Ұлыстың Ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі аясындағы «Наурызнама» онкүндігінің екінші күніндегі шаралар легі Рәміздер аллеясында Таң ауылдық мәдениет үйі сахналаған кимешек кигізу рәсімімен жалғасын тапты.
Қазақта ежелден келе жатқан құндылықтың бірі – кимешек. Кимешек – тұрмыс құрғаннан кейін киілетін бас киім. Оның өте көнеден қалыптасқан, тіл-көзден сақтайтын қорғаныс екені анық.
Кимешек кигізу салтына келiншек өзi де дайындық жасайды. Тіпті кимешекті үлкен аналар жақын тұтқан келініне «көзімдей көр» деп мұра ретінде де қалдырып отырған. Елге сыйлы, батыр ұл тапқан аналардың кимешектерін ырымдап сұрап алатын да жағдайлар кездеседі. Бүгін көнеден қайта жаңғырған ұлттық салт-дәстүріміз – кимешек кигізу рәсіміне куә болған жалағаштықтар Таң ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздарына ризашылығын білдірді.
Мұнан соң орталық алаңда жалғасқан мерекелік шарада Мәдениет ауылдық клубы «Саумалдық» дәстүрін қойылымдарына арқау етіп, жандандыра түсті. Көктем келіп, жер жаңарып, тіршілікке жан біткенде қазақы дәстүр бойынша ел аман-саулық сұрасып, саумалдық жасаған. Мәдениет ауылдық клубы сахналаған саумалдық бүгінгі күні желісі үзіліп бара жатқан дәстүрлеріміздің бірі.
«ЖЖ» ақпарат
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!