Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

2°C

, Дүйсенбі, 25 қараша, 02:23

Қамбасы дәнге толған «Байтабын»

09.11.2022

1007

0

Күзгі науқанды қорытындылағанына айдан асса да «Байтабын» шаруа қожалығының қырман басында біршама жұмыс жүріп жатыр. Көліктен түсе сала алпысқа таяп қалған ағамызды әңгімеге тарттық. Бұл аталған шаруашылықтың бас агрономы Сұлтанбек Үсейінов екен. Аман-саулық сұрасып, жөнімізді айтқаннан кейін шаруашылықтың бүгінгі тынысы хақында екеуара диалог та өрби берді.

Шаруашылық биыл 800 гектарға жуық алқаптан жоңышқа өнімін жиған. Оның 210 гектары жаңа жоңышқа болса, 580 гектар ескі жоңышқаны күтімге алыпты. Ескі жоңышқадан тұқымға 39 тонна дақыл жинап алған. Қазір қырман басында сол өнімнен тұқым дайындап жатыр екен. «Пиктус» деп аталатын германиялық аппарат күніне 1 тоннадан астам тұқым әзірлейді. Қырманда дәл осындай күріш тазалайтын да заманауи аппарат бар. Ол күніне 90-95 тонна тұқым дайындауға қауһарлы. Германиялық алып аппарат 2018 жылы 48 млн теңгеге сатып алынған.

Қазірдің өзінде қырманда 1000 тоннаға жуық күріш пен 20 тоннадай жоңышқа тұқымы дайын тұр. Сұлтанбек Қабылбекұлы келер жылы көктемде «Байтабын» ЖШС 500 тоннадай күріш пен 4 тонна жоңышқа тұқымын себетінін айтады. Ал қалғаны жергілікті шаруашылықтарға сатылады екен. Өнім сапасында мін болмаса керек, бүгінде «Байтабын» ЖШС-да дайындалған жоңышқа және күріш тұқымдары қолдан-қолға тимей өтіп жатыр.

Батыр атындағы ауылға көктемгі науқанның тұсында бір мәрте ат ізін салғанбыз. Ол кезде төраға Болат Ділдабеков қырман басында екен. Былтыр аяқ судың қат болғанын жеткізген шаруашылық басшысы биыл да бұл мәселенің алдын алу шараларын жасап жатқанын жеткізген. Бүгін агроном берген мәліметтерге сүйенсек, жұмысында нәтиже бар сыңайлы.

«Байтабын» ЖШС биыл 1 100 гектар алқапқа Сыр салысын сепкен. Одан бөлек жаңа жоғарыда айтып өткен 790 гектар жоңышқасы тағы бар. Бас-аяғы 2 мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдарының күтіміне 41 диқан жауапты. Еткен еңбек, төккен тердің жемісі болуы керек, биыл «Байтабындықтар» жоңышқаның әр гектарынан 60 центнерден орташа өнім жиса, Сыр салысы себілген алқаптың әр гектарынан 72 центнер орташа өнім алыпты.

Шаруашылық бойынша Жайлау Ниязшаев пен оның көмекшісі Дастан Шайхыисламов биыл озаттар арасында көш бастады. Даңғайыр диқандардың ізбасарлары 87 гектар күріштің күтіміне алажаздай жауапкершілікпен қарағаны көрініп-ақ тұр. Кешегі науқан қорытындысымен олар әр гектардан 92 центнерден өнім алған. Салада 20 жылдан астам тәжірибесі бар Жайлау Ниязшаев та биыл аяқ судың айтарлықтай мәселеге айналғанын жасырмады. Десе де ол әріптесі екеуі туындаған мәселеге төтеп беру үшін бойдағы жауапкершілікті еселепті.

– Суды ең көп қажет ететін өнімнің бірі де бірегейі – күріш. Тіпті жерге себілгеннен жинап алғанша суда жатады десем, қателеспеймін. Рас, суды ауыстырып тұратын уақыттар болады. Бірақ негізгі қорегі де осы екенін ескерсек, жылдан-жылға күрделеніп отырған аяқсу мәселесінің бізді ааңдатып отырғанын жасыра алмаймыз. Су келетін, арық, каналдарымызды қазу, тазалау жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Биыл межелеген өнімнен де жоғары астық алдық. Мұның бәрі маңдай тердің жемісі деп білемін. Шаруашылық бойынша біз диқандардың алды болдық. Бұл жетістікте көмекшімнің де үлкен еңбегі бар. Салада нәтижелі еңбек еткен жұмысшыларға жалақыдан бөлек қосымша сыйақы үлестіріледі. Биыл солардың қатарынан табылғанымызға қуанып отырмыз. Келер жылы да алдымызға жоғары меже қойып, содан шығуға талмай жұмыс жасаймыз, – дейді диқан.

Иә, жалпы аяқ судың мәселесі жергілікті шаруашылықтардың ешқайсысын айналып өткен жоқ. Уақыт өткен сайын мәселе күрделеніп келеді. Егер келер жылы мұндай мәселе қайталанбаса, «Байтабын» ЖШС 1390 гектарға күріш егуге ниетті. Ротация тәртібі мұны көтергенімен, алда аяқ су мәселесі қалай болады? Міне, шаруашылық ұжымы осыған бас қатырып отыр.

Шаруашылық бүгінде 100-ден астам ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. 3 өндіріс бригадасы биыл науқанды оң нәтижемен қорытындылаған. Техникадан да мәселе жоқ, төраға Болат Ділдабеков «алажаздай бапталған өнім жауын-шашынға қалады» деп уайымдамайды. Себебі ол шаруашылық базасын толық заманауи соңғы үлгідегі техникалармен жарақтап алған. Ал мұның еңбек өнімділігіне де оң әсері болатыны айтпаса да белгілі.

«Байтабын» ЖШС егінді әртараптандыруға да басымдық беріп келеді. Биыл ауыл халқына біршама жер ашып берген еді. Жергілікті тұрғындар қыстай тұтынатын картоп-сәбізін, қызылша, асқабын өздері өсіріп, жинап алды. Болат Ділдабеков ағамыз бұл жылдағы қалыптасқан дәстүр екенін айтады. Әрине шаруашылық қолға алған бұл бастаманың жергілікті халыққа тиімді екені айтпаса да белгілі. Ал биыл мақсары, соя секілді суды аз қажет ететін дақылдарға да басымдық беріледі екен.

Төрағаның жоспары көп, мақсаты айқын, жұмысы жүйелі. Алдағы уақытта шаруашылықты түрлендіру арқылы кәсіптің көкжиегін кеңейту де ойда жүрген дүние екен. Мәселен, осыған дейін егін шаруашылығында өзіндік қолтаңбасын қалдырған «Байтабындықтар» келер жылдан бастап мал шаруашылығын да қолға алмақ ниетте. Әрине бірінші кезекте төрт түліктің басын көбейтуге күш салады. Одан кейін мал басын асылдандыруға кезек беріледі. Осылайша салада бақ сынаған шаруашылық ұжымы табысты еселеуге бел буып отыр.

Айтпақшы алдағы уақытта шаруашылық үлкен күріш ақтайтын заманауи цехты іске қоспақшы. Осылайша өздері күтіп-баптаған өнімді өндіріп нарыққа шығармақ.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ    

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: