Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

7°C

, Бейсенбі, 21 қараша, 14:10

МЕДИАЦИЯ: ТАТУ БОЛСА – АҒАЙЫН ЖАҚЫН…

02.04.2024

1053

0

Сотта төрелік етуші судья кінәліні жазалаушы ғана емес, сонымен бірге екі тарапты ымыраға келтіруші ретінде қазақ қоғамының тату-тірлігінің, береке-бірлігінің сақталуына да атсалысып келеді. Себебі қазақ халқы ертеден отбасы құндылықтарына құрметпен қараған. Отбасындағы әкенің, ананың, ұл мен қыздың өзіндік орындары айқындалып, бір-бірін сыйлаудың жазылмаған заңдары қалыптасқан.

 Қазыбек бидің: «Тату болса – ағайын жақын, ақылшы болса – апаң жақын, инабатты болса – келін жақын, бауырмал болса – інің жақын, сыйлас болса – нағашың жақын, еркелейтін немерең жақын, өз ұрпағың – шөберең жақын, бәрінен де – өмірге әкелген анаң жақын», – деген жақсы нақыл сөзі бар. Міне, осындай ғибраттарды біліп, ұғып өскен ұрпақ қана ажырасуға, басқа да келеңсіз қадамдарға, қылмысқа бармайтыны анық.

Дегенмен де өмір болғасын түрлі жағдайлардың орын алатыны хақ. Ашуға булығып арызын сотқа арқалап кететіндердің талабын тындай отырып, судья екі тарапты татуластыруға тырысады. Татуластырушы судья тараптармен сотқа дейін татуластыру рәсімін жүргізу барысында  тараптарға дауды медиация рәсімі бойынша шешудің тиімді жақтарын түсіндірді.  Татуластырушы судьяның кеңесін тараптар тыңдап, медиация тәртібімен татуласып, бір бітімге келу көрсеткіші де жыл сайын артып отыр. Мәселен осы жылдың 3 айында аудандық сотта 44 іс медиация тәртібімен шешілді. Бұл әрине қуантарлық жәйт.

Айта кеткен жөн тараптардың татуласу тәртібі мен оның құқықтық салдары Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 17-тарауында көзделген.

АПК-ның 17 тарауы түгелдей 174-182 бап тараптарды бейбіт келісімге шақыруға арналған. Заңнама татуласу рәсімдерінің төрт түрін қарастырады: Сотта татуласу келісімін жасау; Медиация немесе соттық медиация тәртібімен дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімге келу; сондай-ақ екі тараптың адвокаттарының қатысуымен дауды партисипативтік рәсімдер арқылы реттеу.

АПК-нің 174-бабына сәйкес: «Тараптар татуласу келісімін, дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді немесе дауды партисипативтік рәсімдер тәртібімен реттеу туралы келісімді жасап не осы Кодексте белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, дауды өзара талаптардың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.».

Татуластыру рәсімдері жүргізілген жағдайда талап қою арызын қабылдау үшін 10 күндік мерзім белгіленеді. Дау реттелген жағдайда судья талап қою арызын өзі іс жүргізуіне қабылдайды және тиісті келісімді бекітеді. Егер келісімге келмесе, сот тараптардың істі сол судьяның қарауына келісімін анықтауға, ал ол болмаған жағдайда – талапты басқа судьяға қайта бөлу үшін беруге міндетті.

Яғни, тараптар туындаған дауды (жанжалды) татуласу келісімі арқылы, медиация тәртібімен немесе партисипативтік рәсімдер тәртібімен, не АПК-да белгіленген тәртіппен өзге де тәсілдерді пайдалана отырып, өзара талаптың толық көлемінде не бір бөлігінде реттей алады.

Бұған дейін тараптар арасындағы дауды бітімгершілік келісіммен бітіру тек медиаторлардың құзырында болып келгені белгілі. Ал енді екі жақты келісімге келтірудің көкжиегі кеңейтіліп, енді бұл істі атқаруды судья-медаторларға да, адвокаттарға да жүктеліп отыр.

Татуластыру рәсімдерін жүзеге асыруда судьяның нақты міндеттері де заңнамамен нақтыланды. Дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуді азаматтық сот ісін жүргізудің бірден бір міндеті ретінде бекіте отырып, судьяға талап арызды қабылдаған күннен бастап тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданып, істі қараудың барлық сатыларында талапты түсіндіру жүктеліп отыр.

Ал Медиация сотта «Медиация туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының Азаматтық процесстік кодексінде белгіленген ерекшеліктерге сәйкес өткізіледі. Сот тараптардың өтініш хаты бойынша медиация рәсімін белгіленген мерзім шегінде кейінге қалдыруға және егер басқа тұлғалардың​ қатысуы дауды реттеуіне ықпал етсе, оларды медиацияға шықыруға құқылы. ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​ ​

Егер дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, сот актісін орындау сатысында жасалса, ол сот актісінің орындалатын орны бойынша бірінші сатыдағы сотқа немесе көрсетілген сот актісін қабылдаған сотқа бекітуге ұсынылады. Процестік кодекстің бұл ерекшеліктері медиацияның іс жүргізудің барлық сатысында өткізуге мүмкіндік береді. Медиацияның мемлекет және ең маңыздысы халық үшін жағымды жақтары көп болғандықтан соңғы реформалары оны дамытуға бағытталған. «Медиация туралы» заңының қолдануы өркениет көшіне бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асыралып жатқандығының айқын көрінісі екендігінің айғағы.

Тағы бір атап өтетін оңтайлы жақ – ол қаржылық жағынан соттық шығынға қарағанда төмендігі және уақыт үнемділігі. Мысалы, сотта іс ұзаққа созылады, ол тіпті бірнеше айларға созылуы мүмкін, сонымен қатар сот отырыстары бірнеше мәрте белгіленуі мүмкін, оған тараптардың бірінің өкілдері келмеуі себепті кейінге қалдырылып келеңсіздіктер туындатады.

 Ал медиация барысында татуластырушы судья тараптардың тең құқықтылықты көздейтіні сөзсіз, сондай-ақ оларға тең міндеттер де жүктеледі. Сонымен қатар, медиацияны өткізетін тұлға іс бойынша сот қандай шешім қабылдауы мүмкін екенін тараптарға ашық айтады. Нәтежиесінде тараптар істің немен аяқталуы мүмкін екенін ескеріп, екінші тараппен келісімге келуге әрекет етеді. Сол себепті, медиация институтын көп жағдайда ежелгі билер сотымен салыстырады. Оның бірден-бір себебі – дауласқандарды ымыраға, араздасқандарды ағайындыққа шақыруы және екі тараптың да алғысын аларлықтай істің оң шешілуінің зор тиімділігі. Бұл халық сеніміне ие болып, таразы басын тең ұстаған біз үшін үлкен мәртебе!

Асылхан МИЗАНБАЕВ

Жалағаш аудандық  сотының төрағасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: