Биыл күріштің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,2 мың гектарға қысқартылды. Ал мал азықтық және картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемі 4,7 мың гектарға ұлғайтылды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
«Сырдария өзені сулылығы биылғы жылы да вегетациялық кезеңде аз болатынына байланысты, орналасатын ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 185,6 мың гектарға межеленген. Қысқартылған күріштің орнына суды аз қажет ететін мал азықтық дақылдар мен қатар картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемдері 4,7 мың гектарға ұлғайтылады. Облыста егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында қосымша осы жылы соя дақылын 200 гектарға, қант құмайын 312 гектарға межеленген», – деді ол.
Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы барлығы 607 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.
Баспасөз конференциясында ҚР АШМ Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Сейілбек Нұрымбетов және «Қазсушар» РМК Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров 2022 жылы егілген егіс алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету жөнінде баяндады.
Бүгінгі таңда, облыс бойынша каналдар арқылы берілген су көлемі 1.1 млрд текше метр, су нүктесінен берілген су көлемі 963 млн текше метр.
3 маусымда Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілген су көлемі Көктөбе су бекетіне 9 маусымда келді. Ол су Қызылорда су торабына 16 маусымда, Қазалы су торабына 24 маусымда жетуі күтілуде.
Сондай-ақ, вегетациялық кезеңдегі күріш дақылының суға бастыру кезеңінің аяқталуына орай каналдармен суды жеткізіп беру үшін 67 дана насос қондырғыларын орнату жұмыстары жоспарлануда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!