Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

1°C

, Бейсенбі, 05 желтоқсан, 21:55

Ұлттық мереке ұлықталды

28.10.2023

452

0

Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке. 1990 жылы 25 қазан күні Республиканың Жоғары кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының құқықтық негізін қалаған Декларацияны қабылдады. Осы тарихи маңызды оқиға арқылы Қазақстан дербестіктің, тәуелсіздіктің алғашқы баспалдағын басты. Сол уақыттан бері мемлекетіміз өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына төтеп бере отырып, даму мен өркендеу жолында келеді.

Еңселі егемендігіміздің, тұғырлы тәуелсіздігіміздің, айбарлы азатты­ғы­мыздың айғағы ұлттық мереке Рес­публика күні аудандық Қонысбек Қа­зан­таев атындағы мәдениет үйінде аталып өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Ардақ Ибраимов бастаған бір қатар ел ағалары, бөлім басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
– 25 қазан – еліміз үшін айырықша маңызды күн. 1990 жылы 25 қазан күні еліміздің егемендігі туралы дек­ла­рация қабылданды. Бұл тарихи құжат қазақ халқының тәуелсіздік жо­лындағы тұңғыш қадамы, біздің ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аң­саған еліміздің тәуелсіздігінің іргетасы болды. Бүгінде әлемнің алпауыт ел­дері мойындаған Қазақстан Рес­пуб­ли­касының қалыптасу кезеңі өте күрделі. Ұлан байтақ алқапты алып жатқан қазақ даласы аса ауыр ке­зең­дерді бастан өткерді. Тәуелсіз өз алдына мемлекет құру жолында та­лай батырымыз құрбан болды. Осын­дай сынақтардан қазақ халқы сү­рінбей, тізе бүкпей, еңсесін биік ұстады. Тағдырдың бұл сынақ­тары қазақ халқын одан әрі биік бе­­лес­терді бағындыруға жетелеп, тағ­дыр тауқыметі ұлтымыздың жүре­гінен азаттық рухын өшіре алмады. Рухы биік өр халқы намысын еш­кімге таптатпады. Байыптап қара­сақ, ға­сыр­­лар тоғысында талай қиын­дықты бас­тан кешірген қазақ хал­қына өз тәуел­­сіз мемлекетін құру бұйырса, тәуелсіз елдің іргетасын бе­кіту, эконо­микасын нығайту біздің несібе­мізге бұйырды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңге көз жіберсек, өзіміз туып өскен Сыр бойында да дүбірлі өзгерістер аз емес. Облыста серпінді жұмыстар жүріп, аймақ жаңаша дамуда. Игі­лікті істер біздің ауданда да бар­шылық. Бүгінгі таңда ынтымақ пен бір­лікті ту етіп, ел мүддесі жолында аянбай еңбек етіп жатқан аудан хал­қына алғысым шексіз. Бар­шаңызды егемендігіміздің бастауы бол­ған ұлттық мереке – Республика күні­мен құттықтаймын, – деді аудан басшысы Ардақ Әбдіғаппарұлы.
Өздеріңіз білетіндей, Ұлттық ме­реке – Республика күні қар­саңын­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығымен бір топ аза­мат мем­лекеттік наградалармен мара­пат­талған болатын. Оның ішінде Қызылорда облысының және Жалағаш ау­данының құрметті азаматы, «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Ша­ғыр­таевқа өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерек­шелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерек­шелік белгісі – «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені табысталды.
Салтанатты шарада ауданы­мыз­дың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосқан жалағаштықтар марапат төрінен кө­рінді. Алдымен үлгілі отбасының ұйыт­­қысы, өнегелі отбасының анасы, еге­менді еліміздің демографиясының ілге­рілеуіне өзіндік зор үлес қосып отыр­ған бірқатар көпбалалы батыр ана­ларға Қазақстан Республикасы Пре­­зидентінің Жарлығына сәйкес «Ал­тын алқа», «Күміс алқа» награ­да­лары табысталды. Сондай-ақ 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай өз саласының үздіктеріне облыс, ау­дан әкімінің арнайы алғыс хаттары табысталды.
Айта кетейік, аймақ басшысы Нұрлы­бек Нәлібаевтың қатысуымен Рес­пуб­лика күніне арналған ме­рекелік шарада Қазақстан Респуб­ли­касының әлеуметтік-гуманитарлық дамуындағы аса үздік жетістіктері мен қоғамдағы белсенді қызметі үшін, мемлекеттік және қоғамдық қыз­метте сіңірген еңбегі мен ха­лық­ ара­сындағы достық пен ынты­мақ­тастықты ны­ғай­туға қосқан елеулі үлесі үшін бір­қатар жалағаштық ел ағалары марапатталды. Егемен­дігіміздің бастауы болған ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырылған мерекелік кеште аудан өнерпаздары ән-күйден ша­шу шашып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: