Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

-3°C

, Сенбі, 07 желтоқсан, 16:04

Кәсіптік білімнің көкжиегі кеңейген

05.12.2023

769

0

Бүгінгі білім беру жүйесінің басты мақсаты – бәсекеге қабілетті маман даярлау. Аудандағы Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжі де осы мақсатта заман талабына сай жұмыс жасап, балалардан кәсіби маман шығаруда қажырлы еңбек етіп келеді. Әріптесім Ақнұр Алтынбек екеуміз апта басында білім ордасының бүгінгі тынысымен таныстық.

60 жылдан астам тарихы бар оқу ор­нынан осы уақытқа дейін 25 мыңнан астам адам түрлі мамандық меңгерген. Бүгінде олар еліміздің ауыл шаруашылығы және басқа да салаларында серпін қалып­тас­тыруға өз үлесін қосуда.


Қазіргі таңда колледждің материалдық базасы нығайып, елдің экономикасын ны­ғай­туға қажетті жаңадан мамандықтар ашыл­ған. 450 орынға арнап салынған оқу ор­нында 189 студент ауыл шаруашылығын механикаландыру, дәнекерлеу, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, электр жабдықтары мен тамақтандыру ісін ұйымдастыру мамандықтары бойынша бі­лім алуда. Биыл 129 талапкер бұл оқу орнының студенті атанса, келер жылы 60 студент оқуды тәмамдайды.
Елімізде 2019 жыл «Жастар жылы» бо­лып жариялануына байланысты колледж мем­лекеттік «Жас маман» бағдарламасына қатысып, 2020 жылы облыс бойынша 9 колледждің ішінен мемлекеттік грант­ты жеңіп алған. Бұл жоба аясында кол­ледж еңбек нарығында сұранысқа ие болған екі мамандық бойынша 439 млн теңге қаржыға ауыл шаруашылығын меха­ни­ка­ландыру мамандығы бойынша және та­мақтандыруды ұйымдастыру ма­ман­дығы бойынша қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Мәселен, ауыл ша­руашалығын ме­ха­никаландыруға қажет­ті мұнда енді «John Deere» тракторы бар.


– Студенттер трактор тізгіндемес бұрын сабақ барысында осы техникаларды іс жүзінде айдап үйренеді. Бұл трактор 60 операцияны орындай алады. Яғни дән себу, жер жырту, тракторға өнім тиеу, со­қаны тіркеу секілді қызметтер атқарады.Сонымен қатар экскаватор құрылғысы да бар. Ол жер қазып, тегістейді. Студенттерге тракторды қалай айдау керектігі, толық жұмыс жасау барысы үйретіледі. Осы жерден толық трактор айдауды меңгерген ба­ла гаражда тұрған техниканы емін-еркін меңгереді, – дейді мұғалім Нұржан Серікұлы.
Мұнда бұдан бөлек айналмалы соқа, ты­ңайтқыш сепкіш, «Claas» комбайн, экскаватор, «Landini» тракторы сынды қажетті басқа да құрал-жабдықтар бар. Бұл техникалар колледждің материалдық-техникалық базасы нығайтуда. Қазіргі таңда бұл техникалар жаңартылған білім бағдарламасына енгізіліп, күнделікті оқу-үйрену процесіне пайдаланылуда. Соның арқасында түлектердің жыл сайын 82 пайыздан астамы жұмыспен қамтылуда.
Айта кетейік, оқу орны білім алу­шылардың ауданның ірі шаруа қожа­лықтарында тәжірибеден өтуіне барлық жағдай жасаған. Мұндағы жастар 2 ай іс жүзінде тәжірибе алмасу арқылы өздерін шың­дап, мамандығына машықтанады. Ал тамақтандыруды ұйымдастыру маман­дығы бойынша көкөніс ұсақтағыш, ет турағыш, қамыр илеп, оны жайып кесетін арнайы құрылғылар оқу процесі кезінде қолданылып, студенттердің сапалы білім алып, білікті маман болып даярлануына пайдаланылады. Балалар виртуалды әлем­ді көру арқылы теория түрінде тех­ника қауіпсіздігін үйренеді. Мұнан кейін арнайы тест арқылы сынақтан өтеді. Колледжде 23 пән кабинеті мен шеберхана қарастырылған.
– Студенттердің сұранысына сай 50 орын­дық жатақханада 18 студент бар. Сондай-ақ барлық білім алушыға шәкірт ақы тағайындалған. Бізде студенттерге ыстық тамақ қарастырылмаған, бірақ толық емес отбасылар мен көпбалалы отбасылардан шыққан 72 студентке 14 508 теңге беріледі. Кітапхана қорында арнайы 10 234 кітап бар. «Оқуға құштар колледж» жобасы аясында студенттердің қатысуымен түрлі шаралар, әдеби таным­дық кештер өткізіліп тұрады. Жақында Coworkinq орталығы керекті құрал-жаб­дықтармен қамтылды. Мұнда білім алу­шыларға сабақтан тыс уақытта кітап оқып, дойбы, шахмат сынды ойын ойнауға мүмкіндік қарастырылған, – дейді колледж басшысы Нұрхан Боранбайұлы.
Біліктілік пен жаңашылдықты басты назарда ұстайтын оқу орнында 37 инженер-педагог сапалы білім беруде. Келешегі кемел білім ордасының алдағы уақытта да кәсіби білім иелерін шыңдайтыны анық.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: