Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

25°C

, Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:45

Қарқынды қолдау салаға серпін береді

03.05.2023

347

0

Өткен жұма жалағаштық мұғалімдер үшін ерекше күн болды. Өйткені өңірімізге ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев іс-сапармен келді. Жұмыс сапары барысында сала басшысыТаң ауылындағы №118 орта мектепке ат басын бұрып, білім ордасының жұмысымен танысты.

Кездесуде мұғалімдердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, Үкімет та­ра­пынан ұстаздардың кедергісіз бала оқытуына бар­лық жағдай жа­салатынын жеткізді. Сала басшысы ауылға құр қол келмей оқушылар тасымалына арналған автобус та табыс­тады.
Сондай-ақ Ғани Бектайұлы мектеп мұғалімдеріне өзінің бір­қатар жағымды жаңалығымен бөлісті. Мәселен, ауылдың білімді балаларына арналған білім олимпиадаларын ұйым­дастыру қолға алынып жатқанын, мектеп асханасының мә­зіріне ұлттық тағамдар кіретінін жеткізді. Яғни бұл білім ұясы мен балабақшадағы бүл­діршіндердің денсаулық жағдайын жақсартатын болады.

Иә, жаңа оқу жылының аяқталуына да аз уақыт қалды. Десе де биылғы оқу жылында өңіріміздің білім саласында ауыз толтырып айтарлық елеулі жетістіктер баршылық. Атап айтқанда, 2022 жылы Жалағаш кентінен 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебі, демеушілер есебінен 5 елді мекенде жалпы құны 42 млн теңгені құрайтын 6 балалар ойын алаңы салынды. Сонымен қатар 40,8 млн теңгеге 5 мектеп жаңа мо­дификациялық кабинеттермен қамтылса, биыл 4 мек­тепті қамту жоспарланған.
2023 жылы Таң, Мақпалкөл, Далдабай елді мекендеріндегі ба­лалар ойын алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Кенттегі №123 мектеп-лицейіне қосымша ғимарат салу, №31 және №33 мектептерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында кент орталығынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Бұл бағытта 1,3 га жер телімі бекітіліп берілді. Қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттары әзірленген.
Министр Ғани Бейсембаев іс-сапарын қорытындылай келе ау­дандағы білім беру саласында атқарылып жатқан жұмыс­тарға жақсы баға беріп, ұстаздардың ел болашағы жас ұрпақты білім беріп, тәрбиелеудегі өлшеусіз еңбектеріне сәт­тілік тіледі.

Жандос ЖАЗКЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: