Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

26°C

, Жұма, 03 мамыр, 09:07

Туралықты ту еткен

19.04.2024

189

0

Алаштың анасы атанған Сыр топырағынан қара қылды қақ жарған билер мен шешендер, күйшілер мен төкпе жырлар төккен ақын-жыраулар, Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырлар, еңбек десе ішер асын жерге қоятын еңбек ерлері нәр алған. Заманында топ бастаған тұлғалар ешқашан ұмыт қалмай, олардың ерен еңбегі жас ұрпаққа ұлықталып келеді. Кеше Еңбек ауылында ақ жолдан адаспай басшылық қызметте болып, халықтың еңсесін көтеруге өлшеусіз үлес қосқан Сәмит Далдабаевты еске алуға арналған «Елге сыйлы ер еді» атты кеш өтті.

«Қазақ ССР-на еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері» «ҚР еңбегі сіңген қызметкері» Тереңөзек, Сырда­рия, Жалағаш және Жаңақорған аудан­дарының құрметті азаматы Сәмит Дал­дабаевты еске алуға арналған кеш­ке оның жары, балалары мен ауыл тұр­ғындары қатысты. Айтулы азаматпен кішкен­тайы­нан бірге өскен інілері мен жары, ба­ла­лары естеліктерімен бө­­лісіп, өнегеге толы өмір жолын көпші­лікке жеткізді.
– Сәмит аға 1938 жылы 5 қарашада Жалағаш ауданындағы қазіргі Еңбек ауылдық округінде қарапайым отба­сында дүниеге келген. Оның балалық шағы екінші дүниежүзілік соғыспен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласып, ерте есейді. Көктем келе дала жұмыс­тарына дем беріп, «Жыңғылды» кө­лінен су жеткізетін арықты шөп басып қалады. Әкесімен бірге соны тазалауға атсалысады. Ол кезде ауылдарда же­тіжылдық мектептер болды. Ауы­лында білім алған Сәмит аға оқуын Жалағашта жалғастырып, 1956 жылы «Сталин» атындағы мектепті күміс медалмен бітірді. Сол жылы Ал­ма­тыдағы зооветеринариялық ин­сти­ту­тына оқуға түсіп, 1961 жылы мал дәрі­гері мамандығы бойынша бітірді, – дейді ауыл ақсақалы Әбдіқаппар Ысқақов.
Сәмит Далдабаев еңбек жолын Тереңөзек кеңшарында мал дәрігері ретінде бастайды. Кейін Сырдария ауданының мал дәрігері, аудандық мал дәрігерлік станциясының бастығы болды. 1965 жылы Сырдария, 1967 жылы Тереңөзек аудандық ат­қару комитеті төрағасының бірінші орын­­басары, 1974 жылы Жалағаш ау­дандық партия комитетінің хатшысы, 1975 жылы Сырдария аудандық Ке­ңес атқару комитетінің төрағасы қыз­метін атқарды. 1983 жылы Сәмит Далдабаев аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болды. Оның ұйымдастырушылық қабілет-қа­­ры­мы көрініп, 1984 жылы күріш жинау нау­қа­нында мол өнім жинайды. Бұл меже арада 15 жыл өткенде орындалған еді.
За­ман­дастарының айтуынша, Сә­мит Далдабаев басқарған жылдар ау­дан ең­беккерлері үшін аса табысты болған. Ол мал басын көбейту, төл алу мен мал шығынын азайтуда да же­тістіктерге жеткен. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары Жалағаш ауданы­ның әкімі болып, 1997 жылға дейін ау­данды басқарды. Кейін облыстық тәр­тіптік кеңес басқармасының бас­тығы болды.
– Сәмиттің елге сіңірген еңбегі елеусіз қалған жоқ. 1966 жылы «Ең­бектегі ерлігі үшін» медалімен, 1971 жылы «Құрмет белгісі», 1981 жылы «Халықтар достығы», 2010 жылы «Құр­­мет» орденімен марапатталды. Сондай-ақ 1973 жылы «Қазақ ССР-ына еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері», 1998 жылы «Қазақстан Рес­публикасына еңбегі сіңген қызмет­кер» атағына ие болды. 2006 жылы Селолық тұтыну кооперативтері об­лыс­тық қауымдастығы қоғамдық ұйы­мының төрағасы ретінде атқарған ісі қомақты. Қоғамдық жұмыста ол «Мүсірәлі Пір ата» қоғамдық қоры­ның төрағасы ретінде Қызылорда қа­ласының орталығынан «Мүсірәлі Пір Ата» мешітін салуға үлес қосты. Ол – жұмыс тәжірибесін ғылыммен ұштас­тырған жан. Ауыл шаруашылығы ғы­лым­дарының кандидаты болды. 1965 жылдан бастап үздіксіз Тереңөзек, Сырдария, Жаңақорған және Жалағаш аудандық кеңесінің, 1975 жылдан Қы­зы­лорда об­лыстық Кеңесінің депу­таты болып сайланды, – дейді жары Айгүл Өміртайқызы.
Иә, Сәмит Далдабаев – білікті басшы ғана емес, отбасының тірегі, ұл-қыз­дарының ақылшысы. Жары Айгүл Өмір­тайқызы екеуі тоғыз перзентіне тәлімді тәрбие сіңіріп, саналы білім алуына жан-жақты жағдай жасаған. Бүгінде балалары шаңырақ көтеріп, өмірден өз орындарын тауып, әр сала­да елдің өркендеуіне қызмет етуде.
Әділдігі мен турашылдығы үшін, заманында халқы қадірлеген кейіп­керімізді еске алуға арналған кеш «Билік те, байлық та уақытша, басты байлық – денсаулық. Сондықтан ден­саулығымыздың арқасында ел үшін, халық үшін қызмет ету – бізге парыз бен өтелмеген қарыз» деген Сыр елінің сардары Сәмит Далдабаевтың сөзімен қорытындыланды.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: