Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

23°C

, Сейсенбі, 07 мамыр, 09:42

Оқушылары озат ұстаз

24.10.2023

300

0

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Бұл еңбек жолын бала оқытуға арнаған барша ұстаздың негізгі ұстанымы екені хақ. Ұстаз – өзгелерге үйретуден шаршамайтын, өзі де үйренуден, ізденуден талмайтын мәртебелі мамандық. Әріптестеріммен елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы білім ошақтарының бүгінгі жай-күйінен хабардар болу мақсатында жасаған сапарымыз Бұқарбай батыр ауылынан бастау алды.

Білім ізденгендерге дұрыс бағыт-бағдар беруді басты мақсат еткен Нәзкен Сайымова – 2013 жылдан бастап өзі түлеп ұшқан №33 орта мектептің ұлағатты ұстазы. Бала күнінен есеп-қисапқа епті болған Нәзкен мектеп қа­­бырғасында оқушы кезінен-ақ түрлі байқау, олимпиадаларға қатысып, жүл­делі орындарды иеленген. Мектеп бі­ті­­рер шақ таяп, білімін жоғары оқу орнында жалғастыруды көздеген жас талапкер ойланбастан білікті ұстаздар­дан математика пәнінің қыр-сырын мең­геріп, сабақ берудің әдіс-тәсілдерін үйренуді мақсат еткен.
– Қызығы мен қиындығы қатар жүретін бұл мамандық иесі болу – бала күннен бері арманым. Ұстаз болу оңай емес екенін өзімнің, әріптестерімнің тәжірибиесінен көріп жүрмін. Ұстаз болу жүректілікті, даналықты, керек жерінде бала болуды талап етеді. Математика пәні күрделі болған соң қазіргі таңда бұл мамандықты бітіруші түлектер көп таң­дай бермейді. Бұл ғылым саласы үнемі ізденісті және жан-жақтылықты қажет етеді. Бала кезімнен осы пәнді сүйіп оқып, білікті де білімді маман бо­лу үшін еңбектеніп, бүгінде жемісін кө­рудемін. Әр оқушының шамшырағын жа­ғып, пәнге деген қызығушылығын арт­тыру – әрбір ұстаздың басты міндеті. Мен де оқушыларымның математика пә­ніне деген қызығушылығын арттыруда әр сабақ сайын түрлі әдіс-тәсілдерді пай­даланып, үйретудемін, – дейді жас ұстаз.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, Нәзкеннен білім алып, биік белестерді бағындырып жүр­ген шәкірттер де жоқ емес. Олар ау­дан­дық, облыстық байқауларға, пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орын­­дар иеленіп, ұстаз үмітін ақтаған. Мәселен, Е.Ұсейн, Д.Қа­былбек, Г.Нұрма­ғанбет, Ш.Сәй­фед­дин, А.Әкімбай сынды бірқатар шәкірті білім бәйгесінде биіктен көрінуде.
Шәкірттерін шыңдап, үнемі ізденіс үстінде жүретін жас ұстаздың жетістігі де жетерлік. Атап айтқанда, ол оқу-тәрбие жүйесін дамытуда көрсеткен кәсіби шеберлігі үшін аудандық, об­лыстық білім басқармасының және ау­дан әкімінің «Құрмет» грамотасымен мара­пат­талған.
Бұдан бөлек Нәзкен Бисенбайқызы «Үздік сынып жетекші», «Дарынды ба­лаға – талантты ұстаз», «Үздік ма­тематика пәнінің мұғалімі» атты бай­қауларға қатысып, марапат төрі­нен кө­рінсе, қашықтықтан өткен респуб­ли­ка­лық «Үздік авторлық бағдарлама» сайысынан да І орын иеленген.
Оның «Оқушылардың функционал­дық сауаттылықтарын арттыра отырып ҰБТ-ға дайындау» тақырыбындағы ав­торлық бағдарламасы мен «Матема­тикалық сауаттылық» пәнінен әдісте­мелік көмекші құралы Алматы қаласы «Зияткер» баспасында басылып шы­ғып, ұлағатты ұстаздар мен білімді шә­кірттерге жол тартқан.
– 2013-2014 оқу жылы жетекшілік жа­саған сыныбым ҰБТ-дан «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иесі атанып, мем­лекеттік грантқа түсіп, мектеп абыройын асқақтатты. Одан бөлек математикалық сауаттылық пәнінен жыл сайын оқушы­ларым жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мен аудандық, облыстық семинар­ларда өз пәнім бойынша жасаған жұ­мыс­тарымды көрсетіп, мектептің қо­­ғам­дық жұмыстарына белсене ара­ла­су­дамын. Одан бөлек аудандық «Жас Дарын» олимпиадалық резерв мек­те­бінде оқушыларды математика пәнінен олимпиадаға дайындаймын. Мек­тепте бірлестік жетекшісі, сонымен қа­тар мектептің кәсіподақ ұйымының төрайымы болып қоғамдық жұмыс­тарды қосымша атқарамын, – дейді Нәзкен Сайымова.
Академик, жазушы З.Қабдолов: «Ұс­таз көрмеген кісі – үлгі, өнеге көрмеген кісі. Ал үлгісіз, өнегесіз кісі­де қандай қа­сиет болмақ? Асылы, адам өзінің азаматтығы үшін алды­мен ұстазға қа­рыз­дар» – деп ұлы ма­ман иесі са­на­латын ұстаздар­дың бағасын ше­бер жеткізген бола­тын. «Ұстазы бейілді болса, шәкірті зейінді болады» дейді дана халқымыз. Зейінді ұрпақ тәрбиелеу жолында қажырлы еңбек етіп жүрген білікті математик Нәзкен Бисен­байқызының әркез мерейі үстем болмақ.

Ақтоты ЕРЖАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: