Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Сенбі, 18 мамыр, 10:05

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды

05.12.2023

243

0

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Министр сапарында аймақтың жол-көлік инфрақұрылымы нысандарының жұмысымен танысып, облыс тұрғындарымен кездесті.

Марат Қарабаев Қызылорда қаласындағы сол жағалауда бой көтерген жаңа автовокзал құрылысымен танысты. Нысан пайдалануға берілсе, 55 қоғамдық көлікпен 124 рейс ұйымдастырылады. Мұнан бөлек Ташкент қаласына 1 халықаралық рейс, 46 ауданаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка), Ақтөбе және тағы басқа қалаларға 8 көлік жолға шығады. Нысан жаз мезгілінде күніне 3 700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетуге ыңғайластырылып салынады. Құны 975 млн теңгені құрайтын жаңа автовокзал құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, халық игілігіне қызмет етпек.
Әрі қарай министр күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалына барды. Өткен ғасырдың басында салынған тарихи нысанды жөндеу жұмыстары сәуір айында басталды. Бүгінде сыртқы және ішкі жөндеу жұмыстары аяқталып, ғимарат жаңа кейіпке еніп, келбеті ажарлана түсті. Вокзал аумағындағы 2-ші перронға және автотұраққа жаңа асфальт жабындысы төселді. Жобаның жалпы құны 577 млн теңгені құрайды. Оған «Қазақстан Темір Жолы» компаниясынан 322 млн теңге және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен 255 млн теңге бөлінді.
Сапар соңында Көлік министрі меценат Болат Өтемұратовтың қоры есебінен құрылысы қарқын алған халықаралық стандарттарға сай заманауи әуежай терминалымен танысты. Қазіргі әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаймақ. Жалпы алаңы 7500 шаршы метр болатын әуежайда телескопиялық трап, жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Терминал құрылысы 2024 жылы аяқталады.
Сапар барысында Марат Қарабаев өңір тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке қабылдады. Облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің абаттандырылған ауласын көріп, жаңадан ашылған «Анаға тағзым» орталығының жұмысымен танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен аймақтың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелерін талқылады.

«ЖЖ» ақпарат

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: