Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 20:17

Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі

29.04.2023

367

0

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясына қатысты, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясынан бері елімізде түбегейлі өзгерістер болғанын атап өтті. Атап айтқанда, саяси жүйе жүйелі түрде трансформацияланды, мемлекеттік құрылымның жаңа әрі анағұрлым демократиялық үлгісі қалыптасты. Ауқымды өзгерістер барысында Ассамблеяға баса мән берілді. Аталған бірегей институт парламенттік өкілдіктің жаңа тетіктеріне ие болды. Президент Ассамблеяның елімізді саяси тұрғыда жаңғыртып, жалпыұлттық тұтастықты нығайту ісінде маңызды рөл атқарғанына назар аударды. ҚХА барлық этносты мемлекетті дамытудың стратегиялық міндеттерін шешу ісіне жұмылдыруға ықпал етті.

Мемлекет басшысы Тәуелсіздік жыл­да­ры елімізде жаңа жалпыұлттық біре­гей­лік қалыптасқанын айтты. Президенттің пі­кі­рінше, біздің көк паспортымыз бен көк бай­рағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы.
– Қазақстан паспорты біздің бірлі­гіміз бен татулығымызға негіз болған прог­рес­сивті құндылықтарды бейнелейді. Өз кезегінде көк байрағымыз – қасиетті тәуел­сіздігіміз бен көпғасырлық мемле­кет­тілігіміздің жарқын белгісі. Туымыз ірі халықаралық спорттық жарыстарда және басқа да сондай шараларда жоғары кө­те­рілген сайын, біздің бойымызды елі­мізге деген мақтаныш сезімі кер­нейді. Даңқты отандастарымызды, спорт­шы­ла­­рымызды, мәдениет қай­рат­керле­рі­мізді, ғалымдарымыз бен сту­дент­теріміз­ді, кәсіп­керлерімізді шыққан тегіне қа­ра­мастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент біздің қоғамды ортақ идеал­дар мен құндылықтар біріктірген еркін әрі жауапкершілігі мол азаматтардың одағы деп санайды. Бұл – жалпыұлттық біре­гейлігіміздің тағы бір жарқын кө­рінісі. Оның айтуынша, бүгінде азамат­тарымыздың бәрі өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ от­ба­сының, шын мәнінде, қазақ ұлтының мүшесі сезінеді.


Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызды рөліне тоқталып, осыған орай этносаясат мәселесіне байыппен қарау керек екенін атап өтті.


– Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды. Бұл – өте орынды ұсыныс. Яғни этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керек. Бұл жұ­мыс ауқымды реформалармен үндес бо­луға тиіс. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды, этносаралық саясат айрықша назар аударып, ұдайы жетілдіріп отыруды қажет етеді. Шын мәнінде, азаматтардың бірлігін, жалпыұлттық бірегейлікті және елі­міздің этноәлеуметтік тұтастығын нығайту жөніндегі іргелі, тіпті қасиетті деп айтуға болатын міндеттерді жүзеге асырмайынша, мемлекеттің бірде-бір стратегиялық мін­детінің орындалуы мүмкін емес екенін ес­тен шығармаған жөн, – деді Мемлекет басшысы.


Сессия барысында Президент Қазақ­стан халқы Ассамблеясының қызметіндегі бірқатар басымдықты айқындап берді. Атап айтқанда, Президент бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою, этноәлеуметтік шие­ле­ністің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне тоқталды. Сонымен қатар көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау керектігін айтты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: