Мемлекеттік қызметшілер қоғам тарапынан қойылатын барлық талапқа сай болуы керек. Негізінен олар азаматтардың қоғамдық мүддесі үшін қызмет етеді. Мемлекеттік аппарат ішіндегі және мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен, қоғаммен өзара қарым-қатынаста көбінесе адами қасиеттерге, яғни мемлекеттік қызметшінің моральдық ұстанымдары мен құндылықтарына жоғары мән беріледі. Өйткені олардың бойында дәл осы моральдық ұстаным болмаса, құқық бұзушылықтарға, жемқорлыққа алып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін азайтып, беделіне нұқсан келтіреді.
Негізінен мемлекеттік қызметші – мемлекет тұрақтылығының кепілі. Олар ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін, халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасы мен жылдамдығын қамтамасыз етеді. Бір сөзбен айтқанда, адалдықтың, әділдіктің және кәсіпқойлықтың үлгісі десе де болады.
Мемлекеттік қызметші мінез-құлық қағидаларын реттейтін ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін басшылыққа алуға міндетті. Кодексте көрсетілгендей, олар жоғары кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептік нормаларды сақтауы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында және кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекеттік аппараттың жұмысы сервистік және одан әрі клиентке бағдарланған болуы үшін «жаңа тәсілдерді» енгізуді және мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғыртуды талап ететінін атап өтті. Қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенім деңгейін арттыру және халықпен кері байланысты жақсарту үшін бұл өте маңызды. Осы тұрғыда жаңа Әдеп кодексінің қызметтік әдеп нормаларын қолдану керек.
Бұрынғы Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілерге қойылатын моральдық-адамгершілік талаптарды, олардың мінез-құлқының негізгі қағидаттарын біріктірсе, жаңасында этикалық талаптар мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасына жатпайтын өзге де ережелерден бөлек қарастыратыны тайға таңба басқандай көрсетілген.
«Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» атты жаңа тарауда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі алты қағидатқа негізделген. Олар – адал ниеттілік, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, тұтынушыға бағдарлану. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретіндегі халықтың сұранысына бағдарлана отырып, жұртпен жұмыс істеуге дайын болуы және өз іс-әрекеттерінің ашықтығын қамтамасыз етуі керек.
Әдеп кодексі негізінен мемлекеттік қызметшілерге адамгершілік бағыт-бағдар беруге арналған. Мақсаты – мемлекеттік қызметшінің өз жұмысының маңыздылығына сенімділігін арттыру және кодексте көрсетілген барлық қағидаларды сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің жарқын үлгісі болғанына мақтаныш сезімін қалыптастыру.
Мемлекеттік қызметтегі жағымсыз құбылыстармен тек жазалау шараларын қолдана отырып күресу тиімсіз. Өйткені алдымен бұл құбылыстардың түпкі себептерін жою қажет. Осы ретте Әдеп кодексінің маңызы жоғары.
Гүлнұр КАСЫМОВА,
Жалағаш аудандық қазынашылық
басқармасының бас маман-бас қазынашысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!