Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:41

Мерейтой
иесіне құрмет

27.07.2023

204

0

Аудан әкімі Асқарбек Есжанов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып, бірнеше салада елеулі еңбек еткен Жалағаш ауданының мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусіновті қабылдап, 60 жас мерейтойымен құттықтады. Жиын барысында ауыл шаруашылығы, қаржы, экономика салаларында табанды еңбек етіп, іскерлігімен көп істі үйлестіре біліп, бүгінде абыройлы қызметті арқалай жүріп асқаралы алпыс жасты алқымдаған Өмірзақ Тұрымбетұлына сый-құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.

– Дана халқымыздың үлкенді қадірлеудің игі дәстүрі өздеріңіз арқылы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып келе жатыр. Біз «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен халықпыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз біздерге үлгі. Сіздерге қарап, кейінгі ұрпақ жетіліп, жаңа заманға сай сол істерді жаңғыртуда. 30 жылдан аса әр салада қызмет атқарып келе жатқан Өмірзақ Тұ­рымбетұлы өзін қабілетті ұйымдастырушы, бі­лікті маман, талапшыл басшы ретінде таныта білді.

Мемлекеттік басқару саласында елеулі ең­бек етіп, ауданның экономика, қаржы, ауыл ша­руашылығы салаларының дамуына, айма­ғымыздың өсіп-өркендеуіне мол үлес қосып келе жатқан білікті басшы Өмірзақ ағамыздың іскерлігі мен тәжірибесі жастарға үлгі-өнеге болары анық. Аудан бойынша тұрғындардың мүддесін қорғай отырып, көтерілген маңызды мәселелерді оңтайлы шешу бағытындағы жұмыстарға Өмірзақ Тұрымбетұлы орасан зор күш салып келеді, – деген аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы мерейтой иесіне әлі де болса аудан дамуы үшін еңбек ете беретініне сенім білдірді.

Мұнан бөлек ел ағалары Б.Наршаев, ау­дандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, ауданның алқабилер кеңесінің төрағасы К.Сүлейменов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы О.Аханов, кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Құлмахан және аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Ж.Баймаханова Өмірзақ Тұрымбетұлының қыз­мет жолындағы атқарған ауқымды істеріне тоқ­талып, тұлғалық қасиеттерін, азаматтық ұста­нымын көпке үлгі етті. Ауданның дамуына өз үле­сін қосқан білікті басшыға алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айта кетейік, алпыс жасқа абыроймен жет­кен Өмірзақ ағамыз 1963 жылы М.Шәменов ауы­лында дүниеге келген. Еңбек жолын 1985 жылы Жаңадария совхозында құрылыс мастері болып бастап, 1985-1987 жылдары аралығында Кеңес Армиясы қатарында болып, әскери борышын өтеп келген. Сонымен бірге 1987-1998 жылдары Жалағаш аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінде инженер-құрылысшы, аға маман, аға инженер, диспетчер, «Жігер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы қызметтерін атқарса, 1998-2004 жылдары Қызылорда об­лысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығы Жалағаш аудандық филиалының мең­герушісі, 2004-2008 жылдары Жалағаш кен­тінің әкімі, 2008-2009 жылдары «БТА» банк акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиалы Жалағаш ауданындағы бөлімшесінің бастығы болған. 2009-2023 жылдары аудандық сәулет және қала құрылысы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің бас­шысы және Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып келіп, осы жылдың наурыз айында аудандық мәслихат төрағасы болып сайланды.

Нұр НАУАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: