Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

34°C

, Дүйсенбі, 14 шiлде, 15:21

АСЫЛ АНАЛАР ҚҰРМЕТ ТӨРІНДЕ

13.07.2025

12

0

Ақтау қаласында өткен «ZHANA ESIM» халықаралық шығармашылық фестивалінде ауданымыздың абыройын асқақтатқан Жаңаталап ауылдық клубының жанынан құрылған «Асыл аналар» ансамблін аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов салтанатты түрде қабылдады. Қабылдау барысында аудан әкімінің орынбасары ансамбль мүшелеріне аудан жұртшылығы атынан шынайы алғысын білдіріп, халықаралық деңгейде ұлттық өнерімізді насихаттап, ел рухын көтергендері үшін ризашылығын жеткізді.

– Сіздердің бұл жетістіктеріңіз — ауданымыздың мәдени өміріндегі үлкен мақтаныш. Өнерге деген адалдықтарыңыз, дәстүрді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту жолындағы еңбектеріңіз жастарға үлгі. Алдағы уақытта да аудан намысын абыроймен қорғап, ел алдында өнерлеріңіз өрлей берсін, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Шара барысында ансамбль мүшелеріне алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Құрылғанына 14 жыл толып отырған «Асыл аналар» ансамблі – халық әндері мен дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, ауыл мәдениетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген өнер ұжымы.

Ансамбль мүшелері ауылдың мәдени өміріне белсене араласып, түрлі мерекелік кештер мен рухани іс-шаралардың сәнін келтіріп жүр. Құрамында өмірлік тәжірибесі мол ардақты аналармен қатар, ел болашағы үшін ұрпақ тәрбиелеп отырған орта буын аналарда бар. Өнердің берекесін арттырып жүрген батыр аналардан құралған «Асыл аналар» ансамблінің құрамында 12 ана бар. Оның 2-еуі «Алтын алқа» иегері болса, 5-еуі «Күміс алқа» иегері. Олардың ең жасы 37 жастағы «Күміс алқа» иегері, Дана Алданазарқызы, ал ең үлкені – 76 жастағы Гүлсінай Найзагерова.

Олардың әрқайсысы ауылдың дамуына өз үлесін қосқан, әр саланың үздігі. Өнер ұжымында әжелер тек ән айтып қоймай, ұлттық салт-дәстүріміздің жандануына өз үлестерін қосуда. Олар салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған ша­раларда білген-түйгендерін үй­ретіп, қоғамдық шараларда да белсенділік танытады.

Айта кетейік, ансамбльдің белсенді мүшесі – Несібелі Берімова, облыстық «Бибі-Ана» атты ел аналары арасында өтетін байқаудан ІІІ орын алған. Сондай-ақ былтыр «Парасатты отбасы – 2024» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде «Өнерлі отбасы» номинациясын иеленіп, «Жаңа Қазақстан» республикалық инновациялық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Өнегелі отбасы» атты патриоттық байқауында жеңімпаз атанған. 49 жасынан бері ансамбльде өнер көрсетіп жүрген анамыз тағылымы мол шараларда жастармен кездесіп, қолы қалт етсе қолөнермен айналысады. Ол бөлме қабырғасын сәндеуге арналған қазақтың ұлттық қолөнері, төсектің тұсына ұсталатын «тұс киізді» енесінен үйреніп, әлі күнге дейін үйіне тұтып, жас буынға жасалу жолын үйретіп келеді. Тарихы терең тұс киізді тігу сиреп бара жатқандықтан оны көбіне тек музейлерден ғана кездестіруге болады.

Аналар сахнада шырқалған әр әні арқылы кейінгі буынға рухани тәрбие беріп келеді. Олардың орындауындағы халық әндері мен заманауи туындылар көрерменнің көңілінен шығып, үлкен алғысқа ие болуда. Әсіресе, «Ана туралы жыр», «Әдемі-ау», «Сәулем ай» секілді әндер ансамбльдің шығармашылық қоржынын байыта түсуде.

Сондай-ақ олар облыстық, аудандық байқауларда топ жарып, ауыл абыройын асқақтатуда. Мәселен «Ұлттық мереке – ұрпаққа өнеге» атты аудандық фестивальге қатысып, жүлделі ІІІ орын, «Мен енемін, келінді тәрбиелеген» атты жұптық енелер мен келіндер байқауына қатысып І орын иеленген. Мұнан бөлек, «Ардагерлер әуені» атты ардагерлер арасында өткен аудандық байқаудан ІІ орын алған. Шиелі ауданында өткен облыстық Қ.Бұдабаев атындағы аудандық Мәдениет Үйі ұйымдастырған «Жеңіске жетелеген әндер мен жылдар» атты ардагерлер арасында байқауда үздік үштіктен көрінген. Сонымен қатар «Ерліктері ешқашан өшпейді» атты пролог қоюшылар байқауынан І орынмен, «Әжелер ән салғанда» атты облыстық әжелер ансамбльдері байқауында ІІ орынмен марапатталған.

Олар Ақтау қаласында өткен Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 36 аналар ансамблі қатысқан халықаралық «ZHANA ESIM» фестивалінің ашылуында ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, шашу шашып, халық әндерімен көрерменнің ыстық ықыласына ие болған. Нәтижесінде жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін арнайы алғыс хат пен төсбелгімен марапатталған. Сондай-ақ ансамбльді фестивальге дайындағаны үшін Жаңаалап ауылдық клубының басшысы  Сандуғаш Талқанбаеваға «Мәдениет майталманы» төсбелгісі табысталған.

– Біздің бас­ты мақсат – ұмытылып бара жатқан халық әндерін қайта жаңғыртып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде көрсету, ұлттық өнерді ұлықтау. Біздің фестивалде үздік өнер көрсетуімізге септігін тигізіп, бірнеше күн бойы күні-түні бізді дайындауда елеулі еңбек еткен Жаңаталап ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлеріне, арнайылап Сандуғаш Тұрсынғалиқызына, ансамбль жетекшісі Дәулетбек Ботабайұлы мен бізді ән айту барысында баянмен сүйемелдеген Қасым Дулатұлына аналардың атынан үлкен алғысымызды білдіремін деді, – «Асыл аналар» ансамблінің мүшесі  Кеуілімшат Сатыпалдиева.

Айта кетейік, ансамбль қыркүйек айында өтетін Қырғызтан Республикасы, Бішкек қаласында өтетін халықаралық фестивальға шақырту алды. Ансамбль жетекшісі өз кезегінде аудан басшылығына көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдіріп, алдағы уақытта да ұлттық өнерді ұлықтап, биік белестерден көріне беруге уәде етті.

Аудан абыройын асқақтатқан ансамбль мүшелеріне білім саласының ардагері Ә.Ералиев, ауыл шаруашылық саласының ардагері Н.Мұқашев, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Қ.Әбдіхалықов пен аудандық аналар кеңесінің төрайымы А.Бектасқызы, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Дүйсенбиева жылы лебіздерін айтты.

Зейнетке шықса да, көпшілік алдында өнер көрсетіп, ансамбльде ән шырқаған аналардың ісі көпке үлгі.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: