Кеше Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов өңірлік коммуникациялар қызметінде ауданда 2023 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмысы туралы брифинг берді. Брифингті тікелей эфирден көріп, ауданда атқарылып жатқан жұмыстардың барысы, жобалардың іске асуы туралы біраз мәлімет алдық. Иә, өзім Аламесек ауылының тұрғыны болғандықтан сеніммен айта аламын, ауылымызда біраз жоба жүзеге асырылып жатыр.
«Азаматтың іскерлігі ісінен мәлім» демекші, Жалағашқа Асқарбек Есжанов басшылық еткелі өңірдің, әсіресе ауылдық елді мекендердің дамуы едәуір ілгеріледі. Әлеуметтік-экономикалық даму, халықтың әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жетілдіру секілді мәселелер күн тәртібінен түспеді. Кент, ауылдар келбетінің көркеюі, оның ішінде құрылыстың қарқын алуы аудан дамуының көрінісі деуге болады.
Мәселен, Аламесекте ауылдық емхана жайлы мәселе көтеріліп жүргеніне біраз уақыт болған. Бүгінде бұл мәселе де өзінің оң шешімін тауып, жаңа емхана ғимаратының құрылысы басталып кетті. Шынында халықтың мәселесі ескеріліп жатыр, былтырдың өзінде ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті, кіреберіс көшеміз тақтайдай тегіс, демеушілер есебінен ауылымызда 2 балалар ойын алаңы салынды. Бірнеше әкімнің тұсында халықтың талап-тілегіне арқау болған жол бойындағы апатты жағдайдағы көпір қайта салынды. Мұнан аудан басшысының сөзден істің адамы екенін аңғару оңай.
Тағы бір жақсы іс, жергілікті жерлерде картоп, бақша дақылдарын орналастыруға шаруашылықтардың демеушілігімен жаңадан 500 гектар жер дайындалып, ауыл тұрғындарына теңдей бөлініп беріліпті. Бұл дегеніміз ауыл тұрғындары үшін таптырмайтын мүмкіндік емес пе?!
Міне, ауданымызда тұрақтылық пен бірліктің, білікті, іскер басшының арқасында осындай қыруар шаруа атқарылуда. Алдағы уақытта да ынтымақ-бірлікпен тірлік ететін болсақ, Жалағаш халқы сенім білдіріп, үміт артқан Асқарбек Темірбекұлымен бірге талай биік межелерге қол жеткізіп, халықтың тұрмысы одан әрі жақсаратынына сенім мол.
Мұқан МҰРАТБАЙ,
Аламесек ауылдық округінің ардагері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!