2025 жылы Қазақстан Республикасының Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысының тапсырмасы бойынша Қорғаныс министрлігі әскерге шақыру және азаматтардың мерзімді әскери қызметі жүйесінде цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастырды.
Жаңа технологиялар медициналық тексеруден өту, азаматтарды ақпараттандыру, шақыру тізімдерін қалыптастыру және қызметті ұйымдастыру сияқты бағыттарды қамтиды.
Шақыру науқанын цифрландыру аясында «e-Медосмотр» ақпараттық жүйесі енгізілді. Жүйе Астана, Шымкент қалаларында және Қарағанды облысының Абай қаласында пилоттық режимде сәтті енгізілді. Ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен тікелей байланыс орнатып, медициналық тексеру процесін жеделдетуге және шақыруға жататын азаматтардың деректерін нақты уақытта алуға мүмкіндік береді.
«e-Медосмотр» шақырушы азаматтың цифрлық медициналық картасын жасап, 100-ден астам медициналық параметр бойынша ақпарат ала алады. Дәрігер қорытындыларын енгізуге, құжаттарды электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) және QR-код арқылы бекітуге, қосымша тексерулерге жолдауға және олардың нәтижелерін электронды түрде алуға мүмкіндік береді. Жүйе зертханалармен, медициналық құрал-жабдықтармен және мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграцияланған. Қазіргі уақытта «e-Медосмотр» Астана, Шымкент қалалары, Жетісу және Батыс Қазақстан облыстарында енгізілген. Ақмола облысында жүйені қосу жұмыстары басталды.
Азаматтарды әскери қызмет өткеру тәртібі туралы ақпараттандыру мақсатында Қорғаныс министрлігі ARMIA.KZ цифрлық сервисін іске қосты. Бұл сервиске жасанды интеллект енгізілген. Ол пайдаланушылардың сұрақтарына жедел жауап беруді қамтамасыз етеді. Платформа Қорғаныс министрлігінің жалпы цифрлық жүйесімен интеграцияланады.
Шақыру жұмысына «Smart военкомат» жүйесі де енгізілді. Жасанды интеллект технологиясына негізделген бұл жүйе автоматты түрде шақыруға жататын азаматтардың тізімін жасап, медициналық тексеруден өту қажеттілігі туралы хабарламалар жібереді. Тізім жасалған кезде азаматтардың жасы, антропометриялық деректері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі, жүргізуші куәлігінің болуы және шақырудан кейінгі кейінге қалдыру немесе босатылу негіздері ескеріледі.
Цифрлық тәсілдер мерзімді әскери қызмет барысында да қолданылады. Әуе қорғанысы күштерінің 78460 әскери бөлімінде жүзеге асырылып жатқан Sarbaz+ пилоттық жобасы жауынгерлік және арнайы дайындықтың жаңарған тұжырымдамасын, заманауи тұрмыстық және оқу инфрақұрылымын, әскери қызметшілердің фитнес-браслеттер арқылы медициналық мониторингін және қызмет кезінде IT, телекоммуникация және дрондарды басқару саласындағы азаматтық мамандықтарды алу мүмкіндігін қамтиды.
Цифрлық шешімдерді енгізудің мақсаты – шақыру рәсімдерін ашық әрі тиімді ету, даярлық сапасын арттыру және әскери қызметтің жағдайын жақсарту.
Жыл қорытындысы: әскерге шақыру мен әскери қызметтегі цифрлық шешімдер
26.12.2025
5
0
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!