Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты

9°C

, Жұма, 29 наурыз, 16:23

Қала күнінің қызықтары (фото)

28.10.2020

430

0

Қала күні. Бірнеше жылдың ішінде қала адам танымастай өзгерді. Әсемдігі көз сүріндіреді. Қандай жұмыстар атқарылды? Қандай шаралар қолға алынды? Мереке қалай тойланды? Мұны фотограф Нұрболат Нұржаубайдың суреттерімен сөйлетуді жөн көрдік. 

Сәні мен салтанаты келіскен өңірде көптеген шаралар өтті. Өзге елде жүрген жерлестер жылы лебізін білдірді. Көптеген байқау ұйымдастырылды. Әсем қаланы бір картинаға тоғыстыра білген суретшілердің жұмысы да елеусіз қалмады. Сонымен 25 қыркүйек күні таңғы сағат 9.00-ден бастап «Алаштың анасы, бақыттың қаласы – Қызылорда» атты мерекелік шара басталды. Қалалық әкімшіліктен жиналған бір топ тілшілердің бірінші бағыты: «Денсаулық саябағы».

 Жасыратыны жоқ, бұрын қалаға қонақ келсе «қайда қыдыртамын» деген сұрақ басты орында тұратын. Бізде Нұр-Сұлтан қаласы секілді Хан-Шатыр мен Бәйтерек жоқ. Бірден таныс-тамырға хабарласып, жақсы-жақсы жерлердің тізімін жасақтайтынбыз. Ал қазір Хан-Шатыр мен Бәйтерексіз де ойланбастан серуендететін жерлер көп. Айтқандай, бізде де Бәйтерек бар. Хан-Шатыр да алдағы уақытта бой көтерсе таң қалмаймыз. Орталық алаңның өзіне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, безендірілді. «Барлық көше асфальтталған» десек артық болар. Бірақ жөндеуден өткен көшелер көп. Бүгінде көшелердің сәні кірді. Көлік жүретін жерден адамдар өтіп, қиындық тудыратыны бар еді. Қазір жаяу жүргіншіге арналған жас мәселесі де шешіліп келеді. Ал облыс әкімі мен қала әкімі лентасын қиған демалыс саябағы тұрғындардың серуендеуіне таптырмас орын. Құрылысшылардың жұмысымен танысқан аймақ басшысы «жаңа саябақ келушілерге қолайлы, демалыс сыйлайтын жайлы ортаға айналсын», – деп алғысын білдірді. Расымен де саябақ көз тартады. Ішін аралап, барлық дүниені ұмытқандай күй кешесіз. Жан-жақта шашылып жатқан қоқыс жоқ. Орындықтары да тап-таза, арнайы қоқыс жәшіктері қойылған.

– Барлығы халықтың игілігі үшін жасалынды. Абырой ортақ, ел ортақ. Жұмысты сапалы орындауға бар күш-жігерімізді жұмсадық. Қала – ортақ үйіміз. Мереке құтты болсын! Еліміз өркендеп, жеріміз жайқала түссін! Біздің ниет осы, – дейді «Бақ-Береке – 2030» ЖШС директоры Айбек Ерназаров.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған саябақ 35 гектар аумаққа орналасқан. Саябақты абаттандыруға «Бақ-Береке – 2030» ЖШС мекемесі тартылған. Жоспарға сай саябақтың 10 мың 450 шаршы метр аумағы көгалдандырылған. Саябақ ішіне 20 мың 717 дана ағаш көшеті мен 60 мың 855 дана гүл егіліп, қазір жайқалған жасыл желекке айналған. 30 мың шаршы метрді құрайтын жаяу жүргінші және 4819 шаршы метр аумағы көгалдандырылған. Саябақ ішіне 20 мың 717 дана ағаш көшеті мен 60 мың 855 дана гүл егіліп, қазір жайқалған жасыл желекке айналған. 30 мың шаршы метрді құрайтын жаяу жүргінші және 4819 шаршы метр вележол, 6 спорттық ойын алаңы салынған. Сондай-ақ 11 мың 895 метрді құрайтын аяқ су каналы жүргізілген. 1502 метр аумақты алатын қоршау жұмыстары да мерзімді күні аяқталды. 349 дана түнгі жарықшам орнатылып, 356 дана орындық пен арнайы қоқыс жәшігі қойылды.

Саябақты өңір басшысына таныстырған шаһар әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы алдағы уақытта кәсіпкерлерді ұйымдастырып, ойын аттракциондарын орнатып, бұл аллея спорттық, патриоттық іс-шаралар өткізетін орынға айналатынын жеткізді.

Бүгінде «Сыр ана» монументі толықтай жөндеуден өтті. Ойын алаңы салынған соң мұнда бой түзеушілер көбейді. Субұрқақтың су сақтау орны 54 текше метрді құрайды. Суды 12 метр биіктікке дейін көтеру мүмкіндігіне ие. Оның үстіне, түрлі-түсті жарық беріліп, әуен қосылады. Заманауи субұрқақтан бөлек, мұнда автотұрақ пен тротуар жасалып, жарықтандырыған. Мұның бәрі Сыр елінің символына айналар «Сыр Анаға» сән беріп тұр. Мұндағы барлық жұмысты «Техноснастка-Ремсервис» ЖШС атқарған. Мереке күні қайта жаңғырған «Сыр Ана» монументі алаңының ашылуына келген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қалалықтарды төл мерекемен құттықтады.

– Екі ғасырлық тарихы бар Қызылорда қаласы бүгінгі күні әлеуеті артып, экономикасы өрістеген қалалардың бірі болып өсіп келеді. Биыл қаламызда көгалдандыру-абаттандыру жұмыстары өте қарқынды жүрді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыста 276 инфрақұрылымдық жоба болса, оның 97-і Қызылорда қаласында жүзеге асуда. Бүгін бірқатар жаңарған, қайта салынған әлеуметтік нысандар мен саябақтар ашылады,– деді аймақ басшысы.

 Айта кетейік, «Сыр Ана» монументі сегіз жыл дегенде тұрғындар жиі баратын демалыс орнына айналды.

Келесі бағыт облыстық көпбейінді аурухана болды. Аурухана алдындағы «Дәрігерлер аллеясы» қала күнінде ашылды. Облыс әкімінің қатысуымен өткен шарада ақ халаттыларға пәтер кілті табысталды. Сондай-ақ аймақ басшысы медицина қызметкерлері және сала ардагерлерімен кездесіп, пандемия кезіндегі табанды қызметтеріне алғысын жеткізді.

«Дәрігерлер аллеясы» Тұңғыш Президент даңғылының бойында орналасқан «Облыстық көпбейінді аурухана» маңынан салынған. Айта кету керек, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылының бойындағы Сыр сүлейлері аллеясынан бастау алып Тасбөгет кентіне дейін жалғасатын ұзындығы 8 шақырымнан аса жолға «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарлама аясында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Абаттандыру жұмысы негізінде жол бойы көгалдандырып, 4 субұрқақ пен гүлзарлар салынып, түрлі-түсті тас төселіп, соңғы үлгідегі жарық шамдар орналастырылды.

Шарада облыстық көпбейінді аурухананың бөлімше кардиологы, жас маман Ғалымжан Қоразов пен инсульт орталығының бөлімше меңгерушісі Ғалия Әбеноваға пәтер кілті табысталды.

– Биыл дүние жүзін дендеген дерт Сыр халқына да салқындық танытты. Осы ретте дәрігерлер қауымының еңбегін бағалап жатқан аймақ, қала басшылығына зор алғысымызды айтамыз. Бұл – біздің борышымыз. Бүгін пәтер кілтін алдық. Өте қуаныштымын. Мерейлі еліміздің мәртебесі орта берсін. Болашақта бұл аллеяда тек дәрігерлер емес, қала тұрғындары да демалады. Бұл Сыр елінің медицинасына көрсетілген құрмет деп білеміз, – дейді дәрігер Ғалымжан Қоразов.

Қала күнінде көптеген нысандар пайдалануға берілді. Біршама іс-шаралар легі өтті. Шаралардың барлығы карантин талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылды. Бұл күннің қортындысы «Сыр Ана» алаңында өтті. Мұнда шаһар басшысы қаланың ең жоғарғы марапаты, Қызылорда қаласының құрметті азаматы атағын 17 адамға табыстады.

Қала әкімі Алаштың анасына, бақыттың қаласына айналған қос ғасырдан аса тарихы бар қазақ атын қайтарған алғашқы астана күнімен барша қызылордалықтарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Алаш арыстарының табанының табы, ұлт зиялыларының ізі қалған, береке-бірлігі бұзылмаған Ұлы достықтың ордасы, Алаштың Ақмешіті атанған – Қызылорданың тарихын тарқатып, бүгінгі жетістіктері мен жаңалықтарына тоқталды.

Құрметті атаққа еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, қызметтің түрлі сатысынан өтіп, еңбек көрігінде есейген, елге сыйлы, қызметте абыройлы бола білген, қаламыздың дамуына елеулі үлес қосқан еңбек ардагерлері, профессорлар, құқық қорғау, құрылыс, денсаулық, білім, мәдениет саласының ардагерлері ие болды.

Мерекелік шара соңында ағымдағы жылы өткен «Қызылорда LIVE» республикалық композиторлар байқауында үздік деп танылған әндер орындалып, «Қызылорда» атты жаңа әннің тұсауы кесілді.

Қала әкімдігі ұйымдастырған пресс-тур барысында бір-бірін мерекемен құттықтап жүргендер көп. Бұл мерекеде барлығының да көңілді жүргенін аңғаруға болады. Иә, қала ортақ. Демек мереке де ортақ. Олай болса мерекелеріңізбен, қызылордалықтар.

Мөлдір САБЫРЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз