Белсенді жастардың жұмысын насихаттап, қолдау көрсету мақсатында аудандық жастар ресурстық орталығы жүйелі жұмыс жасауда. Жастардың шығармашылығын дамытып, жаңашыл жобалардың қанат бітуіне орталықтың берер бағыты мен мүмкіндігі мол. Жалынды жастардың жанынан табыла білетін мекеме аудан жастарының ғана емес, ауыл жастарының да дамуына өз үлесін қосуда.
– Біздің басты мақсатымыз – жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, оларға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау. Спортқа, шығармашылыққа баулу, патриоттық рухын арттыру, одан бөлек мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыспен қамту, баспаналы болуға дұрыс бағыт-бағдар беру. Жастарды дамыту мен қолдауға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 4 жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен 10 692, млн теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде шығармашылық жастармен жұмыс, ардагерлермен кездесу, спорттық сайыс, барлығы қамтылған. Ал NEET санатындағы жұмыссыз жастармен 2018 жылдан бері тікелей жұмыс жасау – біздің алға қойған ең бірінші міндеттеріміздің бірі, – дейді жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық.
Иә, Президент тапсырмаларында да, Жолдауларында да осы NEET санатындағы жастар мәселесі қамтылып келеді. Аталған орталық «Мүмкіндіктер алаңы» жобасы аясында биыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, «Отбасы банк», АҚ «Мансап» орталығы, «Отбасын қолдау» орталығының мамандарымен бірлесіп, елді мекендегі жастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кең көлемде мағлұмат берді. Сондай-ақ ауыл жастары арасында аймақтық спорттық шара өтті.
Өздеріңіз білетіндей, жұмыссыздық – жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бірі. Қазіргі таңда ауданда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері «Мансап» орталығына 1 779 адам жұмыс іздеп барса, оның 578-і – жастар. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына және тұрақты жұмыс орнына 258 жас жолданған. Сонымен қатар жыл сайын «Жасыл ел» жасағына кадр жинақталады. Бұл бағдарлама аясында жастар уақытша болса да жұмыс жасайды. Биыл «Жасыл ел» еңбек жасағына 130 жасты жұмысқа тарту жоспарланған.
Аудан бойынша жастарды кәсіпкерлікке тарту да бір жолға қойылған. Бүгінге дейін аудан бойынша тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2849 бірлікті, 1403 дара кәсіпкер, 227 заңды тұлға, 1219 шаруа және фермер қожалықтары немесе 42 пайызын 18-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер құрап отыр. Сондай-ақ «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ 21-35 жасқа дейін жастардың кәсіп бастауына немесе дамытуына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беру жоспарлануда.
Сондай-ақ аталған орталықтың ұйымдастыруымен жыл басынан бері әртүрлі форматта 110 шара өткен. Мұнан бөлек білім және полиция бөлімдерімен, «Темірқазық» қоғамдық бірлестігінің төрағасымен бірлесе отырып жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауданның ойын-сауық орталықтарында түнгі рейд жұмыстарын жүргізуде. Нұржан Раисұлының айтуынша, аталған орталықтың назарынан жалғызбасты аналар мен көпбалалы аналар да тыс қалмайды. Олар аудандағы ерікті жастармен бірлесіп атаулы мерекелерде аналар мен балаларды қуанту бағытында түрлі шаралар өткізіп, кішігірім сыйлықтар табыстаған. Волонтерлік қызмет көрсету бойынша «Jalyndy jas» еріктілер мектебінің жұмысы жыл санап өз маңыздылығын көрсетуде. Бүгінге дейін еріктілер «Азаматтық бастамаларды қолдау» орталығының бастамашыл топтарды және еріктілерді қолдауға арналған шағын гранттарын жеңіп алу арқылы 3 Coworking орталығы 3 спорттық үйірме, 2 көшеге қоқыс жәшіктерін, ерекше балаларды қолдау бағытында 2 мекемеге материалдық демеушілік, ауылды көркейту үшін 2 ауылға жаңа жоба табыстаған. Былтыр 2 млн 300 мың теңгеге 3 жоба, биыл 1 млн теңгеге 1 жоба қаржыландырылған. Осы бағыттағы гранттарға жастарды қатыстыру жұмыстары әлі де жүргізіліп келеді.
Мұнан бөлек орталықтың ұйымдастыруымен жайдарман ойындарының аудандық лигасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Тасбөгет кенті әкімінің кубогына арналған ойында аудан атынан қатысқан «Дәуімбай» құрамасы жеңімпаз атанған. Сонымен қатар облыстық «Bastau Liga» ойынында «Дәуімбай» құрамасы ІІІ орынды иеленген. Жуырда Қонысбек Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйінде Жалағаш ауданы әкімінің жүлдесіне арналған республикалық жайдарман сайысы өткен болатын. Республикалық жайдарман ойынында еліміздің түкпір-түкпірінен келген 13 команда бақ сынаған.
Аудан жастарының басын біріктіріп, туған жерді өркендету, дамыту бағытында жаңа жобалар жасау – жастар орталығының басты міндеті. Осы тұста ауданның белсенді жастары жастар ресурстық орталығымен Шымкент қаласындағы «Біркөлік» демалыс орнында басқосты. Мұндағы мақсат – жастарды сергіту, еріктілер арасында еркін форматтағы шараларды кеңінен ұйымдастыру. Табиғат аясында жастар бір-бірімен еркін пікір алмасып, спорттық сайыстар бойынша сынға түсті. Басқосуда бірі кәсіпкерлік туралы бағыт берсе, енді бірі қазіргі заманда қосымша табыс табудың тетігі ретінде мобилография курсын үйретті.
– Демалыс орнына әр салада қажырлы еңбек етіп жүрген белсенді жастар жиналды. Бүгінде олар өзінің жүйелі жұмысымен, қарқынды қимылдарымен ауданымыздың дамуына өз септігін тигізіп жүр. Білімнің биігін бағындырып, спортта да, мәдени іс-шараларда да аудан абыройын асқақтатып жүргендердің басым бөлігі – осы жастар, – дейді аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұржан Амандық.
Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!