Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

18°C

, Дүйсенбі, 13 қазан, 11:49

Мұғалім мерейі

11.10.2025

8

0

Бастауыш сынып – әр баланың білімге алғашқы қадам басатын кезеңі. Осы маңызды жолда ұстаздардың орны ерекше. Жаңадариядағы №203 орта мектеп мұғалімі Ғалияш Байкенжеева – тәжірибелі бастауыш сынып педагогы. Ол тек оқытушы ғана емес, балаларға үлгі болып,олардың шығармашылық қабілетін дамытуға тырысатын ұстаз.

Аққолқа – іргесі 1968 жылы құрылған Жаңадария ауылдық округіне қараған елді мекен. Қазір бұл ауыл халқы аудан мен қалаға орналыстырылған. Еңбек жолын осы өңірден бастаған кейіпкеріміз – бүгінде 37 жылдық тәжірибесі бар өнегелі ұстаз. Бала кезінде медбике болуды армандаған мұғалім қазір мектеп есігін ашқан әр бүлдіршінді жылы шыраймен қарсы алып, білім әлеміне бастап жүр. Медбике мамандығына тапсыру үшін қажетті медициналық тексерістен өткенде жүрегіне байланысты рұқсат ала алмаған. Сол сәттен кейін арманына басқа жолмен жетуге бел буып, М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжге оқуға түсті. Осы шешімі оны болашақта шәкірттеріне білім мен ме­йі­рім сыйлайтын ұстаздық жолға жетеледі.
– Мектепті Шағанда бітірдім. 9-сыныптан кейін оқуға түс­кен сыныптастарымның ақ халатына қатты қызықтым. Ден­саулығыма байланысты армандаған мамандығыма түсе алмасам да, кейін балалармен жұмыс істегенді ұнататынымды түсіндім. Бұл да өзіне тән қызық әрі маңызды тәжірибе екен. Уақыттың қалай өткенін байқамай қаласың, балалармен бірге болу әр сәтті бағалауды үйретеді, – дейді Ғалияш Түзелбайқызы.
Айта кетейік, ұлағатты ұстаз бүгінге дейін 10 сыныпқа же­тек­шілік еткен. Оның оқушылары Қазақстанның әр түкпірінде өз жолдарын тапқан, бірі – дәрігер, бірі – тілші, енді бірі мұғаліммен бірге иық тіресіп, бүгінгі таңда бір алтын ұяда қызмет атқарып жүр. Осындай шәкірттердің табысы ұстаздың адал еңбегі мен мейірімінің жемісі екенін айқын дәлелдейді.
Шынайы ұстаздың ең үлкен марапаты шәкірттерінің же­тіс­­тігінде. Оқушылары қазіргі кезде аудандық, облыстық, рес­пуб­ликалық олимпиадаларда көш бастап, өз білімдері мен ше­берліктерін көрсетіп жүр. Өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қар­­саңында өткен сайыста оқушылары «Менің отбасым жә­не Отаным – Қазақстан» тақырыбындағы сурет көрмесіне қа­тысып, ауданнан үздік деп танылып, облысқа жолдама алды. Сон­дай-ақ сайыста олар 2-орынға тұрақтап, өнерін тағы бір мәр­те дәлелдеді. Ғылымға бет бұрып келе жатқан бір топ оқу­шысы аудандық сайыстарда жүлделі орындармен марапатталса, бі­лім­ге ден қойған озат шәкірттері 2-4 сынып оқушыларына ар­нал­ған «Бастау» республикалық олимпиадасының жүлде­гері атан­ды.
Жалпы ұлағатты ұстаз шәкірттерінің жетістіктер жалғасы көп-ақ. Былтыр алғаш қадамына өзі куә болған мектеп бітіруші тү­легі ұлттық бірыңғай тестілеуден 130 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанды. Кеудесін мақтаныш кернеп баяндаған ұстаз үшін бұл – ең үлкен қуаныш. Әрқайсысының шыққан биігі жүрегін шат­тыққа бөлейтінін айтады.
– Бастауыш сынып болғандықтан қызықты сәттер өте көп. Пысығы да, тентегі де болады. Бір оқушым бар еді, сабақты нашар оқитын. Әжесі көрген сайын «Мына бала қалай болады, алып қалып оқытшы, үйден оқытсаң қалай болады?» деп алаң­дайтын. Мен бар білетінімді үйретіп жүрдім. Барлық бала бірдей емес, қабілет те әртүрлі, сондықтан «уайымдамаңыз, келешекте бір үйді асырайтын азамат болады» деп кеңес бердім. Көп ұза­май сол оқушым әскери борышын өтеп, сол салада қызмет етіп келеді. Айтқанымдай, отбасының қамын ойлап, бүтін бір шаңы­рақты асырап отыр. Сол кездегі әже қазір бар, жолығып қалсақ, айтып жүреді, – дейді тәжірибелі педагог.
Ғалияш Байкенжеева үнемі ізденісте жүріп, бастауыш сынып оқушыларына білім берудің ең тиімді жолдарын қарастырады. Ауданда өткізілетін мұғалімдер арасындағы сабақтарға бел­сенді қатысып, тәжірибе алмасып, кәсіби деңгейін көтеруге ұм­тылады. Өткен жылы «Заманауи оқыту әдістері, тәжірибе және ин­­новация» тақырыбындағы аудандық тәжірибе алаңында жұ­­мысын көрсетті. «Listen study» мақсатын тиімді пайдаланып, оқушыларды деңгейлерге бөле отырып жаңа білім мен дағдыны меңгертіп келеді. Сондай-ақ « Бастауыш сыныпта жаңартылған бі­лім беру бағдарламасы аясында оқыту жолдары» атты әдіс­темелік құралға енген.
– Әдістемелік құралға математика пәні бойынша 1-3 сынып оқушыларының шығармашылық қабілетін дамытуға бағыт­тал­ған логикалық тапсырмалар ұсындым. Бұндай есептер білім алу­шыларды белсенділікке тәрбиелейді, өз бетінше іздене бі­луге дағыландырады, икемділік пен шеберлікке баулиды. Әр са­бақта осы әдісті жиі қолданамын. Оқушылардың ынтасын, пән­ге деген қызығушылығын қалыптастыруға әбден болады. Ойын сабақтарымен қатар логикалық есептерді берген уақытта оқу­шылардың өздігінен жұмыс істеуге деген қабілеті дами түседі. Сыныбымда 13 оқушы бар. Әр сабақ соңында осы әдісті үздіксіз жүр­гіземін, олар да берілген тапсырмаларды орындауға әбден ма­шықтанған, – дейді тәжірибелі мұғалім.
Білім мен білік әрдайым ұстазды биік шыңдарға жетелейді. Өзі қалаған мамандыққа түсе алмаса да, бүгінгі таңда үлкен ұлы медицина саласында жүрек дәрігері болып қызмет етуде. Кезінде армандаған белесін баласы бүгінгі күні бағындырып отыр.
Білім беру ешқашан оңай іс болмаған. Кейіпкеріміз – жан-жақты, жаңашыл ұстаз. Зейнет жасына жақындаса да, оның идеялары мол, тәжірибесі бай. Білім саласындағы қажырлы еңбегі еленіп, өткен оқу жылында «Үздік сынып жетекшісі» деп танылды. 40 жылға жуық шәкірт шыңдап келе жатқан ұстаздың жас ұрпаққа жолы – өнеге, шәкірттері үшін болашағына жөн сілтейтін бағыт.

Г.Есжан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: