Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Жұма, 29 наурыз, 04:29

Жастардың жарқын жобасы

18.10.2022

354

0

Жастарға мемлекеттік қолдау көрсету, сол арқылы жастар саясатын жүйелі жүргізу және жұмыссыздықты азайту – елдегі басты мәселелердің бірі. Бұл ретте жасалып жатқан істердің игілігін көріп отырған жастар да аз емес. Әсіресе жұмыссыз жастар үшін тиімді, табысқа жетелейтін бағдарламалар іске қосылған. Ол бағдарламалар арқылы ынталы жастар өз армандарын жүзеге асыруға, мақсаттарын жолға қоюға мүмкіндік алуда.

Ал мемлекеттің кәсіпкерлікті дамыту жолындағы атқарған шаруасы аз емес. Саланы өркендетуде қашанда табандылық қажет болса, мемлекеттік бағдарламалардың да тиімділігін айтпай кете алмаймыз. Біздің ауданда да мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді пайдалана отырып, шағын және орта бизнесті қолға алғандар көп. Алдымен мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін айтсақ, шағын және орта бизнестің даму деңгейі көңіл қуантарлықтай дәрежеде. Өйткені кәсіпкерлік саласы кенже қалмай, қолдан келгенше кәсібін дөңгелентемін дегендерге қолдау білдіруде.


“Теңге тиыннан құралады” деген сөз бар. Ештеңе де, ешқандай жетістік те оңайлықпен келмейді. Барлығы да әуелі ниеттен, содан кейін табандылық пен ізденістің арқасында орындалады. «Өзгеге қол жайып отырғаннан уақытында әрекет етсең, әрекетіңе қарай берекеті болады» деген бүгінгі кейіпкеріміз де сөзінің басын еңбектену керек деп бастады. Шағын кәсіп иесі Абзал Сәбитұлының сөзінің жаны бар. Бір жыл бұрын ғана аудан орталығынан «Allo pizza» пиццериясын ашқан ол аз уақыт ішінде кәсібін дөңгелентіп әкеткен. Ордалы отызға аяқ басқан азамат жары екеуі өз қаражаты есебінен халыққа дәмді фастфуд өнімдерін ұсынатын орынды ашып, бүгінгі күні жалағаштықтардың сұранысын қамтамасыз етіп отыр. Жас та болса табандылық танытып, қолда бар қаржыны үйлестіріп, кәсіпке бетбұрған Абзал мен Нұржамалдың алға қойған ортақ мақсаты көп-ақ.
– Бір жыл бұрын осы пиццерияны ашып, келіншегіміз екеуміз тәуекелге бел буған едік. Оңай болған жоқ, әрине. Қаржылық жағынан да, материалдық жағынан да барлығын нөлден бастадық. Несие алуға онша талпынбадық. Қолда барды ұқсатып, ең бастысы халыққа көрсетілетін қызметтің сапасына мән бердік. Іштегі құрал-жабдықтар, асханалық керек-жарақ, тағамдарды пісіретін пеш, барлығына аса мән бердік. Шүкір, қазір пиццериямызға келушілер де, тапсырыс берушілер де аз емес. Бұған қарап біз ұсынатын дәмді тағам түрлерінің көптің көңілінен шығатынын білеміз. Бірақ жас келсе, іске демекші, бір орында тұрып қалу бізге тән емес. Келіншегім екеуміздің алға қойған жоспарларымыз өте көп. Кәсіптің көкжиегін кеңейту – басты мақсат. Бұл ретте алдымен ғимарат көлемінің үлкен болуы маңызды. Еңбектене берсек, бұл мақсатымызға да жетеміз деп ойлаймын, – дейді кәсіп иесі.


Иә, кейіпкеріміздің сөзінен ширақтықты байқаған біз алдағы уақытта кәсібінің кеңейіп, ойға алған жұмыстарының іске асатынына күмәнмен қарай алмадық. Нақты мақсатқа құрылған істің құламайтыны белгілі. Тыңғылықты жұмыс пен жауапкершілік кез келген жанды үлкен жетістікке жетелейтіні де даусыз. Бүгінде «Allo pizza» пиццериясы жалағаштықтарға пицца, суши, донер, бургер, кәуап сынды фастфуд өнімдерін ұсынып отыр. Сонымен бірге кәсіп иелері екі жасты тұрақты жұмыспен қамтып, аудандағы жұмыссыздық мәселесінің жолға қойылуына сәлде болса үлесін қосып жүргендердің қатарынан. Ал Нұржамал Бақытжанқызы болса, кеше ғана қайтарымсыз грант иесі атаныпты. Енді жолдасы екеуі бұл қаржыға асханалық құрал-жабдықтар мен, пештерді жаңаламақ.


Айта кетейік, тың идея мен нақты мақсатқа құрылған бизнес жобасын ұсынған жастар үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант түрлерінің берері көп. Тек кәсіп бастаймын деген ниет пен бағдарламаның тиімді тетігін таба білсе болғаны. Ауданда осындай жан-жақты жастардың кәсіпке бетбұруы бізді қуантады. Бір жағынан жұмыссыздық саны азаяды, екінші жағынан өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуына серпін болмақ. Бастысы – халыққа сапалы әрі тиімді қызмет көрсету. Ал жас та болса үлкен істі дөңгелентіп отырған Абзал мен Нұржамалдың ісіне береке берсін дейміз.

Нұржамила АЛМАСҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: