Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-0°C

, Жұма, 06 желтоқсан, 18:14

Қырық күн өтті өзіңсіз

17.10.2023

725

0

Зымырап жатқан уақыт деген осы, ардақты анамыз, ақжаулықты әжеміз Бекзада Жүсіпалиеваның ортамызда жүргені кеше ғана сияқты еді. Аяулы әжеміздің бақиға бет түзегенінен бері де 40 күн өте шығыпты. Тағдырдың басқа салған сынағына сабыр қылмасқа шара жоқ. Енді ол жайында тек өткен шақтармен естеліктер айтамыз, жанға бататыны да сол.

Бекзада Жүсіпалиева 1939 жылы 5 мамырда Мәдениет кеңшарында туған. 1947-1957 жылдары Жалағаш кентіндегі бұрынғы Сталин атындағы мектепте білім алды. 1968 жылдан КПСС мүшесі болды, аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында 1960 жылдан бастап тігін шебері болып жұмыс істеп, 1993 жылы зейнеткерлікке шықты.

Ол 1973, 1975, 1977 жылдары Жалағаш поселкелік Советінің депутаты болып үш рет сайланды. Қазақстан Компартиясы Жалағаш аудандық партия комитетінің ХХІV-ХХХІІ партия конференцияларында, яғни 9 рет аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды. 1985 жылы Қызылорда облыстық XXIII партия конференциясына да делегаттыққа сайланған. Ардақты анамыз 1975-1989 жылдары аудандық социалистік жарыстың қорытындысымен 14 жыл бойына ауданның үздік тігіншісі атағына ие болды. 1981 жылы Қызылорда облысының «таңдаулы тұрмыстық қызметкері» атағына ие болса, 1982 жылы Облыстық «Еңбек Даңқы» кітабына аты жазылды.

Ардақты анамыз Социалистік жарыста жоспарлы тапсырмаларды үнемі асыра орындағаны үшін 1970 жылы 10 сәуірде «Еңбек үздігі», 1986 жылы 22 кыркүйекте «Еңбектегі озат жетістігі үшін» төсбелгісін кеудесіне тақты. Қазан революциясының 70 жылдығына ұйымдастырылған жарыстың жеңімпазы ретінде КПСС Орталық Комитетінің, ССР Министрлер Советінің ВЦСПС және ВЛКСМ Орталық комитетінің, Бүкілодақтық ХIX партия конференциясы қарсаңындағы социалистік жарыста жоғары еңбек жетістігіне жеткені үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, ССР Министрлер Советі, Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің «Құрмет» грамоталарымен марапатталды.
Жалпы Бекзада Жүсіпалиеваның саналы ғұмырында елге еткен еңбегін, жеткен жетістігін жаза берсек, бір мақалаға арқау болатыны анық. Ол отбасында жолдасы Өтеш Байдүйсенұлымен 6 бала тәрбиелеп өсірді, немере-шөбере сүйді. Қазіргі таңда Бекзада әженің 13 немересі 16 шөбересі бар.
Ардақты әжеміздің есімі жадымызда мәңгі сақталады, бақұл бол, аяулы ана, ақжаулықты әже, біз сізді сағынышпен еске алып, рухыңа құран бағыштаймыз. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, иманың жолдас болсын.

2023 жылы 21 қазанда сағат 12.00-де Жалағаш кенті Нысанбай жырау көшесі №163 үйде Бекзада Жүсіпалиеваның қырық күндік асы берілетінін барша ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-жаранға хабарлаймыз.

Еске алушылар Байдүйсеновтер әулеті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: