Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де, яғни Қазақстан Республикасында да ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды.
Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты –Ата заңы. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында Қазақстан Республикасының Ата заңы өмірге келді.
Биыл Ата Заңның қабылданғанына 30 жыл.
Ата заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.
Еліміздің Ата заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүддесін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат ғаламына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғырын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ождан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді.
Жалпы, Конституция, еліміздің ең маңызды саяси – құқықтық құжаты болып табылады. Бұл өмір сыннан өтіп өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Тәуелсіз еліміздің негізгі заңы, халқымыздың құқықтық мәдениетінің негізін қалаған, қоғамыздың одан әрі даму деңгейіне сәйкес келетін құқықтық гуманитарлық тұжырымдамасы бола білді. Сөйтіп, Конституциямыз еліміздің бүкіл нормативтік құқықтық базасын қамтамасыз етіп мемлекеттік билік органдарының, жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдарының, жеке азаматтардың қызметін заң аясында жүзеге асыруына негіз қалады. Қазір қоғамыздағы барлық құқықтық міндеттер осы негізгі Заң – Конституция негізінде жүзеге асуда. Қалыптасқан түрлі қарым-қатынастар осы Конституция арқылы реттеліп отырады. Мұнда мемлекеттік органдар қызметінің бірынғай жүйесін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Бұл негізгі заңымыздың ең басты талабы.
Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.
Б.Исағабылов
Аудандық соттың бас маманы
Судьялар Одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!