Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

3°C

, Сейсенбі, 21 қаңтар, 14:56

Жастар жетістігі жаңашылдыққа жетелейді

21.01.2025

34

0

«Amanat» партиясы Жалағаш аудандық филиалының мәжіліс залында «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ауданымыздың белсенді, жалынды жастарымен кездесті. Аталған шара да аудандық «Жастар рухы» Жастар қанатының жетекшісі Асхат Ахметжамиев былтыр атқарылған жұмыстарының есебі мен 2025 жылға арналған жұмыс жоспары туралы баяндама жасады.

Жастарға арналған
120-дан аса шара өткен

Ауданда 14 пен 35 жас аралығында 10 866 жас тіркелген. Оның ішінде 5902-сі ер азаматтар, 4964-і әйел. «Жастар Рухы» жастар қанаты аудандық бөлімшесінің партия мүшелерінің саны – 665. Былтыр «Жастар Рухы» жастар қанаты бөлімшесінің ұйым­дас­тыруымен 120-дан аса шара өткізілген. Өздеріңізге белгілі, жайдар­ман ойындарының аудандық лигасы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Был­тыр аудандық мәдениет үйінде Жалағаш ауданы әкімінің жүлдесіне арналған республикалық жайдарман сайысы өтті. Республикалық жайдар­ман ойынында еліміздің басқа өңір­лерінен келген 13 команда бақ сынап, жеңімпаздарға аудан әкімінің алғысы мен қаржылай сыйақысы табысталды.
Сондай-ақ Тасбөгет кенті әкімінің кубогіне арналған ойында аудан аты­нан қатысқан «Дәуімбай» құрамасы Тасбөгет кенті әкімі кубогының ие­гері атанып, облыстық «Bastau Liga» ойынында және «Сыр лигасы» жоба­сында үздік үштікті түйіндеген.
«Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай спорттық сайыс өткізілген. Дәл осы жоба аясында ауданның 85 жылдығына орай «Ақтерек» сауық­тыру лагерінде «Ауылға барам» жо­басы өткізілді. Жоба барысында ұмыт бо­лған дәстүрлеріміз дәріптеліп, ұлттық ойындар қайта жаңғырды.
– Шараға 20-ға жуық жас қатысты. Оның ішінде өзге ұлт өкілдері де бар. Аудан белсенділерін ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстарып, еңбекке бау­лу мақсатында өткізілген шара да ер-азаматтар жағы қой сойып, оны жі­лік­теуді үйренді. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың басым көпшілігі мал сою әдебі мен табаққа тар­ты­лу тәртібін біле бермейді. Жоба ба­ры­сында осы олқылықтың орны толты­рылды. Ал бойжеткендер шоққа таба нан жауып, айран пісіп, бауырсақ қуырды, – дейді Асхат Ғалымжанұлы.
Сонымен қатар 12 тамыз – Ха­лық­аралық жастар күніне орай пар­тия­лық жоба аясында апталық шара ұйымдастырылған.
Атап айт­сақ, тазалық акциялары, «Мүмкін­дік­тер алаңы» кеңес беру жұ­мыс­­тары, ашық аспан астында кино­­көрсетілім, «Денсаулық – зор бай­­­лық» тақы­рыбы аясында ашық есік күні, интел­лектуалды сайыс, «Түн­гі кітап­хана» акциясы, «Игі істер» ма­рафоны, «Қа­зақстан жастары» тақы­рыбында жас­тар арасында пікірталас, «ҚОРҒАН 24» жастарға ақпараттық рейд, аудан әкімінің белсенді жас­тармен кездесуі және «Жастармен бірге» мерекелік гала-концерт өткен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жарияланды. Осы орайда, кент және Бұқарбай батыр ауылдық округінде кәсіппен айна­лысып жатқан ерекше кәсіп иелерін жастарға насихаттау жұмысы тұрақты жүргізіп келеді.
Айта кетейік, «Жастар рухы» жастар қанатының назарынан сту­денттер де тыс қалған емес. Олар­дың мамандыққа деген қызығу­шы­лықтарын арттырып, ше­бер­лікке тәр­биелеу мақсатында ау­дандық ин­дус­триалды-аграрлық кол­леджінде «Үздік жас аспаз» байқауы өткізілген. Бай­қауға колледждің «Ас­пазшы» ма­ман­дығы бойынша білім алып жатқан студент­тері қатысып, шара соңы «Жұмысшы мамандықтар» көрме­сімен қорытындыланған.
Жыл басынан бері партиялық жо­балар аясында аудан жастарының қатысуымен тал егу, тазалық акция­лары, түнгі рейд, кеңес беру жұ­мыстары, кездесулер, семинар-тре­­нингтер, интеллектуалды са­­­йыс­тар, мәдени-спорттық шаралар, кино­көр­сетілімдер тұрақ­ты түрде ұйым­дастырылып ке­леді. На­ша­қорлықтың, зорлық-зомбы­лықтың, құқық бұзу­шы­лықтың алдын алу ба­ғытында да түрлі әлеуметтік бейне­роликтер түсірілген.

Волонтерлік қызмет көрсету бо­йынша «Jalyndy jas» еріктілер мек­те­бі­нің жұмысы жыл санап өз маңыз­дылығын көрсетуде. Бүгінгі күнге дейін еріктілер азаматтық бастамаларды қолдау орталығының бастамашыл топ­тарды және еріктілерді қолдауға ар­налған шағын гранттарын жеңіп алу арқылы аудан жастары түрлі жо­баларды жүзеге асыруда.
2024 жылы «Zhas Project» жобасы бойынша 1 жұмыссыз жас 1 млн тг көлемінде грант иегері атанып, Таң ауылында «Монитор» компьютерлік сауаттылық жобасын жүзеге асыруда. Осы бағыттағы гранттарға жастарды қатыстыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп ке­леді. Сондай-ақ жыл соңында өз саласының үз­діктері аудан әкімінің «Жалын» жас­тар сыйлығын иеленіп, белсенді жас­тар марапат төрінен көрінді.

20,9 млн теңгені құрайтын
5 жоба қаржыландырылды

Былтыр тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2972. Оның ішінде 1464-і дара кәсіпкер, 235-і заңды тұлға, 1273-і шаруа және фермер қожалықтары. Яғни 42 пайызын 18-35 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер құрап отыр. Мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында шағын және орта кәсіпті бастау не­месе жұмыс істеп тұрған кәсібін әрі қарай дамыту бағытында 4 млрд 928,4 млн теңгені құрайтын 187 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде 21-35 жасқа дейінгі жастар арасында «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ арқылы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы ая­сында 2,5 пайыздық жеңілдетілген не­сиемен 20,9 млн теңгені құрайтын 5 жоба мақұлданса, 1 жоба 3,1 млн теңгеге қаржыландырылып, 35 млн теңгені құрайтын әр түрлі бағыт бойынша 6 жоба «amanatnesie.kz» цифр­лық платформасына енгізілген.
Ал «Аграрлы несие корпорациясы» АҚ арқылы жастар кәсіпкерлігін бас­тау немесе кәсібінің көкжиегін кеңейту бағытында аудан бойынша жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алушылар пулы жасақталды.

Жастарға жол
ашатын жобалар

– Биыл жастардың рухани, шығар­машылық және әлеуметтік дамуына ықпал етіп, білім алу, мәдени-спорттық іс-шараларға қатыстыру, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бағытында іс-шаралар ұйымдастырылатын бо­ла­ды. «Жалағаш құрамасы» жайдар­ман тобының республикалық ойын­дарға шығуына ықпал жасалмақ.
Сон­дай-ақ жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек нарығындағы жұ­мыс­шы мамандықтарын дамыту, жас­тарды осы салаларға тарту және өн­­дірістік дағдыларды арттыру мақ­са­тында кент және ауылдық округ­терде кездесулер ұйымдастыру және дәріптеу жұмыстары жүргізіледі. Ал «Ардагерлерді ардақтайық» партия­­лық жобасы аясында 9 мамыр – Жеңіс­тің 80 жылдығына орай тыл ар­дагерлеріне құттықтау хат табыс­талып, ерікті жастардың қатысуымен қажетті көмек көрсетіледі, – дейді Асхат Ахметжамиев.
Мұнан бөлек, NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету, проба­ция санатында тұрған жастармен спорт­тық сайыс, семинар-тренингтер өткізуде бір жолға қойылмақ. Жастар арасында құқықбұзушылықтың ал­дын алу, суға түсу маусымындағы қауіпсіздік шаралары, салауатты өмір­ді қалыптастыру, ұлттық құнды­лықтарды дәріптеу бағытында ро­ликтер түсіріліп, түрлі форматта тре­­нингтер де кеңінен өткізілмек. Ал «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында жас әкелердің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында «Жас әкелер» форумын өткізіп, елімізге та­нымал отбасылық спикерлерді қатыс­тыру арқылы әке мен отбасы туралы іс-шаралар өткізу қолға алынбақ.
Кездесу барысында «Amanat» партиясы Қызылорда облыс­тық фи­­лиа­лының төрағасы Алмас­бек Ес­ма­ханов аудан жаста­рына өзі жү­ріп өткен еңбек жолын­дағы қиыншы­лықтары мен қызықшы­лықтарын баяндап, жас­тарды еңбекке, ғылымға, білімге құштар болуға шақырды.
– Болашақ – білімді жастардың қо­лында. Барлықтарыңыз бір-бір үй­дің үмітін арқалаған жассыздар. Ата-аналарыңыз сіздер оқысын деп күн­діз-түні тынбай жұмыс істеді. Енді сіздер барлық мүмкіндікті дұ­рыс пайдаланып, білімге құштар болу­ла­рыңыз керек. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, тіл үйрену ешқашанда артықтық етпейді. Өз тілімізді құрметтеп, айбынын ас­қақтата жүріп, өзге тілді де үйре­ні­ңіздер. Әрқашан ізденіс үстінде жү­ріп, жаңа бастама, жаңа қадамнан қорықпаңыздар, – деді А.Есмаханов.

Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: