Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

22°C

, Сенбі, 27 шiлде, 06:17

«САҒЫМНАН САРЫН ОЗДЫРҒАН» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖЫРШЫ-ТЕРМЕШІЛЕР ФЕСТИВАЛІ

20.10.2023

269

0

Бүгін «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында Сыр бойы жыраулық дәстүрінің ірі өкілі, жампоз жырау Сары (Қитарбек) Рахметовтің есімін ұлықтауға арналған «Сағымнан сарын оздырған»атты жыршы-термешілер фестивалі болып өтті.

Партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында ұйымдастырылып отырған шараның мақсаты – ұлттық мәдениетімізді, өнерімізді және дәстүрімізді дәріптеу мен насихаттау арқылы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарымызды дамыту.

Сонымен қатар, облыстық деңгейде ұйымдастырылған «Сағымнан сарын оздырған» фестивалі – ұлттық өнердің мәйегі болып табылатын жыр және терме жанрын дамыту, жыр және терме өнерін жастардың арасында таныстыруды да көздейді. Жыр өнеріне еңбегін сіңіріп, терін төккен тұлғаларға құрмет көрсету, жастарды жыр-термелер арқылы ізеттілікке тәрбиелеу және көне дәуірдің күмбірі арқылы халықтың рухани сауаттылығын арттыру да насихатталды.

Бүгінгі фестивальге облысымыздан 14 пен 35 жас аралығындағы 7 аудан және Қызылорда қаласынан барлығы 8 жыршы-термешілер қатысты.

Шараны «AMANAT» партиясы Жалағаш аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Қаншагүл Мұстафаева ашып, жырау Қитарбек (Сары) Рахметовтің өмір дастаны туралы айтып өтті. Сонымен бірге, ұйымдастырылған шараның маңыздылығы мен партияның «Ұлттық мұра» жобасының өзектілігіне тоқталды.

Фестивалді ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі жырау Саймағанбетов Берік жүргізсе, қатысушы жас жыраулар Қитарбек (Сары) Рахметовке арнау және Сары жыраудың орындаған терме-толғаулардан 1 шығарма немесе дастандардан үзінді орындады.


Облысымызға белгілі жыраулар Ақтөбен ат арытып осы шараға арнайы келген Жолымбетов Демеубай және жерлестеріміз Сәрсенбаева Майра, Ахметов Руслан, Құлтасов Әділхан, Бейімбетова Шолпан, Төлеубаев Бисенбектер жыр сүйер қауымға жыр-толғауларын ұсынды.


Облыстық деңгейде ұйымдастырылған фестивальге қатысушы жас жырауларға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының дипломы, жампоз жырау Сары Рахметовтің аты жазылған ұлттық аспап домбыра және «Ұлы мұрат – ұлт мұрасы» атты естелік сыйлықтар мен гүл шоқтары табысталды.


Сонымен қатар, өнер сүйер көрермендерге термелерін арнаған жырауларға «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының арнайы Алғыс хаты табысталды.


Өз кезегінде бүгінгі фестивальде өнер сахнасына алғаш рет аралдық ең жас 14 жасар жырау Бердалы Сағидулланың жыраулық өнерде тұсауы кесілуі ол үшін қуанышты жағдай болды.
Өнерсүйер қауым кештен рухани азық алып, алған әсерлерін жасырмады. Сонымен бірге, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Рахметовтер әулетіне алғысымыз шексіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: