Алаштың анасы атанған Сыр топырағынан қара қылды қақ жарған билер мен шешендер, күйшілер мен төкпе жырлар төккен ақын-жыраулар, Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырлар, еңбек десе ішер асын жерге қоятын еңбек ерлері нәр алған. Заманында топ бастаған тұлғалар ешқашан ұмыт қалмай, олардың ерен еңбегі жас ұрпаққа ұлықталып келеді. Кеше Еңбек ауылында ақ жолдан адаспай басшылық қызметте болып, халықтың еңсесін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан Сәмит Далдабаевты еске алуға арналған «Елге сыйлы ер еді» атты кеш өтті.
«Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері» «ҚР еңбегі сіңген қызметкері» Тереңөзек, Сырдария, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы Сәмит Далдабаевты еске алуға арналған кешке оның жары, балалары мен ауыл тұрғындары қатысты. Айтулы азаматпен кішкентайынан бірге өскен інілері мен жары, балалары естеліктерімен бөлісіп, өнегеге толы өмір жолын көпшілікке жеткізді.
– Сәмит аға 1938 жылы 5 қарашада Жалағаш ауданындағы қазіргі Еңбек ауылдық округінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласып, ерте есейді. Көктем келе дала жұмыстарына дем беріп, «Жыңғылды» көлінен су жеткізетін арықты шөп басып қалады. Әкесімен бірге соны тазалауға атсалысады. Ол кезде ауылдарда жетіжылдық мектептер болды. Ауылында білім алған Сәмит аға оқуын Жалағашта жалғастырып, 1956 жылы «Сталин» атындағы мектепті күміс медалмен бітірді. Сол жылы Алматыдағы зооветеринариялық институтына оқуға түсіп, 1961 жылы мал дәрігері мамандығы бойынша бітірді, – дейді ауыл ақсақалы Әбдіқаппар Ысқақов.
Сәмит Далдабаев еңбек жолын Тереңөзек кеңшарында мал дәрігері ретінде бастайды. Кейін Сырдария ауданының мал дәрігері, аудандық мал дәрігерлік станциясының бастығы болды. 1965 жылы Сырдария, 1967 жылы Тереңөзек аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1974 жылы Жалағаш аудандық партия комитетінің хатшысы, 1975 жылы Сырдария аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 1983 жылы Сәмит Далдабаев аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Оның ұйымдастырушылық қабілет-қарымы көрініп, 1984 жылы күріш жинау науқанында мол өнім жинайды. Бұл меже арада 15 жыл өткенде орындалған еді.
Замандастарының айтуынша, Сәмит Далдабаев басқарған жылдар аудан еңбеккерлері үшін аса табысты болған. Ол мал басын көбейту, төл алу мен мал шығынын азайтуда да жетістіктерге жеткен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Жалағаш ауданының әкімі болып, 1997 жылға дейін ауданды басқарды. Кейін облыстық тәртіптік кеңес басқармасының бастығы болды.
– Сәмиттің елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1971 жылы «Құрмет белгісі», 1981 жылы «Халықтар достығы», 2010 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ 1973 жылы «Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері», 1998 жылы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер» атағына ие болды. 2006 жылы Селолық тұтыну кооперативтері облыстық қауымдастығы қоғамдық ұйымының төрағасы ретінде атқарған ісі қомақты. Қоғамдық жұмыста ол «Мүсірәлі Пір ата» қоғамдық қорының төрағасы ретінде Қызылорда қаласының орталығынан «Мүсірәлі Пір Ата» мешітін салуға үлес қосты. Ол – жұмыс тәжірибесін ғылыммен ұштастырған жан. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты болды. 1965 жылдан бастап үздіксіз Тереңөзек, Сырдария, Жаңақорған және Жалағаш аудандық кеңесінің, 1975 жылдан Қызылорда облыстық Кеңесінің депутаты болып сайланды, – дейді жары Айгүл Өміртайқызы.
Иә, Сәмит Далдабаев – білікті басшы ғана емес, отбасының тірегі, ұл-қыздарының ақылшысы. Жары Айгүл Өміртайқызы екеуі тоғыз перзентіне тәлімді тәрбие сіңіріп, саналы білім алуына жан-жақты жағдай жасаған. Бүгінде балалары шаңырақ көтеріп, өмірден өз орындарын тауып, әр салада елдің өркендеуіне қызмет етуде.
Әділдігі мен турашылдығы үшін, заманында халқы қадірлеген кейіпкерімізді еске алуға арналған кеш «Билік те, байлық та уақытша, басты байлық – денсаулық. Сондықтан денсаулығымыздың арқасында ел үшін, халық үшін қызмет ету – бізге парыз бен өтелмеген қарыз» деген Сыр елінің сардары Сәмит Далдабаевтың сөзімен қорытындыланды.
Ақтоты БҮРКІТБАЙ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!