Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

27°C

, Бейсенбі, 17 шiлде, 07:50

Сотты сыйлау – заңды сыйлау

16.06.2025

115

0

Қазақстан құқықтық мемлекет ретінде дамып келе жатқан заманда сот билігінің рөлі ерекше мәнге ие. Сот – заң үстемдігін қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, әділеттіліктің кепілі болып табылатын маңызды институт. Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтау, кез келген дауды заң шеңберінде шешу – сот жүйесінің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан сотқа деген құрмет – бұл жай ғана этикет немесе қызметтік міндет емес, бұл заңға, мемлекетке және демократиялық құндылықтарға деген терең құрметтің айқын көрінісі.

Сот билігі – мемлекеттік биліктің дербес тармағы. Ол заң шығару және атқарушы биліктен тәуелсіз әрекет етеді. Бұл тәуелсіздік әділетті шешім қабылдаудың алғышарты. Егер сот сыртқы ықпалдан арылып, заң мен ар-ождан аясында шешім қабылдаса ғана қоғамда әділет салтанат құрады. Соттың шығарған шешімі ұнамаса да, ол заңды және орындалуға міндетті. Сотты сыйламау – бұл заңды мойындамау, ал заңды мойындамау деген сөз.

Қазіргі қоғамда сот шешімдеріне сенім арттыру – маңызды мәселелердің бірі. Бұл тек сот жүйесінің кәсібилігімен емес, сонымен қатар қоғам мүшелерінің құқықтық мәдениетімен де тікелей байланысты. Құқықтық мәдениет жоғары адам ешқашан заңды белден басып, соттың шешімін менсінбей қарамайды. Ол дау туған жағдайда біреуге жүгінбей, сотқа барады, себебі сот – әділеттің көзі екенін түсінеді. Осындай саналы көзқарас құқықтық тәртіптің, азаматтық қоғамның негізін қалайды.

Сотты сыйламау әрекеттері кейде көрініс тауып жатады. Соның ішінде сот қызметкерлерінің кәсіби абыройына нұқсан келтіру сияқты әрекеттер орын алуда. Мұндай теріс әрекеттер тек құқық бұзушылық ретінде емес, сонымен қатар қоғамдағы заңға деген құрметтің әлсіреуіне де әкеледі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қоғамда құқықтық тәрбие мен құқықтық сауаттылықты арттыру маңызды.

Сот жүйесінің тәуелсіздігіне деген құрмет – нағыз құқықтық мемлекеттің белгісі. Әрбір азамат сотқа қысым жасалмайтынына, соттың ешбір тарапты жақтамай, тек заң мен әділетке сүйенетініне сенуі тиіс. Бұл сенім болмаса, қоғамда тұрақтылық болмайды. Ал тұрақтылықсыз даму мүмкін емес.

Сотты сыйлау – бұл азаматтық сана мен жауапкершіліктің белгісі. Бұл – тек сот залында ғана емес, жалпы қоғамдық өмірде де көрініс табуы тиіс қасиет. Әрбір адам сотқа жүгінгенде әділ шешімге ие болатынына сенсе, қоғамда дау-дамай азайып, заңмен реттелген тәртіп орнайды. Бұл – еліміздің болашағына салынған берік іргетас болмақ.

Соттың қадірін білу – әділеттің салтанат құруына жол ашу. Сотты сыйлау арқылы біз заңды, мемлекетті, өзіміздің және өзгенің құқығын құрметтейміз. Бұл – әрбірімізге жүктелген азаматтық борыш, қоғам алдындағы жауапкершілік.

М.Алиякбаров

Жалағаш аудандық соттың бас маманы

 аға сот приставы Судьялар одағының мүшесі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: