Жалағаш ауданы әкімдігінің фейзбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында күні кеше Сырдария өзеніне 2023 жылы жоғарғы арнадан жылдағы мөлшерден көп су бөлінгені хабарланған болатын. Осы орайда Жалағаш ауданы тұсынан сел жүруіне байланысты М.Шәменов, Таң, Қаракеткен, Далдабай елді мекендерінің маңында мұз кептелісі орын алғаны да айтылған.
Су алу қаупінің алдын алу мақсатында М.Шәменов ауылы маңындағы «Шөмен қайыры» учаскесінде кеше тиісті сала мамандарымен мұз жару жұмыстары жүргізілген.
Бүгін Сырдария өзенінен көп мөлшерде су өтуіне байланысты келген су өзен арнасынан асып, Қармақшы ауданы Қызылтам елді мекені тұсындағы Далдабай, Қызылтам жолының су басу қаупі бар аумағына су жайылған. Жолаушылардың қауіпсіздігі үшін облыстық маңызы бар «Жалағаш-Жосалы» бағытындағы (Жосалыдан 43 км, Жалағаштан бері 31 км, Далдабай мен Қызылтам елді мекендерінің арасы) жол уақытша жабылды.
Айта кетейік, әзірге елді мекендерге ешқандай қауіп жоқ. Қазір жауапты сала мамандарымен арнайы жұмыстар жүргізіліп, жағдай толық бақылауға алынған. Дәл қазір дария бетіндегі сең Қармақшы ауданы тұсына жетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!