Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Жексенбі, 20 сәуiр, 14:00

Тиянақты дайындық – мол өнім кепілі

15.02.2025

186

0

Астықты өлкедегі Сыр елінің еңбексүйгіш шаруалары жылда су тапшылығының қиындығына қарамастан мол өнім алып келеді. Аудан еңбеккерлері былтырғы науқанды абыроймен қорытындылағаны баршаға мәлім. Жаз бойы баптаған астықты шашпай-төкпей жинап алғанға дейін қызу тірлікке жауапты адамдардың барлығы егістік даласында бой көрсетті. Себебі бұл еңбектің артында өңірдің ырысы мен несібесі тұрды. Шүкір, еселі еңбектің нәтижесінде қамба сары алтынға толды. Былтыр қамбаға нақты қанша астық құйылды, биылғы меже қалай? Тарқатайық…

Рекорд орнатты

Иә, Жалағаш ауданының диқандары былтыр рекордтық өнім жинап, аймақта «Үздік аудан» номинациясын жеңіп ал­ды. Жалпы аграрлық ауданда 37 218 гек­тарға ауыл шаруашылығы да­қыл­дары егіл­се, оның 19 800 гектары – күріш. Сыр салысының әр гектарынан 60,5 цен­тнерден өнім алып, қамбаға 1 197 900 цен­тнер өнім жиналған еді.
Сондай-ақ бидай, арпа, сұлы, қант құ­майы, мақсары, картоп, көкөніс, бақша дақылдары мол өнім берген. Тар­қатып айтсақ, 129 гектар күздік бидайдың әр гектарынан 13, 770 гектар жаздық бидайдың әр гектарынан 9, центнерден, 665 гектар мақсарының әр гектарынан 8,7, 200 гектар қант құмайының әр гектарынан 41, 40 гектар арпаның әр гектарынан 8,2 цент­нерден өнім жиды. Мұнан бөлек 64 центнер сұлы, 33 276 центнер картоп, 195 центнер көкөніс, 299 650 центнер бақша дақылдары жи­налды. 4 850 гектар жаңа жоңышқаның гектарынан 12,5 центнерден өнім алынды. Сондай-ақ 8091 гектар ескі жоңышқаның 191 гектары тұқымға алынып, 7900 гектар жоңышқа 65 центнерден өнім берді.

500 мың тонна
астық жиналды

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өткен жылдың қорытындысымен ауыл ша­­­­руа­шылығы бойынша аймақта өсім көр­­­сеткіші 2,3 пайызға, ауыл шаруа­шы­лы­ғының негізгі қорына салынған ин­­вес­тиция көлемі 32 пайызға артқан. Ал тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі ка­пи­талға са­лынған инвестиция 22,2 па­йыз­ға өскен.
Облыстық ауыл шаруашылығы жә­не жер қатынастары басқармасының мә­ліметінше, былтыр 189,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Негізгі дақыл күріштің көлемі 85,6 мың гектарды құрады. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында ди­­қан қауымға су қажетті деңгейде жеткі­зіл­ген. Сондай-ақ шаруашылықтар егін жинау жұмыстарына қажетті ауыл ша­руа­шылығы техникасы, жанармай және ми­нералды тыңайтқыштармен толық қам­­тылған. Нәтижесінде 500 мың тоннаға жуық астық жиналып, күріштің әр гек­та­ры­нан 58 цен­тнерден өнім ал­ынды.
Биыл аймақта 190 мың гектарға ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын ор­наластыру жоспарланған. Ауыл ша­руашылығы құры­л­ым­дары биыл­ғы егісі үшін өткен жылдың күз айларында 4,3 мың гектар күздік би­дай егуді және 50,4 мың гектар сүдігер айдауды қамтамасыз еткен. Қазіргі таңда тұқым құю және оны тазалау, минералды тыңайтқыштар мен гербицидтерді сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларын дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде аймақта төрт түлік саны өсіп, өнім өндіру тұрақты ұлғаюда. Атап айтқанда, 2025 жылы 365,1 мың, 657 мың уақ мал, 257,9 мың жылқы, 60,7 мың түйе және 124,3 мың құс тіркелген. Өткен жылдың қорытындысымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсу индексі 99,6 пайызды құрап, Сыр өңірі республика бойынша баға индексі төмен 4 өңірдің қатарына енді.

Тұқыммен 100 пайыз
қамтамасыз етілген

Биыл облыста 190 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Бұ­йырса, аймақ шаруалары көктемгі егіс­ке үлкен әзірлікпен келмек. Өйткені бұл жұ­мыстар аймақ басшысының тікелей ба­қылауында. Сон­дықтан ди­қан­дарға алаң­­дауға негіз жоқ.
Үкіметтің Жол картасына сәйкес биыл күріш егісі 80 900 гектар болып бекітілген. Қосымша 5 мың гектар кү­рішті қашыртқы сумен, жерді лазерлік тегістеу арқылы үнемделген сумен суа­ру көзделуде. Сонымен қатар ауыл ша­руа­шылығы құрылымдары тұқыммен және тыңайтқышпен 100 пайыз қам­тылған. Қа­жетті 64 600 тонна тыңайт­қыштың 11 300 тоннасы – отандық өнім.
Шаруашылықтар есебіндегі 4046 тех­­ни­каның 82,2 пайызы жөндеуден өткен. Қалғаны наурызға дейін 100 пайыз да­йын болады. Энергетика министрлігі 10 мың тонна дизель отынын да бе­кіт­кен. Бүгінде жеткізуші операторлар айқындалып, ақ­пан айына бөлінген дизель отынына тө­лем жүргізілуде. Алай­­да жоспарланған егіс көлемі Мем­ле­ке­та­­ралық су шаруа­шы­лығын үйлес­тіру ко­миссиясы отырысынан кейін қайта нақ­ты­лан­бақ.

Техника алуға
200 млрд теңге бөлінеді

Мемлекет басшысының тапсырма­сы­на сәйкес егін шаруашылығын қар­жыландыру көлемін ұл­­­­­­ғайту ша­ра­лары қолға алынған. Был­­­­тыр осы мақсатқа ал­ғаш рет 5 пайыз мөлшерлемемен 580 млрд теңге бөлінді. Қаржы шаруаларға суб­си­диясыз тікелей берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
Биыл аталған бағыттағы қаржы­лан­­дыру көлемін 900 млрд теңгеге де­йін ұлғайту көзделген. Оның ішінде же­­­ңіл­детілген лизинг арқылы ауыл ша­руа­шылығы техникасын алуға 200 млрд теңге бөлінеді. Төмен пайызбен берілетін не­сиені тиімді пайдаланып, сыбайлас жем­қорлық тәуекелдерін азайту үшін мем­лекеттік қолдау тетіктеріне өзгеріс ен­­гі­­зіл­­ді.

Суды аз қажет ететін дақылдар 597 гек­тарға артты

Мемлекет басшысының су үнемдеу ту­ралы тапсырмасына сәйкес аймақ­та су көп қажет ететін дақылдар кө­ле­мі оңтайландырылып, үнемдеу тех­но­­­логиясы енгізілген. Жалпы жаңа тех­­­­но­­логияларды пайдалану көлемі 4 400 гек­тарға жеткен. Бұл өткен жылмен са­лыстырғанда 5 есе артық. Бүгінде Шиелі, Қазалы, Арал аудандарында су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 3 ірі жоба іске асуда. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін ци­ф­р­ландыру аясында субси­дия­лау про­цестері «Гос­Агро» порталы арқылы он­лайн жүр­гізілуде. Жер учас­келерін са­ту, жалға беру веб-портал арқылы элек­трон­ды түрде өтеді.
Осы орайда Жалағашта аймақ бас­­­шы­сының тапсырмасына сәйкес суды аз қажет ететін дақылдарды кө­бейтуге ба­сымдылық берілді. Осы ба­ғытта был­тырғы жылы егіс алқабы 597 гек­тарға артты. Осы жетістіктердің нәтиже­сінде ауданымыздың бірқатар шаруашы­лықтары мен қызметкерлері озат ата­нып, арнайы жүлделермен мара­пат­талды.
Сондай-ақ өткен жылы ауданда әр отбасы өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдермен қамтамасыз ету үшін шаруашылық құрылымдарымен 500 гектар жер дайындалып, 188 гектар жерге картоп, 191 гектар жерге бақша, 121 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп, ысырапсыз жинап алынды.

36 780 гектарға
егін егіледі

Жалпы аудан бойынша биыл 36780 гектарға егін егу жоспарланған. Бүгінде көк­темгі дала жұмыстарын оңтайлы мер­­­­зімде жүргізуді қамтамасыз ету үшін ша­руа­шылықтармен қолда бар тех­ника­лар­ды толық дайындау жұ­мыс­тары жүру­де.
Иә, аудан шаруашылықтары техника паркін жаңарту жұмыстарын үнемі жүргізіп келеді. Былтыр 1 млрд 886 млн теңгеге 27 ауыл шаруашылығы тех­никасы сатып алын­­ды. Ал өткен күзгі дала жұмыстарына 1027 ауыл ша­руашылығы техникасы қа­тысқан. Оның ішінде 431 трак­­тор, 249 комбайн, 124 жатка, 58 жүк көлігі, 165 трак­тор тіркемесі бар.
Со­­нымен қатар барлық су нысанын то­лық дайындыққа келтіруді, су жолда­рын тазалау, оның ішінде егіске қажетті тұ­қымдар, минералдық тыңайтқыштар, гер­­бицидтер және дизель отынымен дер ке­зінде қамта­масыз ету де басты назар­да.
Егінді әртараптандыруды
қолға алған

Жасыратыны жоқ, өткен айда картоп бағасы күрт көтеріліп, елді әбігерге салды. Сондықтан аудан диқандары кү­ріш көлемін азайтып, көкөніс және бақ­ша өнімдеріне басымдық беруге ниетті.
Иә, жалағаштық диқандар егін ша­руашылығын әртараптандыру мақса­тын­да бақша дақылдарын егуді қолға ал­ғанына 2-3 жылдай болды. Солардың бірі – «Ер-Әлі» шаруа қожалығы. Шаруа­шылық күріштен бөлек жыл сайын ірі көлемде картоп егеді. Өнімі де жаман емес. Шаруашылық төрағасы Әлі­би Бек­жановтың мақсаты – жи­налған өнімді сырт өңірлерге қымбат бағамен сатып, пай­даға кенелу емес, ау­дан халқын кар­топ­­пен қамтамасыз етіп, бағаны тұрақ­тан­дыру.
Еңбек адамының айтуынша, қырық­қабаттың біздің жерге шығуы қиындау. Ал картоп-сәбізді егуге болады. Әрине, көкіністі бос, тың жерге егу керек. Ол үшін шаруашылық 5 шақырым жерге электр энергиясын тартып, насос апа­рып қойған. Осылайша тамшылатып суару әдісімен картоп, сәбіз егуді қолға алған. Жоңышқа, саплерге қарағанда картоп, сәбіз жақсы шығады. Тұқымдық картопты, егетін тех­ни­каны да әкеліп қойған. Баяғы қолдап егіп, қолдап жи­нау, яғни ескі әдіс енді кел­­меске кет­кен. Қазір бәрі арнайы техни­каны, жаңа технологияны қажет етеді.
Осы орайда шаруа адамы аудан орталығында шағын жәрмеңке ұйым­дас­­ты­рып, картоп өнімін аудан тұрғын­дары үшін арзандатылған бағада сатып тұра­ды.

Жалағашта жаңа технология

Айта кетейік, былтыр егінді сумен қамтамасыз ету үшін ауданға қажет-ті су көлемі 820 млн текше метрді құ­рады. Оның ішінде егінге 664 млн текше ме­тр, экологиялық қажеттілікке 156 млн текше метр қажет болды. Вегета­­циялық кезеңде қажетті су көлемі ауыл шаруашылығы құрылымдарына уақытылы жеткізілді. Алайда аудан­да­ғы бірқатар шаруа қожалықтың «Жа­лағашсушар» өндірістік учаскесіне су жет­кізіп беру қызметіне қарызы 305,9 млн теңгені құрап, төленуге тиісті қар­­­жының 42,8 пайызы өтелмеген. Жер­гілікті би­лік­тің айтуынша, бұған қа­­тысты бүгінде тиісті жұмыстар атқа­рылуда.
Қуантарлығы, аудан шаруалары су үнемдеу технологияларын меңгеріп, егін егуде тиімді пайдалануда. Мә­селен, жа­ла­­ғаштық жаңашыл «Ер-Әлі» шаруа қо­жалығы «Rubicon» құрыл­ғы­сын тәжірибе ретінде осыдан екі-үш жыл бұрын қол­данысқа енгізген. Яғни алқап басына об­лыстағы бірінші автоматтандырылған тос­па қойылып, ысыраптан арылған. Жаңа құрылғы әр литр сайын өтетін судың мөл­шерін есептеп, автономды түрде күн сәу­лесінен қуат алатын батареялармен жұ­мыс істейді. Сол арқылы шаруа қо­жа­лық алғашқы жылдары 19-20 мың тек­ше метр су үнемдеген. Осындай жа­ңа технологиялардың нәтижесінде шаруа­шы­лық биыл 101 центнерден рекордтық өнім алған.

Күріштіктен шыққан суды
кәдеге жаратқан

Сондай-ақ «Ер-Әлі» шаруа қожа­лығы шалғайдағы Аққырды өндіріске қо­­сып, ауыл халқына жұмыс берді. Нақ­тырақ айтсақ, былтыр елді мекен шаруалары 123 гектар жерді өңдеп, 8 шақырым аумаққа электр тар­тып, күріш еккен болатын. Суды үнем­деу­дің тың тәсілі ретінде Мақпалкөл ауы­лы­ндағы кү­­ріш­тіктен шыққан суды кәдеге жарат­қан.
Сонымен қатар су шығынын азайтуда егістік жерді лазерлік тегістеудің маңызы зор. Сондықтан диқандардың лазерлік жер тегістеу әдісін пайдаланып, су үнем­деуді қолға алуына тура келген. Қазір дән себердің алдында лазерлік жер тегістеу тәсілі міндетті түрде қолданылады. Сон­дай-ақ күріш дәнін топыраққа дискілеп ен­гізу арқылы егіледі. Бұл әдіс жерді те­гістеуге, суды үнемдеуге, мол әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік бе­реді. Тыңайтқыш пен тұқымды үнемдеп егу­ге де үлкен септігін тигізеді. Осындай жаңа технологиялардың нәтижесінде ша­руа­шылық биыл рекорд­тық өнім алған.

Тамшылатып суару – тиімді тәсіл

Тамшылатып суару және жаңбырлату әдістерін қолданғанда өнімділік 30 па­йыз­ға жоғары болады. Осы орайда ел­де су үнемдеу технологияларымен суар­малы жерлерді кеңейту жұмысы қолға алынған. Биыл мұндай жер көлемі 462 мың гектарды құраса, 2026 жылға қарай 762,2 мың гектарға жеткізілмек. Осы мақ­сатта Үкімет қажетті мемлекеттік жә­не қар­жылық қолдау көрсетуде. Ерек­ше тоқталатын жайт, ауданға қа­расты Те­мірбек Жүргенов ауылының ди­қан­дары 2 жылдан бері тамшылатып суа­ру әдісі арқылы картоп және сәбіз егіп, мол өнімге кенелген.
– Алғашында тәжірибе ретінде там­шылатып суару әдісімен 5 гектар сәбіз, 1 гектар қызылша және 24 гектар картоп өсірдік. Өнімді күзде жинаймыз, ал қа­зан айында қызылша толық пі­седі. Өйт­кені бұл тамыр дақылдары ша­мамен 220 күн өседі. Жалпы бұрынғыдай жер­ге тұқымды шашып, суды жібере сала­тын заман кетті. Сондықтан шаруалар әр­дайым ізденіс үстінде болуы керек. Бү­гінде әртүрлі заманауи техникалар шы­ғуда. Соларды зерттеп, практикалық тұр­ғыда пайдалану біз үшін маңызды. Сонда ғана өнім мол болмақ, – дейді еңбек ада­мы Әліби Бекжанов.
Түйін. Мемлекет басшысы Жол­дауда шаруалар тек мол өнім алу керек де­ген ұранға бой ал­дырмай, аяқсуды барынша үнемдеу жұмысын да жүйелі ұйымдастыру керегін атап өткен болатын. «Бұл – ең алдымен ауыл шаруашылығына қа­тысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе ауыл ша­руа­шылығында кеңінен қолдану қа­жет» деді. Осы ретте Үкі­­меттің ке­зекті оты­ры­сында Пре­мьер-ми­нистр Олжас Бекте­нов қызы­лор­далықтардың осы мақ­сат­тағы тә­жіри­бесін басқа өңірлерге үлгі етті.
Иә, біздікі елеулі еңбекті көзіқ­арақты оқырманға жет­кізіп, басқа да шаруашылықтарға үл­гі ету. Бастысы, маңдай терің маржан дән­ге айнал­сын, диқан!

Жандос Жазкен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: