Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Дүйсенбі, 14 қазан, 00:06

Поэзия пырағы

10.09.2024

506

0

Жұртын жырға бөлеген ақын Мәлік Аяповтың шығармашылығымен жалағаштықтар жақсы таныс. Ол турашылдықты ту етті, ақиқаттан айнымады. Қай істе де табандылық танытып, саналы ғұмырымен өскелең ұрпаққа үлгі болды. Өткен аптада жалағаштықтар ардақты азамат, қарымды қаламгер Мәлік Аяповтың 80 жылдығына орай ақынның шығармашылығына терең бойлап, есімін қайта жаңғыртты.

«Поэзия пырағы» атты еске алу шарасына аудан басшылығы бас­та­ған бірқатар ел азаматтары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті ақын-жа­зу­шылар және аудан тұрғындары қа­тыс­ты. Аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов руханият өкілінің өмір жолына тоқталып саналы ғұмы­рын жастарға үлгі етті.
– Мәлік Аяпов өзінің замандас тұс­тастары сияқты соғыстан кейінгі елдегі қиыншылықтарды көріп өсті, ерте есейді. 1944 жылы Жалағаш ау­данының қазіргі Мырзабай Ахун ауы­лында дүниеге келген ақын аға­мыз ауылдағы жетіжылдық мек­тепті бітіргеннен кейін Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумын бі­тірді. Ауыл шаруашылығы саласының ма­маны болғанмен ақын жү­регі таби­ғатпен біте қайнасып, әл­де­бір өзіне беймәлім ғажайып күш алыс қиырларға шақырып тұр­ған­дай болатын. Ақыры 1970 жыл­дары арман қуып ару қала Алма­тыға аттанды. Мәлік ақын сол кезде екінің бірінің қолы жете бер­мейтін астанадағы үлкен білім шаңырағы С.М.Киров атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетінің жур­налистика факультетін бітіріп шық­­ты. Сөйтіп 1965 жылдан өмі­рі­нің соңына дейін аудандық «Жаңа­дария», қазіргі «Жалағаш жар­шы­сы» газетінде корректор, әдеби қыз­мет­кер, бөлім меңгерушісі, аудан­дық бас­пахананың директоры, редактор­дың орынбасары, бас редактор бо­лып жемісті еңбек етті, – деген Ғани Сүлейменов өңір мәдениеті мен әде­биетінде, жалпы қазақ поэ­зия­сын­да Мәлік ақынның өзіндік орны барын жеткізді.
Айта кетейік, КСРО Журналистер одағының мүшесі, елімізге белгілі ақын, бірнеше жыр жинақтарының ав­торы Мәлік Аяпов өзінің кең тынысты, сыршыл жырларымен халықтың жү­ре­гінде қалған тұлға десек те бо­лады. Өткен ғасырда ғұмыр кешкен арқалы ақындар Төлеубай Үркімбаев, Әбдікәрім Оңалбаев, қазақтың ше­жі­ресін өлеңмен жазған Шоңбай Жұбанұлы, Орынбай жыраудың ізі де – ақын Мәлік Аяпов. Қарымды қаламгер ауданның ата басылымы «Жалағаш жаршысы» газетінде де табанды еңбек етті, өзінен кейінгі шығармашыл жастарға үлгі болды.

Мұнан әрі аудан өнерпаздары ақынын еске алған Жалағаш жұртына Мәлік Аяповтың өнегелі өмір жолынан сыр шертетін бейнекөрсетілім мен ақын сөзіне жазылған әндерді тарту етті. Жиында зиялы қауым өкілдері ақынның саналы ғұмырына кеңінен тоқталып, есімін ұлықтауға қатысты бірқатар ұсыныс та ортаға салды.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: