Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Жұма, 13 желтоқсан, 01:10

Жалағаш жұрты Еңбек Ерімен мақтанады

28.10.2023

479

0

Республика күні мерекесі қарсаңында аудан дамуында айшықты қолтаңбасын қалдырған Имамзада Шағыртаев Еңбек Ері атанған болатын. Сәрсенбінің сәтті күні жерлестері атпал азаматты күтіп алып, құрмет көрсетті. Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жалағаштықтарға елден шыққан Еңбек Ерінің Сыр елінің мақтанышына айналғанын жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімі Ардақ Ибраимов Имамзада Қуанышбайұлына құрмет көрсетіп, халықтың атынан иығына шапан жапты.

Дәл осы күні Еңбек Ерінің туған жері Таң ауылының тұрғындары да батыр ұлын қуанышпен қарсы алды. Ауылдың дамуына орасан үлес қосқан арда аза­маттың еңбегін ардагерлер мақ­та­ныш­пен айтты. Ал Имамзада Қуаныш­бай­ұлы бұл жетістік бір адамның ғана емес, барша Сыр елінің жетістігі екенін жет­кізіп, Ел Президентінің сенімін ақтап, әлі де туған жердің дамуына үлес қосар қар­қынды жобаларды қолға алатынын жасырмады.
– Бүгін біздің ауылда үлкен мереке, үлкен қуаныш. Таңның тарихында бі­рінші Еңбек Ері шығып отыр. Бұл атақ оңайлықпен келген жоқ. ауылдың та­­тулығы, ауызбіршілігінің, Имамзада­ның қажырлы еңбегінің ар­қа­сында осын­дай үлкен жетістікке же­тіп отыр­мыз. Біз тұтас ауыл болып Имам­заданы 20 жыл бұрын төраға етіп сай­лаған едік, бүгін халықтың таңдаудан жаңылмағанына тағы бір мәрте көзіміз жетіп отыр. Осынша уақытта ол бар­лық қиындықты еңсеріп, ауылдың гүл­денуіне, халықтың әлеуметтік жағдайы­ның жақсаруына жұмыс жасады. Кеше теле­арнадан көрдім, бұл атақ елімізде үш адамға берілген екен, соның бірін біздің жерлесіміз иеленіп отыр. Бұл мара­патқа Имамзада лайық, оған Таңда қандай жобаларды қолға алғанын көр­ген адам күмән келтірмейді. Бүгінгі ауы­лымыздан шыққан Еңбек Ерінің алдағы жұмыстарына табыс тілейміз. Барша жерлестерімізге құтты болсын, – деді ауыл ақсақалы Болат Жәнібеков.
«Таң ЛТД» шаруа қожалығы бірнеше жылдан бері ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру және өңдеумен айналысады. Шаруашылықтың жалпы егістік көлемі – 5236 гектар. Оның ішінде Сырдың басты дақылы күріш – 3000 гектар. Мұнан бөлек 1480 гектар жоңышқасы тағы бар. Шаруашылық биыл егісті әр­та­раптандырып, 74 гектарға жүгері, 82 гектарға мақсары, 20 гектарға бақша салған. Ал қалған 580 гектары – жайы­лым­дық жер. Шаруашылықтағы төрт түлік саны 600-ге жуықтаған.
Іскер азамат бүгінде шаруасын ши­ратып, 400-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Оның 225-і – Таң ауы­лы­ның тұрғыны.
2011 жылдан бастап шаруашылықтың техника паркі түгел жаңартылған. Се­ріктестік жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайтын 6 күріш оратын және 13 күріш бастыратын «Джондир» ком­байны, 10 лазерлік жер тегістегіш, 36 трактор, 13 автомашина, 2 астық тие­гіш, 1 экскаватор, 2 погрузчик, 1 авто­грейдермен қамтылған. 2012 жылы об­лыста алғаш рет жалпы құны 30 млн теңгені құрайтын жаңа технологияларды пайдалана отырып, тамшылатып суару әдісімен картоптың «Gala» сұрпын екті. 2019 жылы «тұқым шаруашылығы» ста­тусын алып, қазіргі таңда аудан шаруа­шылықтарын I репродукциялы «Лидер» сұрпымен қамтамасыз етуде. Сапалы тұқым дайындау үшін 86 млн теңгеге тұқым тазалау қондырғысын алдырды.
Кәсіпкер осыған дейін жалпы құны 400 млн теңгені құрайтын үлкен 2 күріш зауытын іске қосқан. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыс жасайды. Тәулігіне 200 тонна күріш ақтайтын қос цехта күрішті егуден бастап, сатуға дейінгі жұмыстар бір ізге түскен. Былтыр іскер азамат Ресей, Иран, Өз­бек­стан, Қырғызстан мемлекеттеріне 2 мың тонна күріш экспорттаса, биыл 5 мың тонна өнімді шет мемлекеттерге сатуды көздеп отыр.
Қазір аяқ су қат болған шақта суды үнемдеу ерекше маңызға ие. Оны кешегі Жолдауында Мемлекет басшысы да айт­қан болатын. Имамзада Шағыртаев басшылық ететін шаруашылықта аяқ суды үнемдеу де жолға қойылған. Суды 60-70 пайызға үнемдеу және ауыл ша­руа­шылығы саласын әртараптандыру мақ­сатында қытайлық инвесторлармен бірге Шиелі ауданында жалпы көлемі 3 мың гектар жерге жүгеріні тамшылатып суару әдісімен егу жобасын қолға алды. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд теңге.
Мұнан бөлек Еңбек Ері 2018 жылы жалпы құны 150 млн теңгені құрайтын ет өң­деу цехын салып, бүгінде жартылай дайын өнімдерді әзірлеуде. Қазір өндіріс ошағы тәулігіне 1 тонна консервіленген ет шығарады.
Ол тапқанын «тек өзіме болсын» дейтіндердің сұрпынан емес. Қай жер­де кәсібін бастаса, сол өңірдің хал­­қы­ның әлеуметтік жағдайы оны бей­жай қал­дырмады. Туған жерін түлету мақ­са­тында да ауылынан ілкімді жоба­ларды қолға алып, елдің игілігіне жұмыс жа­сады. Осыған дейін Таң ауылдық ок­ругіне жалпы құны 1 млрд 56 млн теңге, Ақжар ауылына 100 млн теңге демеушілік етті.
Іскер азамат туған жерінде жалпы құны 300 млн теңгеге 120 орындық «Таң бөбегі» балабақшасын салып берді. Қа­зіргі таңда онда 21 адам жұмыспен қам­тылған. 56 млн теңгеге спорт ке­ше­нін ашып, 16 адамның тұрақты жұ­мыспен қамтылуына қолғабыс етті. Ер­тең аядай ауылдағы шағын кешеннен бай­рағымызды биіктен желбіретіп, ән­ұранымызды әлемдік додаларда шырқа­татын жастардың шықпасына кім кепіл. Міне, осы ретте оның тек ауылдың әлеуе­тіне ғана емес, жастардың да бо­ла­шағына алаңдайтын азамат екенін аңғару қиын емес.
Мұнан бөлек кәсіпкер 70 млн тең­геге Таңда Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерт­кіш орнатты. 2021 жылы ауыл ішін абат­тандыру мақсатында 130 млн тең­геге үлкен М-32 трассасы мен ауыл орта­сын­дағы жол бойына жарық шамдарын орнатып, көшенің қос бетіне қоршау жұмыстарын жүргізді.
Шаруашылық еңбеккерлерін ынта­лан­дыру және еңбек өнімділігін арттыру мақсатында 2011 жылдан бері жыл сайын үздік нәтиже көрсеткен диқандар мен механизаторларға 6 жеңіл автокөлік, 300 млн теңге қаржылай сыйақы беруді дәстүрге айналдырды. Игі дәстүр биыл да жалғасын тауып, серіктестік еңбек­кер­лері темір тұлпар тақымдады. Енді Еңбек Ері келер жылы аудандағы әлеу­меттік аз қамтылған 10 отбасына тұр­ғын үй салып беруді жоспарлап отыр. Осындай игі істердің нәтижесінде И.Ша­ғыр­таев былтыр меценаттық қызметі үшін республикалық «Жомарт жүрек» бай­қауында «Туған өлке» номинациясын иеленген болатын.
Иә, ол қандай жетістікке жетсе де аймақ жұрты қуанады. Кеше Еңбек Ері атанғанда да әлеуметтік желіде аға­мыздың лайық екенін жарыса жазды. Көп­тің көңілінен шығу үшін әлбетте үл­кен ізденіс, қажырлы еңбек қажет. Қос қасиеттің бір азаматтың бойында тоғы­суы­ның арқасында осындай жетістікке жетті деп ойлаймыз. Жалағаш жұрты Еңбек Ерімен мақтанады.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: