Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

32°C

, Жұма, 14 маусым, 17:43

Сайлау 2023: Аймақ бойынша 520 азамат кандидат ретінде тіркелді

23.02.2023

549

0

ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаты депуттарының сайлау науқаны жоспарға сәйкес ұйымдастырылуда. Осы орайда Қызылорда облысы бойынша барлығы 590 кандидат ұсынылып, бүгінгі таңда 520 азамат тіркелді. Оның ішінде, Парламент Мәжілісіне ұсынылған 15 кандидаттың 10-ы тіркеуден өтті. Ал  екі азамат өз өтініші негізінде құжаттарын тіркеуден бас тартса, 3 адам талапқа сәйкес құжаттарын толық ұсынбады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов хабарлады.

«Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 516 сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Оның 9-ы аумақтық, 134-і округтік, 373-і, учаскелік сайлау комиссиясы. Онда 3382 комиссия мүшесі қызмет етеді. Өздеріңізге белгілі, 18 ақпан күні кандидаттарды тіркеу аяқталған болатын. Осыған сәйкес, облыстық мәслихатқа 115 азамат тіркелді. Соның ішінде, бірмандаттық негізде 49 азаматқа және партиялық тізіммен 66 кандидатқа тіркеу куәлігі берілді. Сонымен қатар қалалық мәслихатқа 81 азамат, ал аудандық мәслихатқа барлығы 314 азамат тіркелді. Осының нәтижесінде, орташа алғанда бір мандатқа 3,3 адамнан келеді. Сайлауға тіркелген кандидаттардың 378-і ер, 68-і әйел азамат. Ал ең жас кандидат 2001 жылғы болса, ең үлкені 1957 жылғы. Тағы бір айта кететін жайт, өз өтініші негізінде 58 үміткер құжатын кері қайтарып алды. Оның ішінде, Мәжіліс – 2, облыстық мәслихат – 9, қалалық және аудандық мәслихат – 47 азамат», – деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.

18 ақпан кешкі 18.00-ден кейін үміткерлер үшін үгіт кезеңі жүргізілуде. Кандидаттар негізгі 4 жүйе арқылы халыққа үгіт жұмыстарын жүргізе алады. Атап айтқанда, халықпен кездесулер өткізу, ақпараттық материалдарды тарату, ресми БАҚ, онлайн платформа қолданушылары арқылы үгіт жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген.

«Қазіргі таңда облыста 115 ресми БАҚ және онлайн платформа қолданушысы үгіт жүргізуге өтініш қалдырып, баға ұсыныстарын жариялады. Оның 18-і мерзімді басылым, 18-і электронды БАҚ, 60-ы интернет БАҚ, 19-ы онлайн платформа қолданушылары. Барлық тізім облыс әкімдігінің ресми интернет-ресурсында жарияланды. ҚР Сайлау туралы заңның 27,28 бабына сәйкес БАҚ және онлайн платформа қолданушылары 14 ақпанға дейін Орталық сайлау комисиясына, аймақтық сайлау комиссияларына өтінім қалдырып, ақпараттық хабарлама прайсын жариялауы қажет. Өтінім қалдырмаған БАҚ және онлайн платформа қолданушылары үгіт-насихат жүргізе алмайды. Ескеру керек, кандидаттың сенімді өкілдері өз парақшасында үгітті жүргізе алады. Бірақ тек бір кандидатты ғана жүргізуге құқылы. Сайлау науқанында азаматтар дауыс беру учаскесін нақтылау үшін  20 қаңтардан бастап «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі іске қосылып 109 call-орталығы өз жұмысын бастады. Мұнан бөлек, telegram-бот және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы тексеру мүмкіндіктері қолжетімді», – деді Әділбек Бөрібайұлы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: