Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

8°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 14:34

«Жасыл ел» жұмысы жанданды

14.07.2024

307

0

Жұмыссыздық – жастар арасындағы ең өзекті мәселенің бірі. Бүгінде ауданда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызды құрап отыр. Жыл басынан бері «Мансап» орталығына 1 779 адам жұмыс іздеп барса, оның 578-і жастар екенін айта кетейік. Ал субсидияланатын жұмыс орындарына және тұрақты жұмыс орнына 258 жас жолданған. Сонымен қатар жыл сайын «Жасыл ел» жасағына кадр жинақталып, жастар уақытша болса да жұмыс жасайды. Биыл ауданымызда «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмысқа 14 пен 35 жас аралығындағы 130-ға жуық жас уақытша жұмысқа орналастырылған.

Осы орайда аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудан орта­лығының келбетін көркейтуге белсенді үлес қосып жүрген «Жасыл ел» еңбек жасағының жастарымен кездесіп, ортақ үйіміздің тазалығын сақтауға қосқан үлестері үшін алғы­сын білдірді. Адал еңбекке жаны құштар жастарға өнегелі тәрбие берген ата-аналарға құрметін жеткізді.

– Бүгінде Жалағаш кенті және ауылдық округтердегі абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Халық көп шоғырланатын орталық алаңдар, саябақтар мен ойын алаңдары тазартылуда. Бұл жұмыстарға аудан жастары да белсенді қатысуда. Бұл оларға тәжірибе мен дағдыларды игеруге, сондай-ақ қоғамның дамуына үлес қосуға мүмкіндік бермек. Иә, экологиялық жағдай күрделене түсуде және қоршаған ортаны қорғау мәселесі өзекті болып жатыр. Сондықтан жастардың қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауы көңіл қуантады. Осы маңызды жобаға қатысып жатқан барлығына, әсіресе өз міндеттерін ынтамен және жауапкершілікпен орындаған қатысушыларға рақмет. Біз жастарымызбен бірге жалағаштықтар үшін қолайлы орта жасаймыз, – деді аудан әкімі.
«Жасыл ел» уақытша маусымдық жұмысқа орналасу жобасының мақсаты студенттер мен жұмыссыз жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, сондай-ақ экологиялық және патриоттық тәрбиені насихаттау әрі достық қарым-қатынасты нығайту болып табылады.

– Біз, жастар, өз жатақханамызда, оқу орнымызда, қала берді оқып жатқан қаламызда сенбілік жұмыстарына белсене қатысып тұрамыз. Бұл ісімізді тек акция ре­тінде қарамаймыз, қайта тұрғындарға қала өмірінің қо­лайлы болуына қосқан үлесіміз деп түсінеміз. Жазғы демалыста ауданымызға келіп, қол қусырып отырмай, өңір тазалығына өз үлесімді қосқым келді. Сөйтіп «Жасыл ел» жобасы аясында уақытша жұмысқа орналастым. Туған өлкемнің көркеюіне кішігірім үлес қосып жатқаныма ризамын, – дейді аудан тұрғыны Әділет Жұбатқан.

Жандос МАХМҰТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: