Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

6°C

, Сейсенбі, 26 қараша, 17:23

Құрылыс сапасы қадағаланады

14.05.2024

339

0

Жексенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен жиында Жалағаш ауданының Таң ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, «Қорқыт ата» әуежайының аумағын абаттандыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жиында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясындағы білім ошақтарының, физика-математика мектеп-интернатының, теннис корты мен Оқушылар сарайының құрылыс барысындағы мәселелері қаралды. Аймақ басшысы құрылыстың барлығына қойылатын басты талап сапалы әрі мерзімінде аяқтау екенін жеткізіп, осы талапты бұлжытпай орындауды тапсырды.

– Бұған дейін жұмыс сапарымен Таң ауылына барғанда жүзеге асырылуы керек жобаларға қатысты тапсырмалар бердім. «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» автодәлізінен ел­ді мекенге кі­ре­­­бе­ріс­ке дейін ағаш отырғызу қа­жет. «Таң-Жаңақоныс», «Таң-Са­мұрат» ав­­­то­­мобиль жолда­ры мен «Боза­рық» каналы­ның көпірін қай­та жаң­ғыр­­туды пысықтаңыз­дар. Ауыл­да жа­рық­­тандырылуы тиіс көше­лер бар. Жұ­мыс­ты тиянақты орындап, нысан­дар­ды мерзімінде пайдалануға беру керек. Елді мекендегі балабақша, дә­­рі­герлік амбулатория және спорт кешені ғимараттарын арнайы эскиздік жобаға сәйкестендіруді бастау қажет. Құрылыстың сапасы аса маңызды. Қажет болса, жұмысты күнделікті ба­қы­лайтын арнайы адам бекітіңіздер. «Қорқыт ата» әуежайының аумағын абаттандыруды уақытылы әрі сапалы жүргізу керек. Инфрақұрылымды дамы­туға, абаттандыруға, яғни жылу, су, электр, телефон және кәріз, желілерін, автожол жүргізуге жергілікті бюджеттен 4 млрд 300 млн теңге қаржы бөлінді. Ғимараттың айналасындағы жол құрылысын бақылауға алыңыздар, – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, «Таң LTD» ЖШС Жа­ла­ғаш ауданының әлеуметтік-экономи­калық дамуына үлес қосып, бірқатар маңызды бастаманы іске асыруда. Алда ауыл тұрғындарына арналған екі пәтерлік 10 тұрғын үй салынады. Сон­дай-ақ кәсіпорын 3 өндірістік базаны іске қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлауда.
Қазір шаруашылық иелігінде күріш ақтау зауыты мен ет өңдеу цехы бар. Күріш ақтау зауыты 5 жыл бұрын іске қосылған, тәулігіне 100 тонна өнім өң­деуге қауқарлы, 15 адам тұ­­рақ­ты жұмыспен қамтылған. Ал 2019 жылы ауылдық округке қа­расты Жаңа­қо­ныс елді мекенінде «Агро­ли­дер Таң» ЖШС-ның ет өңдеу цехы ашыл­ған. Кәсіпорын тәулігіне 0,5 тонна ет өн­діріп, 15 түрлі (түшпара, манты, қа­­зы, әсіп, бір асым ет және т.б.) өнім шығаруда. Мұнда 8 адам жұмыс істейді.
Серіктестіктің демеу­шілігі­м­ен ауыл­­­да бала­­лардың ойын алаңы мен кіші фут­бол алаңы салы­­нып, жарықшам­дар орнатылды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың құрметіне «Тағзым алаңы» салынып, қазір жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Өткен жылы бір ғасыр бұрын салынған «Әбжәли» мешітінің ғимараты жөнделді.
«Болат Өтемұратов» қорының қол­дауымен салынған халықаралық та­лап­тарға сай келетін әуежайдың жаңа терминалында ішкі және халықаралық рейстерге, транзиттік жолаушыларға арналған залдар, CIP-зал, жүкті авто­матты түрде беру жүйесі, «Duty Free» аймағы, сауда нүктелері, медпункт, кафе, ғибадат ету, жүк сақтау, ана мен бала бөлмелері бар. Екі қабатты ғи­марат сағатына 250 адамға, төлқұжат бақылайтын 10 кабина қызмет етеді. Нысан таяуда ел игілігіне табысталмақ. Жобаға аталған қордан 16 млрд теңге бөлінген.
Айта кетейік, Таңда 1300-ге жуық тұрғын бар. Елді мекенде 37 адам кә­сіппен айналысады. Былтыр 4 адам қай­тарымсыз грантқа қол жет­кі­зіп, мал шаруашылығымен айна­лы­суда. Сондай-ақ 11 адам пайыздық үс­тем­­ақысы төмен несие алып, кәсіп бастаған. Осыдан-ақ ауыл тұрғын­да­рының іс бастауға ынтасы жоғары екенін аңғаруға болады. Ауылда жалпы 14 ішкі көше бар, бүгінде олардың 12-сіне асфальт төселген. Өткен жылы құ­ры­лыс қарқын алған елді мекенде биыл да жарқын жобалар жүзеге асады.
Әуежай аумағын абаттандыруға, яғни жаңбыр суын тазарту, сыртқы кәріз бен жарықтандыру желілерінің құ­рылысына 1 354 968 мың теңге бө­лінді. Жан-жағына гранит жабыны, асфальт, кеспе тас және қиыршық тас төселеді. Құрылыс-монтаждау жұмыс­тарын «Сәт-Сервис» ЖШС жүргізуде. Ал іргелес аумақты абаттандыруға 634050 мың теңге бөлініп, 4 жолақты, ұзындығы 480 метр, әр жолақтың ені 3,5 метр болатын жол салынады. Құ­­рылыс-монтаждау жұмыстарын «Иман» ЖШС жүргізеді.

Ерлан СОЗАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: