Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-5°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 10:45

Тазалықты сақтауды сенбілікке артпа

31.10.2023

518

0

Өткен аптаның соңында Жалағаш кенті және ауылдық округтерде жаппай сенбілік шаралары ұйымдастырылды. Аудан әкімі Ардақ Ибраимов сенбілік жұмыстарымен танысып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Апта сайын жаппай сенбілік ұйымдастыру аудандағы тазалықты сақтап қана қоймайды, адам денсау­лығына, таза ауа жұтуға да өз септігін тигізеді. Жастардың да қалауы таза Жалағаш болғандықтан, сенбілікке шығатын ерікті жастар да жетерлік. Тазалық жұмыстарына аудан бойынша меншік нысанына, орталықтағы болып жатқан жәрмеңкеге қарамастан 153 мекемеден 2100-ге жуық адам қатысып, 33 техника жұ­мыл­дырылды.

– Сенбілік – бұл ұжымдық рухты, бірегейлікті, ауызбіршілікті көрсететін керемет шара. Ауданда әр аптада жаппай тазалық жұмыстары жүргізіліп тұрады. Әр тұрғын бір адамдай ат­са­лысуда. Осының арқасында болар, ауданымыздың әр көшесі едәуір таза. Бүгін сенбілікке шығып, тал­дарды әктеп, айналаны сыпырып, қо­қыс­тарды жинап жатырмыз. Әр адам сенбілікке кішкене де болса атса­лысып, үлесін қосса, тазалыққа деген жауапкершілігі де арта түседі. Жанға рахат, көңілге шаттық сый­лайтын тазалық шараларына алдағы уақытта да аудан тұрғындары бел­сене қатысса, нұр үстіне нұр болар еді, – деді әр сенбілікте белсенділік таны­татын Болат Аққасынов.
Рас, тазалық әр адамның өзі­нен басталуы тиіс. Өз ауласын тазар­тып, абаттандыруға көңіл бөлсе, ауаны да тазартып, ауданды да көр­кейтуде үлес қосар еді. «Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауап­кершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалықты жанына серік еткен кент тұрғындары сенбілікте жабайы шөптерді шауып, қураған талдарды кесіп, аяқ су жүретін арық­тарды тазартты. Сонымен қатар аудан бойынша мекемелер мен аллея­лардың сыртқы қоршауларын, орын­дықтарын сырлау, талдарды әктеу, парктер мен аллея­ларды тазалау жұмыстары жүр­гі­зілді. Жалпы 18 тоннаға жуық күл-қоқыс жиналып, белгіленген орын­дарға шығарылды.
Жиналған қоқыс­тарды шығаруға Жалағаш кенті және ауылдық округтер бойынша шаруа қожалықтардың техникалары жұ­мыл­дырылды. Айта кету керек, ай­мақта мұндай тазалық жұмыстары көп жылдар бойы тұрақты түрде жүргізіледі.
– Қазір тазалықты сақтауда бәріміз бір кісідей араласып жатқанымыз рас. Бірақ өкініштісі, сол еңбекпен жи­налған көшелерден бос, иесіз жүрген жануарларды көреміз. Оларды жайы­лымға қараусыз жібереді. Иә, төрт түлікті асырау қанымызға сіңген ша­руашылықтың түрі екені белгілі. Алайда иесіне тапсырып, жайылым­дарға тура баруын қадағалау қажет. Себебі жануарларды бос жіберу кент тазалығына немқұрайлық та­ныту бо­лып табылады. Жануарлар қараусыз жүргеннен кейін аллеяларда, парк­терде, тіпті орталық алаңға да кіріп, тазаланған орындарды бүлдіріп ке­теді. Халық болып тазартқан ау­ла­мыз қайта бүлініп, шашылып қал­маса екен деймін. Әр адам та­залықты сақтауды, аудан жағдайын жақ­сартуды өз мін­деті, парызы етіп алу қажет. Сонда ғана мұндай жағ­дайларға жол бермес, – дейді аудан тұрғыны Мәншүк Нұрмаханова.
Расында «адамның жануардан басты айырмашылығы санасында» дей­ді ғой, қараусыз жүрген жануарлар оны түсінбесе де, иелері түсінуі қажет. Мә­селен, сиыр, ешкілердің кө­зіміз көріп жүрген қоқыс салатын жәшіктерді төңкеруі, шөптерді ша­шып, өсіп тұрған ағаштарды бүлдіруі, жалпы көше бойын ластауы сынды жағдайлар бірінші рет емес, соның салдарынан біріншіден, табиғат лас­танады, екіншіден, кенттің таза тұ­руына кедергі келтіреді.
Бауыржан атамыз «тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» дейді. Әр адам осы тәртіпті өзінен, отбасынан бастаса, бәрі ойдағыдай болады, бұл ауданның да көр­кеюіне қосқан үлесі болар. Туған жеріміздің тазалығына, келбетінің көркеюіне атсалысу – әрбір тұрғынның міндеті. Тазалық ұғымы қоқыстарды жи­наған жерде емес, шашпаған жерде қалыптасады. Сондықтан ке­рек­сіз затты жер­ге тастар алдында ойланайық!

Ақнұр АЛТЫНБЕК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: