Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

24°C

, Сәрсенбі, 09 қазан, 12:40

Кәсіптің көзін тапқан келіншек

22.07.2023

616

0

Кәсіпке бейімделу – бүгінгі күннің басты талабы. Себебі нарық кезеңінде тың істі қолға алып, жұмысын дөңгеленткеннің жағдайы жақсы болмақ. Бұған қазіргі жастардың көзі жеткен. Осы күні қатарластарымен бірге талпынып, өз ісін бастауға ниеттілер қатары көп. Бір жақсысы, қазір еңбектенген адамға мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндік те, қолдау да бар. Мемлекеттік грант – бұл жаңа бизнесті бастау және дамыту үшін қайтарымсыз негізде берілетін бастапқы көмек.

Мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өзінің шағын кәсібін бастап, ісімен көпке үлгі боларлықтай пысық келіншектердің бірі – Жаңаталап ауылының тұрғыны Әйгерім Шыныбек.

– Ниет болса, қазір мемлекет тара­пынан қолдау көп. Оған көзім жетті. Ау­дандық жұмыспен қамту орталығының қыз­­меткерлері қайтарымсыз гранттың мүм­кіндіктері туралы түсіндір­гесін кә­сіпкерлік негіздерін оқып алдым. Кон­­­­дитер өнімдерін жасағанды қатты ұнатамын. Бала күнімнен анамның қасында жүріп, тәттілер пісіруге әуес болдым. Теледидар мен журналдардан түрлі рецептерді алып, үйде дайындап жүрдім. Бірде неге өзім білетін істі кәсіпке айналдырмасқа деген ой келді. Содан жолдасыммен, ата-енеммен ақылдастым. Олар менің бұл ойымды қолдап, курсты оқып алып, құжаттарымды рәсімдеуге жәрдемдесті, – дейді Әйгерім.

Міне, осылайша кейіпкеріміздің сүйікті ісіне айналған тәттілері бизнесінің бастауы болған. Қазіргі таңда ауыл тұрғындары Әйгерімнің қолынан шыққан торттарды, бәліштер мен тәтті тоқаштарды тойға, мерекелік дастархандарына қою үшін тапсырыс береді. Әзірге жас кондитер үйінің бір бөлмесін кішігірім цехқа айналдырып отыр. Мемлекеттен жеңіп алған қайтарымсыз грантқа пеш, миксер, тоңазытқыш, блендр сияқты қажетті техникаларын сатып алған.

Бүгінде Әйгерімнің әзірлеген тәтті бөл­келері мен торттары ауылдағы шай дас­тарханның сәніне айналып үлгерген. Жас кондитердің бір торты салмағы мен көлеміне қарай 3500 теңгеден 7000 тең­геге дейін бағаланады. «Вупи-пай», «Қызыл барқыт», «Наполеон», «Сүтті қыз» сыяқты торттардың түр-түрі бар. Тұтынушы тапсырысына қарай, печенье, бәліш, самса, тәтті бөлкелердің сан түрін, тіпті түріктің пахлавасына дейін пісіреді. Жалпы, Әйгерім шай дастарханына қа­жетті ұннан жасалған тәттілердің бәрін жасай алады. Жас кәсіпкер алдағы уақытта кәсібінің ауқымын кеңейткісі келетінін жеткізді. Ол үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие алуға да дайын.

– Менің арманым – үлкен кондитер цехын ашып, кәсібімді кеңейту. Маған сенім артып, қолдап отырған отбасыма алғысым шексіз.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, жастар алдына қандай да бір мақсат қойып, соған бар ынтасымен ниет етіп кіріссе, бәрі өз ретімен болады дейді, – жас кәсіпкер.

Келіндік қызметімен қоса тәтті пісіруге уақытын тауып, бизнесін жүргізіп отырған жас кондитердің алға қойған мақсаты ай­қын, қадамы нық. Кәсіптің көзін тауып, бе­рекелі тұрмыс кешіп отырған осындай іс­кер жастар – мемлекетіміздің өркендеуінің ке­пілі. Кейіпкеріміз – кәсіпкер әйел, асыл жар, бақытты ана екенін өз ісімен дәлелдеп жүрген жан.


Ақтоты БҮРКІТБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: