Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

15°C

, Сенбі, 13 сәуiр, 23:33

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат»: Президент ел азаматтарын ұлық мерекемен құттықтады

16.12.2023

659

0

Президенттің құттықтауын Ақорда баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz.

«Құрметті отандастар!

Сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың мызғымас бірлігін айшықтайтын ұлық мейрам. Тәуелсіздік күні еліміздің азаттығын және жаңа тарихи кезеңде дербес даму жолына түскенін әйгілейді.

Біз осы мерейлі мерекеде халқымыздың бостандық туралы арманын ақиқатқа айналдыруға өлшеусіз үлес қосқан ерлердің рухына тағзым етеміз.

Азаттықтың арқасында еліміз жаңа белестерге қадам басты. Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғана Қазақстан дипломатиялық тұрғыдан мойындалып, халықаралық қауымдастықтың толыққанды мүшесі ретінде таныла басталды.

Тәуелсіздік бәрінен қымбат! Оны табысты әрі бақуатты мемлекеттің тірегі саналатын қастерлі құндылық ретінде көздің қарашығындай сақтау – ата-бабаларымыздың және келер ұрпақтың алдындағы қасиетті борышымыз.

Қазақстан стратегиялық бағытынан айнымай, мемлекеттілік дәстүрін дәйекті түрде дамытып келеді. Барлық салада қолға алынған ауқымды өзгерістер сан ғасырлық төл шежіреміздің жаңа парағын ашты. Біз баршаға бірдей мүмкіндік беріп, өсіп-өркендеуге жол ашатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Қоғамда бірлік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, жауапкершілік пен ынтымақ, білімпаздық пен еңбекқорлық сияқты құндылықтар берік орнықса, осы мақсатқа қол жеткізетініміз анық.

Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!

Көк туымыз мәңгі желбірей берсін!

Тәуелсіздігіміз баянды болсын!», делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Мт
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: