Аудан жұрты үшін кешегі сенбі берекелі болды десек те болады. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жергілікті тұрғындарға ұсынылған егінжай өнімінің бағасы арзан болғанымен, сапасы сын көтереді. Мұны халық та жақсы біледі. Сол себепті жәрмеңкені асыға күтіп, қыстық азығын қамдап алуға тырысады.
Осы жылы жергілікті жерлерде бақша өнімдерін орналастыруға жер ашылып, елді мекен тұрғындарының бақша егіп, қажет өнімін молынан алуына жағдай жасалды. Жергілікті тұрғындар шаруашылықтардың демеушілігімен ауданда ашылған 500 гектар жердің 217 гектарына картоп, 63 гектарына көкөніс, 220 гектарына бақша дақылдарын егіп, күтімге алды. Жаңадан ашылған 500 гектар жер 921 отбасыға үлестіріліп, бұл күні барлық отбасы бақша өнімдерін баптап отыр. Тіпті егінжай баптаған азаматтар өнімдерін бірнеше рет аудан орталығына әкеліп, қолжетімді бағада сатып, нәпақасын айырып та жүр.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне әкелінген бақша өнімдерінің барлық түрлерімен қатар, жоңышқа және шөп преске дейін бар. Ал Жаңадария, Таң ауылдарынан келген жергілікті өнімге аудан тұрғындарының сұранысы жоғары болғанына бәріміз куә болдық. Иә, күнделікті тұтынатын азық-түлік түрлері картоп 200, сәбіз 300, пияз 200, қауын келісі 150, қарбыз келісі 100, қырыққабат 400 теңгеден болса, сондай-ақ жоңышқа 650, шөп пресі 350-ден сатылды. Сонымен бірге жәрмеңкеге қой мен тоқтыларын әкеліп, сатылымға шығарғандар да табылды. Қойдың бағасы 50 000-нан келсе, тоқтыны 40 000-ға бағалады.
– Жалағаштық еңбеккерлер өндірген өнімнің тұрақты тұтынушысымын. Себебі жыл сайын арзан әрі сапалы өнімді молынан алып қоюға тырысамыз. Мезгілімен ұйымдастырылатын жәрмеңке биыл да жалғасын тауып жатыр. Қыстың қамын жаз ойлап, картоп, сәбіз, пияз сияқты бақша дақылдарын молынан алудамыз. Әсіресе нарықтағы бағадан 15-20 пайыз төмен сатылуда, осының өзі халықтың қалтасына ауыр түспей, керісінше қыстық қамын молынан жасап алуына мүмкіндік болып тұр. Менде қажетті өнімдерді молынан сатып алдым. Бастысы кеше ғана базар бағасымен алып жүрген картоп, жуаның өзі арзан бағада сатылуда. Соны білген халық та риза болған күйде жәрмеңке алаңынан сауда жасауда, – дейді кент тұрғыны Ш.Мұхамеджан.
Расын айту керек, жәрмеңкеге келушілердің барлығы дерлік бағаның арзан екенін және ұсынылған өнімдердің сапасын атап өтеді. «Менің білуімше, аудан халқын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған еңбеккерлер бүгін тағы да қалтаға қонымды бағада ұсынуда. Азық-түліктердің сапасы сын көтеретіні көрініп тұр. Бағасы да жаңа айтып өткенімдей халық үшін тиімді болып тұр. Әсіресе үйінде ақадал малы барларға жақсы болды. Қазір тапшы болып тұрған жем-шөп, жоңышқа деген секілді өнімдер де жәрмеңкеден табылуда. Байқағанымыздай, бұл өнімдерге сұраныс та жоғары болып тұр. Осы жәрмеңкені асыға күттік. Қыстық азығымызды қамдап алдық. Әрбір өнім түрін молынан алуға тырыстық. Өйткені мұндай бағада алу күнделікті мүмкін емес. Мен жалағаштық еңбеккерлерге толайым табыстарға жетуіне тілектеспін. Өніміміз молая берсін, елде тек тоқшылық болсын» деген кент тұрғыны А.Балғабайұлы бастысы халықтың риза екенін атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, Жаңадария ауылының тұрғыны Ғалымжан Құрақбаев «Игенбай» учаскесіне 3 гектар жерге еккен қарбыз өнімін бұған дейін де жәрмеңкеге алып келген болатын. Сол кезде ауданның тұс-тұсынан жаңадариялық өнімді іздеп келгендердің саны көп болғаны белгілі. енді кешегі жәрмеңкеде де жаңадриялық қауын-қарбыздың өтімі өте жоғары деңгейде болды. Демек, бұл таза өнімге халықтың сұранысы жоғары екенін білдіреді.
Айта кетейік, сенбі күні аудан орталығында ұйымдастырылған жәрмеңкеге 30 көлікпен барлығы 92,2 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Баға тұрақтылығын сақтауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.
Нұр НАУАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!