Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-7°C

, Бейсенбі, 12 желтоқсан, 09:10

Жаңа жоба жұмысын бастады

17.10.2023

228

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің өңірде, елімізде кәсіпкерлік саласының дамуына үлкен серпін беріп, мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеке кәсіпкерлер жаңа жобаларды іске асырып, тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуы керек» деген болатын. Осы тапсырмалардың орындалуы бағытында бүгінде көптеген жоба атқарылып, ауданның әлеуеті артып, Жалағаштың жаңа келбеті қалыптасып келеді. Күні кеше аудан халқына қолжетімді бағада тауарларын ұсынатын «Мега Планета» атты тағы бір сауда үйі жұмысын бастады. Нысанның ашылуына аудан әкімінің орынбасары Әліби Байнахатов пен бірқатар ел ағалары қатысты.

Заманауи бағытта салынған сауда үйі аудандағы ірі сауда нысандардың біріне айналмақ. Бұл нысанда киім-кешек, аяқ-киім тауарлары қарапайым халыққа қолжетімді бағада ұсы­нылады. Нысанда жалпы 15 жаңа тұрақты жұмыс орн­ы ашылған.
Жалпы алаңы 400 шаршы метрді құрайтын «Мега Планета» сауда үйінің иесі – жеке кәсіпкер Назым Әбдібәкірқызы. Бұл жобаның құны 97 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 50 млн теңге «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы жеңілдетілген пайызбен қаржыландырылған.
Назым Тоқтамысова бұған дейін ауданда 2 балабақша ашқан болатын. Соның арқасында ауданның 40 тұрғынын жұмыспен қамтығанын айтады. Кәсіпкер қаншама адамды жұмыспен қамтып, кірісін еселеп, ауданның көркеюіне де үлес қосып келеді.
– Бұл сауда үйін 3 жылдан бері жоспарлағанбыз. Бірақ ашы­луы бүгінге бұйырған екен. Мен өзім 1995 жылдан бастап кәсіппен айналысамын. Біздің кез жоқшылық уақыты болғандықтан басында қиындықтар көп болды, сауданы пойыздан бастадым. Қасыма екі баламды ертіп алып, 5 пойызға кезекпен шығып, күріш сататынмын. Еңбектің наны тәтті деген осы шығар, міне, жемісін көрудемін, – дейді кәсіпкер.
Айта кетейік, ауданда жыл басынан бері 3294 кәсіпкерлік субъек­тісі тіркелген. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,8 пайызға артқанын аңғарамыз. Оның ішінде нақты жұмыс жасап тұрғаны 223 бірлікке немесе 7,7 пайызға көбейген. Қарап отырсақ, аудан тұрғындарының кәсіппен айналысу деңгейі жоғарылап келеді. Жыл басынан бері ауданда 2 млрд 814,1 млн теңгені құрайтын 111 жоба қаржыландырылып, 136 адам жұмыспен қамтылған. Бұндай жобалар ауданның көркеюіне үлкен қосуда. Бір жағынан жұмыссыз жүрген тұрғындар да жұмыспен қамтылуда.

Ақнұр БОЛАТҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: