Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 16:14

Жаңарған, жасарған, жасампаз қала

16.07.2023

576

0

Астана Қазақстан астанасы мәртебесін алғалы дәстүрлі түрде бұл мереке атап өтіледі. Биыл да Астана күнін республика көлемінде кеңінен атап өттік. Әдеттегідей сән-салтанаты келіскен көрмелер, айтулы күні жер-жерде концерттік бағдарламалар, түрлі шаралар ұйымдастырылды. Биыл да Сарыарқаның төсінен орын тепкен Ел астанасының 25 жылдығына куә болған қазақстандықтар, оның ішінде аудан тұрғындары да бүгінгі Астана Қазақстанның жаңа әлемдегі жарқын бейнесі екенін мақтанышпен айта алды.

Иә, Астана – Тәуелсіздіктің тарихи таңбасы, жарқын болашақтың жол басы. Елорда – ізгі ниеттер мен игілікті істердің, келісім мен кемел ойдың қаласы. Аз уақыттың ішінде серпінді дамып келе жатқан қазақ мемлекетінің баршаға мойындалған елор­дасы – шын мәнінде ұлттық идея, Қазақстанның кескін-келбеті. Елорда – тәуелсіздігіміздің бойтұмары, бүкіл қазақстандықтардың ортақ мақ­­та­нышы, бағыт-бағдарымызды айқын­­дап беретін бағдаршамымыз, достық пен бейбітшіліктің мекені. Осы­ған дейін аз уақыт өтсе де, ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз де аз емес. Әлем елдері тамсанып қа­райтын ару Астана күннен-күнге өр­кен­деп, тек жақсылыққа қадам басып келеді.

Жақында Астана күні қарсаңында аудандық Қ.Қазантаев атындағы мә­­дениет үйінде салтанатты шара өтті. Аудан жұртына мереке­лік көңіл-күй сыйлаған жергілікті өнер­паздар айшықты Астана­мызды әнге қосып, жасампаз жас қаламыздың осы уақыт ішінде өсіп-өркендеу жо­лындағы ау­қымды жобаларына тоқ­талды. Аудан халқын мерейлі мере­кемен құттық­таған аудан әкімінің орын­басары Ғани Сүлейменов Астана хал­қымыздың аласармас айбыны, асқақ абыройы, мұқалмас рухы мен азаттық аңсаған бабалардың орын­далған арманы екенін тілге тиек етті.

– Астана әрбір қазақ үшін қымбат. Астана – тәуелсіздігіміздің тірегі, еліміздің жүрегі. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдан астам уақытында қа­зақ даласы түбегейлі өзгерді. Сон­дай үлкен өзгерістердің бірі – астана­мыздың Сарыарқаның төріне көшуі.

Тәуелсіз қазақ елінің жаңа ас­танасының бой көтеруі, Астананың Ақмолаға келуі – бабалар рухын қастерлеу, қазақтың сонау ғасырлар бойы аңсаған арман-мұраттарының орындалуы десек болады.
Тарих тереңінен сыр тартқан Алматы қаласының біз үшін ерекше орны бар. Қазақстанның өркендеуінің басты символы болған бұл қала да еліміздің астанасы, одақтағы әсем қалалардың қатарында болды. Ал­маты қазір де ғылым, білім, мәдениет және қаржы орталығына айналған, миллиондаған тұрғыны бар еліміздің ең басты қаласы болып қала береді. Бүгінгі Астана – әлемдегі жедел қарқынмен дамып келе жатқан қалалардың бірі. Елордамыз Алаш жұртының мақтан тұтар мерейіне айналып отыр. Себебі, Астана то­лассыз түлеу, дамылсыз даму үстінде. Сарыарқа төсіндегі Елорда-Астана өркен жайып, жаһандық сәулет өнерінің озық жиынтықтарымен ажар­ланып, құлпырып келеді.

Астана өркениет көшіндегі темір қазығымыз. Астанамыздың діңгегі мықты, мәртебесі биік болсын, – деді аудан әкімінің орынбасары Ғани Кенжеғараұлы.

Мұнан соң ел демократиясының дамуына үлес қосып, тар құрсағын кеңітіп дүниеге алты, жеті бала әкелген алтын құрсақты аналарға күміс, алтын алқа табысталды. Ра­сымен, алтын құрсақты аналарға жылдың қай мезгілінде құрмет көр­сетсек те артық етпейді. Дүниенің кү­ретамыры, адамзаттың ардақ тұ­тар асылы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы жан, тіршіліктің бастауы аналар қауымы барлық жақсылыққа лайықты.

Қазіргі таңда ауданда өмірге ұр­пақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсі­руде үлгі-өнеге болып жүрген «Алтын құрсақты» аналар жеткілікті. Олар­дың әр­қайсысы қоғамға пай­да­лы, саналы ұрпақ тәрбиелеуде аян­­бай тер төгіп келеді. Жалағаш ау­да­нын­да үш жүз­ге жуық «Алтын алқа» жә­не алты жүздей «Күміс алқа» ие­ге­рі бар. Оның ішінде 44 ана І және ІІ дә­режелі «Ана даңқы» орденімен ма­­рапатталса, 40 ана Кеңестер ода­­­­ғының «Батыр ана» атағына ие болған.

Салтанатты шара барысында ау­дан тұрғындары арнайы дайындал­ған бейнекөрсетілімге куә болса, жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, елордамыз – Астана күніне орай 6 шілде күні орталық алаңда жалағаштықтарға арналған «Асқақтай бер, Астана» атты гала концерт ұйымдастырылды.

Жалпы, тәуелсіздіктің алтын тұ­ғыры, Алаштың асқақ айбары – ару астананың төрткүл дүниені өзіне қа­ратып, тамсандырғаны қашан. Аз ғана уақыттың ішінде сән-сал­та­натымен әлем астаналарымен иық тіресіп, бой таласа алатындай дең­гейге жетті. Астана қаласы батыс пен шығысты жалғастыратын алтын көпір. Егемен елдің бас қаласы ата-бабамыз бен кешегі желтоқсан боздақтарының орын­далған арманы.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: