тізгінін ұстар жеткіншек ұрпаққа насихаттауда, рухани-мәдени байлығымызды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші кітапхана болса, сол байлықты өз оқырманына таныстырып табыстырушы – кітапханашы. Сондықтан біз кітапхананың дамуымен қоса кітапханашының да дамуын басты мақсат етеміз. Сол үшін түрлі пікір алмасулар мен жобаларға қатысып тұрамыз. 39 жылдық еңбек жолымда тәжірибе алмаса отырып даму қажеттігін түсіндім. Кітапханашыларға айтар кеңесім де осы, – дейді, Ұлмекен Меңдібаева.
Кейіпкеріміз басшылық ететін орталық кітапханада 69 809 кітап бар, ал онда келетін оқырман саны 5 448 адамды құрайды. Қызметкерлер өздері ғана емес, келуші оқырмандарды да жетістіктерге жетелеуде. Мәселен, Қызылорда облысында өткен облыстық «Ziyatker Jas» білім сайысында Жалағаш ауданы атынан қатысқан аудандық кітапхана оқырмандары ІІІ орын иеленіп, 50 мың теңге қаржылай сыйақыға ие болды, сонымен қатар арнайы «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасының «Эрудит» номинациясымен марапатталды. Анар Жүсіпбекқызының жетекшілігімен «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» атты облыстық байқауында Темірбек Жүргенов атындағы 123 мектеп-лицейінің орыс тілі пәні мұғалімі Рузанна Шамилова ІІ орынды иеленді.
Айта кетейік, кешегі аптада ғана Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапхананың ұйымдастыруымен Кітапханашылар күніне орай өткен «Жас кітапханашы – 2023: жаңа мүмкіндіктер уақыты» атты республикалық байқауға Жан­сұлу Ешімова мен Анар Жүсіпбекқызы қатысты. Жерлестеріміз ҚР Ұлттық Акаде­миялық кітапханасы директорының арнайы сертификат ына ие болды. Жалпы айта берсек, кітапхананың мұнан өзге де жетістігі мол.
Әр істің басында білгір басшы тұратыны анық. Аудандық кітапхана Ұлмекен Меңдібаева басшылық еткелі үлкен өзгерістерге қадам басты. Оқырмандар саны біршама артты. Ең үлкен өзгеріс деп кітапханадағы «Сoworking» орталығын айтсақ болады. Бұл орталықтың ашылуы қызмет көрсету деңгейін еуропалық деңгейдегі кітапхана ретінде көрсетеді. Бұнымен ғана шектеліп қоймай, аудан көшелерінде «Көше кітапханасының» ашылуына жағдай жасалып, түскі үзіліссіз, демалыссыз жұмыс жасайтын орын ретінде қалыптасқан.
Ойын баласын кітап оқыған бала басқарады. Кітап оқыған адам білім алып қана қоймайды, жан-дүниесін рухани байытады, керек кезде ақылшы бола біледі. Қазір ауданда кітап оқушылардың саны арттырып, жастарды оқуға баулуда аудандық кітапхананың алатын орны ерекше. Кітапхананың ішкі жай-күйі де оқырманға қолайлы, жұмыс жасаушы мамандардың да қабілеті жоғары деңгейде. Телефоннан бас алмайтын жасөспірімдерді кітап оқуға баулып жүрген де осы кітапханашылар. Расында артық білім кітапта, ерінбей оқып көргенге. Телефоннан, ғаламтордан алған білім жақсы, ал кітаптан алған білім одан да жақсы екенін ұмытпайық.
Жалпы кітаптың адамның рухани дамуына әсері мол, сондықтан жастардың оған қызығушылығын арттыру маңызды. Осы маңызды міндетті кейіпкеріміз басшылық ететін ұжым өз деңгейінде атқарып келеді.

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: