Өнер адамы тек мәдениет саласынан болуы шарт емес. Бойында қандай да бір таланты бар жан қай салада жүрсе де өнерден шет кетпейді. Бұған аудандық полиция бөлімінің қызметкері, полиция майоры Жасұлан Әбдуайтовтың шығармашылығымен танысқанда көзіміз жетті. Өнерді жан тәнімен ұғып, әншілік қабілетін шыңдап жүрген жерлесіміз жауапкершілігі мол қызметі мен бойына дарыған өнерін бүгінде абыроймен арқалап жүр.
Иығына погон таққан полицей қызметтің ауырлығына қарамастан қазақтың қара домбырасынан, өнерінен алыс емес. Өнерді ғұрыптаған қарапайым отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз бала күнінен ән әлемінде әлдилеп өскен. Сөзінше, оған бұл талант әкесінен, нағашы жұртынан да дарыған. Нағашылары аймаққа белгілі жырау, ақын, термеші болыпты. Ол кісілердің музыкалық сауаты болмаса да, естіген әуенін домбыра немесе түрлі аспаптарға салып ойнай алады екен. Осылайша полицейдің таланты бала кезден өнерлі ортада қалыптасса керек.
Кейіпкеріміз әншіліктен бөлек ән де шығарады. Бүгінде оның шығармашылық қоржыны бірнеше жаңа әнмен толыққан. Мәселен, «Жалағашым», «Рахмет саған, дәрігер», «Қазақ жігіті», «Тыныштық сақшысы», «Мама», «Мен сені сүйемін өмір», «Әкешім», «Алыстағы махаббат», сынды төл туындыларды жарыққа шығарған. Жасұланның ең алғашқы орындаған туындысы «Жалағашым» әні екен. Әдеттегідей бір концерттік шарада жүргенде оның өнеріне тамсанған композитор Сақыпжан Аймаханқызы «Жалағашым» әнін сыйға тартыпты. Бұл туындыны киелі Жалағаш топырағында өскен азамат орындаса дегені шығар. Сондай-ақ жақында жарық көрген туындысы «Нәзеркем» атты әні бүгінде әнсүйер қауымның жүрегінен орын тауып үлгерген. Бір қызығы, бұл әннің сөзін Жасұланның өзі жазған.
– Иә, өнер мен үшін бала қиялыммен ұштасқан жеке хоббиім десем болады. Өнерді жаным сүйеді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, спортпен де кәсіби шұғылданамын. Күрестен спорт шеберімін. Азды-көпті жетістігім де бар. Жалпы бүгінгі қызметім құқық қорғау саласына үлкен қызығушылықпен келдім. Қызметтегі міндетімді адал атқарудамын. Бұл салада қызмет еткеніме 15 жылға жуықтады. Әр мамандықтың өзіне тән ерекшелігі мен қиындығы болады. Мен өз ісімді жақсы көремін, сондықтан маған өнерде де, құқық қорғау саласында да қызмет атқарған қиын емес. Жан дүнием, ойым, болмысым шығармашылыққа жақын болғандықтан адаммен тіл табысуға бейіммін, – дейді өнерлі полицей.
Кейіпкеріміз ұлттық аспабымыз домбыраны жетік меңгерген. Ал гитараны өз бетінше үйренген. Балалық, студенттік кезден түрлі деңгейдегі байқауларда бой көрсеткен Жасұлан үлкен конкурстан жүлделі орындар иеленген. Қызметте жүріп сала мамандары арасында өтетін республикалық «Парасатты полицей» өнер байқауында 3 орын еншілеген. Сондай-ақ ауданның басқа да мәдени-танымдық іс-шараларына тұрақты қатысып тұрады.
Кейіпкеріміз сұхбат соңында өнердегі жоспарымен де бөлісті. Ол бүгінде іштегі өнердің сәулесін тұншықтырмай, тыңдармандарын жаңа туындының жарық көруімен қуантуға жұмыс жасауда. Өзінің айтуынша, ән патриоттық тұрғыда, жастарды рухтандыратын, салмағы басым керемет дүние болмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!