Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Жексенбі, 21 шiлде, 23:57

Салаға серпін берген

06.08.2023

326

0

Теміржол саласы – ең күрделі, ең ауқымды саланың бірі. Алып жердің бетінде қан тамырдай таралған болат жол бойында бір сәт үзілмейтін қозғалыстан тұратын саланың қиындығы айтпаса да белгілі. Ауыр тіркемелер кідіріссіз әр қиырға жол тартуы үшін қысқы аязбен жазғы аптапта жұмыс істеу кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Себебі бұл сала – еңбекқорлықты, шыдамдылықты, төзімділікті қажет етеді. Осы теміржол саласына саналы ғұмырын арнап келе жатқан жандардың бірі – Гаухар Қоңратбайқызы.

Әйел – барлық қиындықты жеңе білетін сарқылмайтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы. Себебі олар қай салада болсын өздерін еңбек ету арқылы дәлелдеп келеді. Кейіпкеріміз Гаухар Қоңыратбайқызы – Жалағаш теміржол вокзалындағы анықтама бөлімінің қызметкері. Ол 1977 жылы 7 шілдеде Жалағаш ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. 1992 жылы №31 орта мектебін бітірген Гаухарды жас кезінен теміржол саласының қызметі қызықтырушы еді. Бұған бірден-бір себеп теміржол саласында кассир, жүк қабылдаушысы болып жұмыс істеген анасы Ұрлыхан Жұмаділқызы.
Анасының еңбек жолын жалғастыруды мақсат еткен Гаухар Қызылордадағы Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық теміржол колледжіне оқуға түскен. Одан кейін Алматыдағы Қазақ қатынастар университетінде оқып, теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару жөніндегі инженер мамандығы бойынша білім алған. Теміржол саласында жолаушыларға қызмет ету, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вагондармен жеткізілген халық шаруашылық жүктерін қабылдап алу секілді жұмыс түрлері көп. Сол жұмыстарға белсене араласып абыроймен атқарған Гаухар қазіргі уақытта анықтама бөлімшесінде өзіне жүктелген міндетін абыроймен орындап, анасының өнегелі жұмысын жалғастырып келеді. Сондай-ақ ол бұл салада еңбек ету тек жұмысыңа мығым болуды ғана қажет етпейтінін айтады, сөзінше, жолаушылармен де жақсы қарым-қатынас орнату ерекше маңызға ие екен.

– Салада азды-көпті жинаған тәжірибеміз бар, Ардақты анам салған сара жолмен келемін десем де болады. Себебі ол да – осы саланың ардагері. Анамның салада қажырлы еңбек еткенін Жалағаш жұрты жақсы біледі. Мен де шама-шарқымша халыққа қызмет етемін. Мамандыққа адалдық деген бар, өзім қалаған маман иесі бодым және соған сай еңбек етемін, – дейді кейіпкеріміз.
Ел экономикасының күретамыры саналатын күрделі салада еңбек етіп жүрген Гаухар Қоңыратбайқызы бүгінге дейін көптеген алғыс хаттармен марапатталған. Қазіргі таңда ол өнегелі отбасында 1 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отыр. Қызын қияға қондырып, 2 немере сүйіп отырған аяулы ана, асыл жар, ардақты әже.

– «Ана көрген тон пішер» демекші, менің осы салаға келуіме анамның қосқан үлесі зор. Ол – теміржол саласында 35 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ардагер ана. Сонымен қатар нағашым Шыңғабай Бижанов та осы теміржол саласында 45-жыл аға шебер болып қызмет жасаған. Ол – «Құрметі теміржолшы» атағын иеленген өз ісінің маманы, сала ардагері. Осы кісілердің жолын жалғап, еңбек жолына қызығып, теміржол саласына деген қызығушылығым артты, дейді – ол.
Теміржолшылардың тынымсыз еңбегі мен қажырлы қайраты қуатты Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттыруға қомақты үлесін қосуда. Өйткені айшылық алыс жерлерге аман-есен жетуде, жолаушының жол азабын азайтуда, оған қоса жүк тасымалының қарқынды дамуының артында теміржолшылардың темірдей тәртібі, ерен еңбегі тұр.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: