Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

28°C

, Жексенбі, 30 маусым, 15:08

Журналист ұлт үшін қызмет етеді – Қасым-Жомарт Тоқаев

27.06.2024

316

0

Мемлекет басшысы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Zhalagash-zharshysy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз», деді Президент.

Мемлекет басшысы түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет ететінін, ел тағдырын шешуге атсалысатынын атап өтті. Бүгінде ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болғанын, қазір де солай екенін тілге тиек етті.

«Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады»,  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: